GGG/Канело: трилогияда төрт титул сарапқа салынады
GGG/Канело: трилогияда төрт титул сарапқа салынады
202
оқылды
Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) мен Сауль «Канело» Альварес (57-1-2, 39 KO) биыл екінші орта салмақ дәрежесінде төрт титул үшін жұдырықтасуы мүмкін. Қос боксшы арасындағы трилогия, яғни үшінші кездесу 17 қыркүйекке жоспарланды. Бірақ оған дейін Головкин мен Альварес көктемде өткізетін бір-бір кездесуі бар. Головкин 9 сәуірде Риота Муратамен, Альварес 7 мамырда Дмитрий Биволмен шаршы алаңда жолығады. Егер сол айқаста мексикалық пен қазақстандық спортшының асығы алшысынан түссе, күздегі айқасқа қызу дайындық басталады. Бұған дейінгі қос мықты арасындағы екі кездесудің алғашқысында тең нәтиже тіркелсе, екінші жекпе-жек жерлесіміз үшін жеңіліспен аяқталған. Ендігі ретте боксқұмар қауымның қызығушылығын тудырған мәселе – трилогияда кімнің жеңіске жететіні. 40 жасында қамал алғысы келетін GGG есе қайтара ма, жоқ, әлде Сауль тағы да мықтылығын дәлелдей ме деген сауал көптің көкейінде жүр. Әрі ақылы трансляцияның (ppv) королі саналатын Сауль Альварес үшін Головкинмен өтетін шайқас экономикалық жағынан өте тиімді. Себебі бұл жанкүйерлер тағатсыздана күтіп жүрген маңызды жекпе-жек. Сондықтан мұндай шайқастар әрқашан жоғары сұранысқа ие. Екі боксшы алғашқы кездесуде 60 миллион доллар табыс тапты. Альварес 35 миллион долларды қалтасына басса, Геннадий 25 миллион доллар тұратын чекті иеленді. Ал Лас-Вегаста (АҚШ) өткен рематчта боксшылар 5 миллион доллардан пайда көрді. Бұған қоса, телетрансляциядан түскен қаржы да бар. Оның 55 пайызын Альварес, 45 пайызын Головкин алды. WBC есебі бойынша, телетрансляциядан Головкин шамамен 20 миллион, Альварес 30 миллион доллар пайда тапқан. Бокс сарапшыларының пайымдауынша, кәсіпқой бокс тарихындағы ең атақты трилогия Мұхаммед Әли мен Джо Фрейзер арасындағы кездесу болған. Әрине, ол жылдары WBC, WBA, IBF, WBO, IBO секілді түрлі тұжырым болған емес. Чемпион да, чемпиондық белбеу де жалғыз еді. Бұл жолғы трилогияның да бокс тарихында алар орны ерекше болмақ. Жуырда Сауль Альварес пен Геннадий Головкин үшінші айқастың келісімшартына қол қойды. Жекпе-жек супер орта салмақ лимитінде өтетін болды. Бұл кездесуде Альварестің төрт белбеуі сарапқа салынады. Сонымен қатар екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы «Канело» америкалық журналистермен сұхбат барысында GGG-мен өтетін алдағы үшінші жекпе-жегіне қатысты сұрақтарға да жауап беріп үлгерді. – Біз ортақ келісімге келдік. Олар Головкинмен жекпе-жек өткізгенімді қалайды. Мен де оған қарсы емеспін. Өйткені бұл жекпе-жекті кез келген бокссүйер қауым көргісі келеді. Трилогияның немен аяқталары да көпшілік үшін қызық. Үшінші айқас өтпес бұрын мен алдымен 7 мамырда жеңіске жетуім керек. Бар назарым Биволмен өтетін жекпе-жекте. Бұл – оңай айқас емес. Осы жекпе-жектен кейін Головкинмен трилогия туралы нақты сөйлесейік, – деді мексикалық боксшы. YouТube желісіндегі «Боксёрская правда Pro» арнасының жүргізушісі Владимир Иванов екі боксшының мықты және осал тұстарын саралаған. Онда Генаның қарсыласқа қарағанда жеңіске жетуге мүмкіншілігі жоғары екені баяндалған. – GGG сәуір айында 40-қа толады. Бұл салмақ дәрежесінде осынша жасқа келіп, чем­пиондық айқас өткізу оңай шаруа емес. Егер кездесу тең дәрежеде өтер болса, төре­ші­лердің басым бөлігі жеңісті сөзсіз Альвареске береді. Оны алдағы айқаста да аңғардық. Сондықтан бұл кездесуде Гена айқын басымдықпен жеңуді көздейді. Негізі, Головкин екінші нөмірмен жақсы жұдырықтасады. Ол – контрпанчер. Комбинациялы шабуылдарға сәтті шығып отырады. Қажет кезде прессингті де жиі жасап, қарсыласын қателесуге итермелейді. Ал Канело сериялы соққыны сирек жасайды. Көбіне дәл соққы жасауға дағдыланған. Әрі бір-екі соққы жасаған соң, үзіліс жасайтыны бар. Трилогияда мен басымдық Головкин жағында болады деп ойлаймын, – деп атап өтті бокс сарапшысы. Ал қазақстандық бокс жаттықтырушысы Ғани Әшкеев бұл кездесуде қазақстандық боксшымыздың тілеуін тілейтінін айтады. – Гена – еліміздегі ең үздік боксшы. Әлемдік бокста да өзіндік орны бар. Алайда Альварес   осал қарсылас емес. Мексикалық боксшының мықтылығы біріншіден, ол қарсыласына қарағанда әлдеқайда жас. Әр жекпе-жегінде барлық қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетіп жүргенін де білеміз. Қазір ең үздік боксшылардың қатарында жүрген спортшы. Сондықтан Генаға есе қайтару оңайға түспейді. Егер жеңіске жетер болса спорттық мансабын аяқтауы да мүмкін. Бәрі енді боксшының денсаулығына байланысты. Жасы да біразға келіп қалды. 40 жасында Канелоны сүріндірсе деп тілейміз. Өйткені ол айқас Головкиннің соңғы кездесулерінің бірі дей берсек те болады, – дейді бокс жаттықтырушы. Халықаралық дәрежедегі бокс төрешісі Мақсат Асанов, керісінше Головкиннің әлі де екі-үш жыл кәсіпқой рингте өнер көрсететініне сенеді. – Екеуі Алла жазса қыркүйекте жолығады. Гена да, Канело да мұның алдындағы қарсыласын жеңуі тиіс. Отандасымыз кейін­гі кездесуінде жақсы жұдырықтасты. Шереметаны айқын басымдықпен жеңді. Жаттықтырушысын ауыстырған соң отандасымыз стилін де өзгертті.  Бұрын қорғанысы әлсіз болатын, қазір қорғанысы мығым, шабуылы ширай түскен. Канелодан кейін де жұдырықтасуын жалғастыратын шығар деп ойлаймын. Кәсіпқой бокста 50 жасына дейін жұдырықтасқан боксшылар көп қой. Әсіресе, 52 жасына дейін шаршы алаңның шаңын шығарған, орта және жартылай ауыр салмақ дәрежелеріндегі WBC, WBA, IBF, WBO, IBO және The Ring чемпионы болған Бернард Хопкинсті атап өтуге болады. Генаға да сол боксшылардың жолын берсін. Нақты қандай шешім қабылдайтынын уақыт көрсетер. Головкин алдымен Риотаны жеңіп алсын. Егер рингте белсенді болса, ауыр соққыларын діттеген жерінде бағыттай алса, сауатты қорғана білсе, яғни Шерематамен өткен айқасындағыдай формада болса Головкин жеңіске жете алады, – дейді төреші. Сөз соңында айта кетейік, Канело мен Гена әлі күнге дейін кәсіпқой бокста нокаутқа не нокдаунға түсіп көрген емес. Үшінші жекпе-жекте де қос мықты аса сақтықпен жұдырықтасары анық. Бірақ трилогияның тартысқа, қызыққа толы өтеріне ешкім күмән келтірмейді. Күзде «жыл жекпе-жегіне» баланған бокс кешіне келетін жанкүйерлер қарасы да көп болатын сыңайлы. Өйткені мұндай айқас күнде өте бермейді.