Көпбалалы ананың өлімін жасыруға тырысқан бас дәрігер жазалана ма?
Көпбалалы ананың өлімін жасыруға тырысқан бас дәрігер жазалана ма?
©time.kz
220
оқылды

Оқиға Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында болған. Әйгерім Қазезова есімді көпбалалы ана 5 тамыз күні бесінші баласын босанып, қызды болады. Ал екі жұмадан кейін яғни, 22 тамыз күні Әйгерімнің көз жұмғаны жайында хабарланған. Алайда құжатта оның өмірден өткен күні деп 22 қыркүйек көрсетілген. Қазір бес баланы енесі қарап отыр. Ал үйдің отағасы отбасын асырау үшін күні-түні жұмыста жүр.

[caption id="attachment_186723" align="alignnone" width="1200"]ана ©time.kz[/caption] Оның айтуынша, келіншегі Тайынша аудандық ауруханада сақтануда жатқан. «Ол кезде құрсақтағы нәрестенің 35-ші апталығы еді. Содан аяқасты дәрігерлер келіншегімді үйге жіберді. Ол қалай үйге келді, ертеңінде жөтеле бастады. Бірден ауруханаға алып бардым. Ал кешкісін Әйгерімді Петропавлдағы көпбейінді облыстық ауруханаға ауыстырған. Сөйтсе, одан коронавирус бары анықталған», – дейді жұбайы Сағадат Қазезов. Ол жақта Әйгерімге кесір тілігі жасалып, нәресте аман-есен дүниеге келген. Оны перинаталдық орталықтың жаңа туған сәбилерге арналған бөлімшесіне жатқызады. Ал анасы облыстық аурханада қалдырылған. – Сол күннен келіншегімді көрмедім, сөйлесе де алмадым. Дәрігерлер оның кесір тілігінен кейін есін жиып, қызын сұрағанын айтты. Кейін жағдайы нашарлап, пневмонияға ұласып, жасанды тыныс алу құрылғысына қосқан. Сөйтіп күнбе-күн соған арнайы дайындалған тамағын тасып жүрдім. Дәл сол күні, 22 тамызда қалада болдым. Түскі сағат 12-лерде әйелімнің қал-жағдайын біліп, ауруханаға хабарластым. Сол кезде «ешқандай өзгеріс жоқ, бір қалыпты» деді. Содан үйге қайттым. Ауылға жеткенім сол еді, аудандық ауруханадан «әйеліңіз мәйітханада, мәйітін алып кетіңіз» деп хабарласты. Есеңгіреп қалдым. Барғанымда, пленкаға қымтап оралған мәйітті ұстатты. Ашып қарауға да рұқсат бермеді, – дейді көпбалалы әке. [caption id="attachment_186724" align="alignnone" width="1200"]ана ©time.kz[/caption] Сағадат Қазезовтың айтуынша, қала мен ауылдың арасы екі сағаттық жол. Түсте ғана аман-есен болған келіншегі қай уақытта көз жұмғаны белгісіз. Оның үстіне аудандық мәйітханаға қай кезде жеткізілгені де беймәлім. Жаназадан кейін әйелінің құжатын алуға ауруханаға барып, таба алмай кеткен. Сол кезде Бас дәрігер Анатолий Рафальский құжаттарды шатастырып басқа біреуге беріп жібергенін айтып, кешірім сұраған. Марқұмның өлгені жайында қағазды бір айдан кейін берген. Онда 22 қыркүйек деп көрсетілген. Ал марқұм одан бір ай бұрын көз жұмған. Осыдан кейін өңірде науқастың қайтыс болу фактісі бойынша тәуелсіз комиссия құрылып, тексеру жүргізді. Нәтижесінде, барлық фактілер расталды. Кейін көпсалалы облыстық аурухананың бас директоры Юрий Белоног пен Тайынша ауданаралық ауруханасының директоры Анатолий Рафальский қызметінен босатылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов әкімшілік қызметкерлері бұл жағдайды жан-жақты қарап, қателік жібергенін анықтағанын айтты. Олардың мәлімдеуінше, дәрігерлер Денсаулық сақтау министрлігінің тексеруінен құтылу үшін марқұмның уақытынан бұрын өлгенін жасырмақ болған. Жалпы, әйел босанғаннан соң, 42 күннен кейін қайтыс болуы негізі орташа статистикалық жағдай ретінде қаралады. Сондықтан бұл мәселені қарастыру медициналық ұйымның деңгейінде өтеді. Дегенмен қазір Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті адам өлімі фактісін жасырған дәрігерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі «медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауының салдарынан абайсызда адам өліміне әкелу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, онда олар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Олар сондай-ақ үш жыл ішінде белгілі бір лауазымдарды атқара алмайды. Әзірге бұл жағдайға кімнің кінәлі екені белгісіз.