Партияның беделі оның мүшелігіне азаматтардың барлық санатын тарту арқылы қалыптасады. Осы орайда «AMANAT» партиясы да «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы арқылы ерекше қажеттілігі бар адамдардың мәселесін шешеді. Мыңдаған отандасымыздың жігерін жанып, жаңа мүмкіндікке жол ашқан жобаның шарапатын тараздық Әйгерім Дәулетбаева да бір кісідей сезінген. Бүгінде ол «Мүгедек жастары қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы және Тараз қалалық мәслихатының депутаты ретінде өзімен тағдырлас жандарға жан жылуын сыйлап жүр. Қоғамның бір бөлшегі саналатын азаматтардың дәл осы санатының жағдайын жасап, көмек қолын созудың жай-жапсары «Amanat» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында да жан-жақты қарастырылған. Атап айтқанда, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру аясында 22 мың әлеуметтік нысан ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ оларды жұмыспен қамту, психологиялық және құқықтық көмек көрсету мәселелері де кезең-кезеңмен шешіледі. Осылайша, 2025 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кемінде 30 пайызы жұмысқа орналасады. Бұнан бөлек, мүгедектікті тағайындау рәсімі жеңілдеп, тұрғынды үймен, арнаулы техникалық жабдықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен қамту ісі де ілгері баспақ. Өз кезегінде өткен жылғы Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында партиялық тізіммен Тараз қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған Әйгерім Дәулетбаева да осы межелерді еңсеруге елеулі үлес қосып келеді. – 2008 жылдан бастап қазіргі «Amanat» партияның мүшесімін. Негізгі жұмысымнан бөлек, партия тарапынан ұйымдастырылған іс-шараларға жиі қатысып жүрдім. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асыруға да шамам келгенше еңбек сіңірдім. Партиялық қызметтегі белсенділігімді байқап, мені партиялық резервке алды. Ал 2020 жылы партияішілік іріктеуге өз кандидатурамды ұсынып, партиялық тізімге ендім. Кейіннен жастарға, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілген 30 пайыздық квота арқылы Тараз қалалық мәслихатының депутаты болып сайландым, – дейді Әйгерім Мұратбекқызы. Дәл осы белсенді депутаттық қызметінің арқасында Әйгерім өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне жергілікті биліктің назарын аударып жүр. Сондай-ақ өзімен тағдырлас азаматтардың әлеуметтік мәселелерімен етене таныс болғандықтан, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын өз деңгейінде жүзеге асыруға баса мән береді. – Партияның жергілікті филиалы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ұйымдастыратын рейд шараларына жиі шығамыз. Өкініштісі сол, біздің жұмысымыз мониторинг деңгейінен әрі аса алмай жатады. Әсіресе, кәсіпкерлік нысандар ерекше қажеттілік бар азаматтарға қолжетімділік бойынша жасаған ескертуімізге атүсті қарайтыны жаныма батады, – дейді Ә.Дәулетбаева. Расында, Әйгерім Мұратбекқызына өзі сияқты ерекше қажеттілігі бар жандардың мәселесін бес саусағындай біледі. Сондықтан депутаттық мандаттың арқасында осы мәселелердің түйін тартуды мақсат еткен. Қолынан келгенінше ерекше қажеттілігі бар жандардың отбасы жағдайына қарайласып, қажет жабдықтармен қамтамасыз етуді ұмыт қалдырмайды. Өз есебінен 2 адамға мүгедектер арбасын тарту етіпті. Қазір өзі жетекшілік ететін «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінде 80-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жанға әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетеді. – Менің өзім дүние есігін нышаналы бала болып аштым. Дәрігерлер қол мен аяқ саусақтарының болмауы деген диагноз қойған. Тіпті, перзентханада анамды дәрігерлер «Ары кетсе 1-2 ғана күн өмір сүреді. Тастап кетіңіз. Басқа балаларыңыз бар екен. Қиналып қаласыз» деп үгіттеген екен. Бірақ әкем мен анам мені осы күйімде қабылдады. Олардың мені емдету үшін баспаған тауы, бармаған жері қалмады. Ақыры аяғында алматылық профессор жүріп кету мүмкін дегенді айтты. Шынында, 5 жасымда аяққа тік тұрып, алғашқы қадам жасадым, – дейді кейіпкеріміз. Бала – бауыр етің. Кейіпкеріміз де ата-анасының өзін қатарға қосу үшін барын салғанын айтады. Тіпті, отағасы ауыр жарақат алып, тұрмыстың азабы жалғыз өзінің мойнына түскен анасының тағдырға мойымай, қызын аяққа тұрғызуға тырысқанын көзсіз ерлікке бағалауға болады. – Сол жылдары анам 2-3 жерде тәулік бойы жұмыс істеп жүріп, 5 баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Өзім 6-сыныпқа дейін үйде оқыдым. Анам амалын тауып, 7-сыныпта мектепке ертіп апарды. Сабақтан бос уақытта каратэмен айналысып, өзімді-өзім дамытуға ден қойдым. Мектепті бітірген соң анам тағы да ізденіп жүріп, «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігін тапты. Бірлестікке мүше болып, шаруаларына көмектесіп жүрдім. Осында жүріп Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина, тігінші Анар Бексұлтанова сияқты азаматшалармен таныстым, –дейді өткен күнді еске алған кейіпкеріміз. Өз ортасын тауып, тағдырластарыммен қатар жүріп, қатар тұру кейіпкерімізді қанаттандыра түскен. Өмірге деген шексіз құштарлықтың арқасында қоғамдық бірлестіктің жұмысына бар ынта-жігерін салып араласады. Осында жүріп қоғамдық бірлестік жанынан республикадағы алғашқылардың бірі болып ашылған «Amanat» партиясының бастауыш партия ұйымымен байланыс орнату да болашағын айқындап бергендей. Қазір Әйгерім Дәулетбаева жетекшілік ететін «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінде 80-ге жуық ерекше қажеттілігі бар жан өмірге бейімделіп жатыр. Қоғамдық бірлестік құрылған ширек ғасыр ішінде 200-ден астам жобаны жүзеге асырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға әртүрлі көмек түрлерін ұсынған. Осынау шаруаның бел ортасында жүрген Әйгерім Мұратбекқызы қаладағы ерекше қажеттілігі бар жандардың қай-қайсысының болмасын мәселесіне құлақ асуға әзір. Оларға қолдан келген көмек қолын да созып жүр. Кейіпкеріміз бұл қайырымды істен «Amanat» партиясының жергілікті филиалы да шет қалмайтынын айтады.