Құлдыраған теңге – шарықтаған баға
Құлдыраған теңге – шарықтаған баға
© коллаж: Елдар Қаба
Қазақстан экономикасы табиғи шикізат экспортынан түсетін кіріске тәуелді десек, әлемдік нарықта мұнай бағасы өссе де, теңгені құлдыраудан құтқара алмай жатырмыз. Салдарынан жылдар бойы теперіш көріп келе жатқан теңге тағы да тұрғын үй мен көлік бағасын теңселтті. Енді баспана мен көлік құны қалай өзгерді?

СҰРАНЫС АЗАЙСА, БАҒА АРЗАНДАЙ МА?

Ресей мен Украина арасындағы соғыс, АҚШ тара­пынан Ресейдің қаржы жүйесіне са­лынған санкциялар, SWIFT жү­йе­сінен ажырату жайының сөз бо­луы, өзге де Еуропа елдерінің Ре­сей­ге деген салқын көзқарасынан рубль­мен бірге теңге де күрт құн­сызданды. Дүйсенбіде Ұлттық банк пен еліміз­дің қор биржасы бірлесіп, «франк­фурттық шешім қабыл­дай­мыз» деп биржаның саудасын түс ауғанша тоқтатып та тастады. Нәтижесінде, кешкі саудада KASE-де бір доллар 495 теңге болып белгіленді. 4 наурыздағы деректерге сү­йенсек, бір тәулік ішінде АҚШ ва­лю­тасы 3,59 теңгеге өскен. Дол­лардың орташа бағамы 497,02 тең­гені құрады. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтанда бір доллар 494-497 теңге аралығында сатылып жатыр, ал сатып алу – 498-505 теңге аралы­ғын­да. Алматыда сатып алу 500,5-505 теңге аралығында болса, сату – 494,5-500 теңге аралығында. Шым­кентте де шамамен осындай бағам. Еліміздің үшінші мегаполисіндегі ақша айырбастау орындарында дол­лардың  құны 500, 515 теңгеге жетті. Ресей рублі қатты құнсыз­да­н­са, соңынан теңгені ерте кететі­ніне біз­дің көзіміз әлдеқашан жеткен. Енді бұл баспана бағасына қалай әсер етеді? Жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсіреповтің айтуынша, элит және бизнес санатындағы бас­паналардың бағасы өседі. Өйткені оның құрылысына негізінен им­порттық құрылыс материалдары қолданылады. Керісінше, комфорт және эконом класындағы үйлердің құны біртіндеп арзандауы мүмкін. «Оның өзінде бағасы былтыр сұраныстың артуынан 15-20 па­йызға қолдан көтерілген. Сондық­тан сұраныстың азаюы бағаны тү­сіруі мүмкін. Екіншіден, зейнетақы қорындағы қаржының жеткілікті шегі көтерілгендіктен, пәтердің шар­шы метр бағасы арзандауы тиіс», – дейді Е.Мүсірепов. Ол алдағы күннің еншісінде. Дегенмен қит етсе, қымбаттайтын пәтер бағасы бұл жолы қалай өз­герді? Осы тұста баспана бағасы бүгінде қалай өзгергенін білу үшін риэлторларға да хабарластық. Риэлтор Жақсылық Мұхамет­жа­новтың сөзінше, елордададағы баспана бағасы тұрақты екен. «Қазір пәтер бағасы онсыз да қымбат. Сұраныс жоқ. Сондықтан астанада доллар өссе де, қымбаттай қоймады. Халыққа қолжетімсіз. Себебі 20 пайызбен ипотекаға ала­сыз. Мәселен, 10 миллионға үйді рәсімдесеңіз, оны 30 миллион етіп қайтарасыз. Бұл кімге керек? Сон­дықтан сұраныс болмай тұр, баға өсе қоймады. Елорданың Есіл ауда­нында 1 бөлмелі пәтерлер бағасы 17-25 миллион теңге аралығында. Ал Алматы ауданында одан төме­нірек, 12-18 миллион. Бірақ халық баспанаға аса мұқтаж», – дейді Ж.Мұхаметжанов. Алайда Алматыда айтарлықтай өзгеріс бар. Қаңтар айында қаланың Алатау ауданында 1 бөлмелі пә­тер­лер 19-20 миллион шамасында бол­са, қазір үстіне 2-3 миллион қосылған. «Доллардың бағамы шетелден импортталатын құрылыс материал­дарының бағасын қымбаттатады. Сондықтан қазір біздің ішкі нарық тыныш, бәрі бағамның тұрақтал­ғанын күтеді. Былтыр елдегі бас­па­на бағасы 17 пайызға қымбаттады. Биыл да қымбаттайды. Мәселен, қаңтар айында 19 миллион теңгеге сатылымға қойылған 39 шаршы метрлік пәтер қазір 23 миллион деп тұр. Доллар құбылмай тұрғанда 20 миллион теңге болса, екі аптаның ішінде 25 миллион деп отыр. Қазір бірақ сатылып жатқан жоқ. Себебі бәрі тұрақталғанын күтіп отыр» дейді алматылық риэлтор Сәбит Пампиев. Себебі белгілі. Құрылыс мате­риалдарының басым бөлігі шетел­ден келеді. Отандық құрылыс ком­паниялары шетелдіктермен дол­лармен есептеседі. Доллардың ба­ға­сы құбылған сайын шығын кө­лемі артады. Кейін құрылыс компа­ниялары шыққан шығынды тұт­ы­ну­шының есебінен өтейді. Сол үшін жыл сайын тұрғын үй бағасын 10-15%-ға өсіреді. Құрылыс мате­риалдары сырттан әкелінген сайын жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай жақсармайтын сияқты. Мұны Құрылысшылар қауымдас­тығының өкілдері де мойындап отыр. Елде тек бетон, кірпіш, газо­блок сияқты құрылыс материалдары шығады. Ал жоғары технологиялық материалдар жоқтың қасы. Украи­надағы ахуалдың салдарынан құрылыс материалдары тіптен қол­жетімсіз болуы әбден мүмкін. Себебі қазіргі курспен сауда жүргізу тиімсіз екені анық. «Біздегі құрылыс нарығы им­порт­қа тәуелді. Материалдардың басым бөлігі Ресей, Түркия, Қытай және Еуропа елдерінен әкелінеді. Егер қазір валюта бағамы тұрақ­тал­маса, бұл тауарлардың бағасы күрт өседі. Салдарынан жеке ком­па­ниялар пәтер құнын қымбат­та­туға мәжбүр болады. Кейбіреулері құ­рылысты мүлдем тоқтатып қойса да, таңғалмаймыз. Бірақ Ұлттық банк тиісті шаралар қабылдап, тең­геміз бұрынғы көрсеткішке дейін түседі деген үміттеміз», – дейді Қа­зақстан құрылысшылары қауым­дас­тығы­ның президенті Виктор Мирюков. Қазір баспана нарығына қаты­са­тындар әліптің артын бағып отыр. Құрылыс нарығын зерттеуші ма­мандардың пікірінше, тығы­рық­тан шығу үшін елде жоғары техно­логиялар қолданылған құрылыс материалдарын көптеп шығармаса, баспана бағасының арзандауы екіталай.

КӨЛІК ҚҰНЫ ШЕ?

Екінші, автокөлік бағасы онсыз да оңбай тұр еді, қазіргі күйі тіпті көңіл көншітпейді. Себебі көліктің нарықтық бағасына 6 күнде 600 мың теңге қосылды. 2 жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда, автоса­лондардағы жаңа көліктер 5-6 мил­лион теңгеге қымбаттаса, ескі көліктер құны 2 есе өскен. Жүрілген машиналардың да құны 400-500 мың теңгеге шарықтады. Егер өткенге көз салып, кейбір модельдердің бағасындағы өзгерісті бағамдасақ, доллар өсіп, теңге құлдыраған сайын бағаның қым­баттағанын байқауға болады. Бірақ көліктің доллармен есептегендегі құны аса қатты өзгерген жоқ, алай­да теңгемен есептегендегі құны ақылға қонымсыз. Бұл нені білді­реді? Қазақстандықтарға су жаңа автокөліктердің қол жеткізбей жат­қаны теңгенің әлсіздігінен екенін көрсетеді. Мәселен, 2012 жылы Lada Grantа құны 1 186 000 млн тең­ге немесе 8000 доллар еді. 2019 жы­лы модель жаңарып, елімізде 3 095 000 теңгеден саудаланды, ал доллармен есептегендегі бағасы небәрі 160-қа өскен. Биылғы қаң­тарда «Грантаның» ең арзаны 3 665 000 теңгеге сатылды, яғни 8 405 доллар. Нәтижесінде, 10 жыл­да машина америкалық валютамен 5,1 пайызға өссе, теңгемен 209 пайызға қымбаттаған. Егер доллар бағамы 500 теңге деңгейінде деп есептесек, онда «Грантаның» ба­ғасы 4,2 млн теңгеден басталады. Бізге автокөліктер сырттан – Ресей, Жапония елдерінен келеді. Ал бұл мемлекеттерде жыл басында көлік бағасы көтерілді. Оған қоса, АҚШ валютасының курсы қазір тұрақсыз болып тұр. Біз көлікті долларға сатып алатындықтан, Қазақстанда да баға өсіп жатыр. Көлік құнының қымбаттауынан сатып алушылардың да қатары сирей бастаған. «Ішкі нарықтағы көлік бағасы­ның қымбаттауының бірінші себебі шетелден келетін қосалқы бөлшек­тердің қымбаттауы болса, екінші­ден, жаңа көліктердің бағасының өсуі салдарынан екінші нарықта да баға артып жатыр. Мысалы, 12-13 миллион теңге тұратын машина­лардың бағасы қазір 15 миллион теңгеге жетті», – дейді автосарапшы Хур­шид Раимов. «Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаевтың айтуынша, елдегі көлік құны доллар бағамына байланысты. Халықаралық жағдай­ларға байланысты автокөліктер АҚШ валютасы өскен сайын қым­баттауы мүмкін. «Бізде отандық көліктерге ар­нап бірнеше ай бұрын ескі бағамен сатып алынған жинақтаушы бар. Енді теңгенің курсына байланысты Қазақстанда құрастырылған кө­ліктердің де бағасы өседі деп күтіліп отыр», – деді ол. Утильалым түседі деп қуанға­нымыз сол еді, шарықтаған баға қусаң да, жеткізбей барады. Себебі автокөлік бөлшектерінің басым бөлігі шетелден әкелінеді. Оның үстіне, қосалқы бөлшек пен май, сүз­гі, салқындатқыш сұйықтық се­кілді дүниелердің бағасы да шарық­тайды. Бас ауыртар мәселе – кө­ліктің қымбаттауы ғана емес, елдегі автосалондар Ресейдегі дистрибью­торлар арқылы келетін біраз мо­дельден қағылып жатыр. Қазір ірі шетелдік автоконцерндер Ресеймен келісімді бұзды. Атап айтқанда, BMW, Ford, Jaguar, Land Rover, Ge­neral Motors, Volkswagen, Skoda, Porshe, Mazda, Honda көрші мем­ле­кетке көлік жеткізуді тоқтатты. Hyndai мен Renault шығартын ре­сейлік кәсіпорындар да тұралап қал­ды. Рейтер агенттігінің хабар­ла­уын­ша, неміс концерні Daimler Trucks әйгілі КамАЗ зауытымен әріп­­тестіктен бас тартты. Ең со­ра­қысы, бұл тізім күн сайын толы­ғып жатыр. Әлемдегі саяси жағдайдың жыл­жымайтын мүлік нарығына қа­тысты әсері туралы Ұлттық эко­номика министрі Әлібек Қуантыров та мойындаған. «Геосаяси жағдай жылжы­май­тын мүлік нарығына әсер етуі мүм­кін. Теңге әлсіреген кезде кейбір құ­рылыс материалдарының баға­сы­на қысым күшейеді. Бірақ бүгін­де біз құрылыс материалда­рының көбін өзімізде шығарамыз. Кейбір материалдар бойынша жергілікті үлесті 80-100 пайызға дейін жет­кіздік. Бұрын Қазақстанда шы­ға­рыл­маған керамика, шыны сияқты материалдардың импортын толық­тай отандық өнімге алмас­тырдық, – деген Ә.Қуантыров үрей­ленген халыққа үміт сыйлағандай болды. Сарапшылардың сөзіне сен­сек, баспана бағасына қатысты үміт бар. Себебі құны қымбаттай берсе, қа­ра халықтың қалтасы көтер­мейтіндіктен, сұраныс азайып, баға тұрақталуы мүмкін. Десе де, қалай боларын уақыт көрсете жатар. Ал автокөлік мәселесінде жағдай ауыр. Себебі автокөлік өндірісінде Қазақ­станның үлесі шамалы болған­дықтан, бағаның қымбаттауы бел­гілі еді. Енді Үкіметтегілер үміт сый­лағанмен, рубльге байланған теңге құлдырап, «көлік аламын» деп жүргендердің қалауын көзден бұлбұл ұшырды. Міне, содан мұ­найлы елдегілердің мұңы баспана мен көлік болып қала бермек.