Жасанды жаңбыр жаудыра алмадық

Жасанды жаңбыр жаудыра алмадық

Былтыр Маңғыстауда жұтқа құрғақ­шы­лықтың себеп болғанын білеміз. Бұл өңірге жаң­быр жауып, қыста қар түс­пей­ді. Болса да, сирек. Жерге көк шық­­паған соң аштықтан мал қырыл­май қайтсін? Кейін ел-жұрт бо­лып құрғақшылықпен күрес­пекке ниеттендік. Өзге елдер­де­гідей жасанды жаңбыр жаудыру­дың жолын ойлағандар болды. Бірақ неге жоспар жүзеге аспады? 

Қолбайлау болған қаржы ғана ма?

Мыңдап мал өлгеннен кейін Маңғыстаудың жергілікті билігі өңірдегі құрғақшылықты жасанды жаңбыр арқылы ауыздықтайтынын айтқан болатын. Көп ұзаған жоқ, былтыр қазан­ның басында Құрық, Жетібай, Шетпе сияқты ауылдарға жаңбыр жаудыратын құрылғы орна­тыл­ғанын естідік. Бұл істі Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясы атқаруға кіріскен еді. Бірақ жақында жаңбыр жау­дыратын құрылғыларды мамандар алып тастағаны мәлім болды. Алғашында жобаны қолға алғандардың ынтасына қарап, ел сүйсінгені рас. Central Asian Center of Climate Change Technologies компа­ниясының бас штабы БАӘ мен Швейцарияда орналасқанын біліп, тәжірибесі барына көпшілік сенді. Ал Орталық Азиядағы филиалы Қазақ­станда былтыр жұмысын бастаған. Ақыры ком­пания өкілдері келіп, өңірге 5 құрылғы орнатты. Оның қалай жұмыс істейтінін айтып жатпаймыз, әйтеуір осы 5 кешеннің көмегімен ылғал деңге­йін кем дегенде 30 пайызға арттыру көзделді. Құрғақ­шылықты жеңу туралы келісім жасалды. Басында «1 аптаның ішінде тұрақты жаңбыр жауады» деген ақпаратты оқып, таңдай қақтық. Барлық кешен 100 мың шаршы шақырым ау­маққа жаңбыр жаудыруға тиіс еді. Бірақ ондай болмағанын бі­леміз. Жергілікті халық куә. Иә, кейде аспан сәл бұлттанып, жел тұрғандай болды. Алайда анау айтқандай, жауын жаумады. Кейін осы жо­баның жетекшісі Алтай Айнабек қолданған тех­ноло­гия­сы нөсер жаңбыр жауғыза алмайты­нын, тек ыл­ғалды көбейтетінін, ылғал көбейсе, шөп шы­ғып, мәселе шешілетінін айтты. Енді жо­баның хәлі қандай екенін байқап отыр­мыз. Сосын анық-қанығын білу үшін техно­ло­гияны Қа­зақ­станға алып келген Central Asian Center of Climate Change Technologies компа­ниясының бас директоры Алтай Айнабекке тікелей хабарласқан едік. – Жобаны тоқтатқанымыз рас. Бір жағынан жергілікті халық қарсы болды. Олардың айтуын­ша, қыс кезінде жаңбыр жаудырсақ, онсыз да ашығып жүрген мал суықтап, қырылып қалады екен. Дегенмен жобаны көктемде қайта бастауды жоспарлап жүрміз. Алайда қаржы мәселесі ше­шілген жоқ, – деп қысқа қайырды ол. Қаражат мәселесі тығырыққа тіреп тұрғаны белгілі. Негізі, әуелде «Грант Қазақстан» кор­по­­ратив қорының тапсырысымен Central Asian Center of Climate Change Technologies серік­тестігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі ара­сында үшжақты келісім жасалған. Бұл келісімнің жа­салуына Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев бастама көтеріп, әсер етке­нін білеміз. Енді жоба тұра­лап қалғаннан кейін Еділ Жаңбыршинге ха­барласып, себебіне сұрау салған едік. Ол да құ­рылғы жұмысы қаржы жоқ­тығынан жалғас­пағанын баяндады. – Компания инвестиция салып, 5 генератор­ды алып келді. Былтыр пилоттық жоба ретінде жұмыстарын бастаған. Нәтиже болды. Бірақ ком­пания өкілдері уақыт тапшылығына байла­нысты қуаты төмен генераторды алып келген. Соның күші жетпей қалды. Әрі қарай жұмыс істеу үшін қаржы мәселесін шешу керек. Бәрі де қаржыға байланысты, – дейді Мәжіліс депутаты. Біз Жаңбыршиннің бір сөзіне ерекше тоқталғымыз келеді. Айтуынша, компания қуаты аз генераторларды алып келген. Бұл жобаның аса бір нәтиже көрсетпегенін нұсқайтындай. Ал кәсіпкерлер тапқан табысын жасанды жаңбырға құрта бергісі келмейтіні анық. Қиыны сол, қаржы мәселесі таяуда шешіле қоймайды екен. «Егер қаржы мәселесі шешілсе, компания жұмыс істеуге дайын. Алайда бұл мәселе бірден шешіледі деп айта алмаймын», – деді депутат. Clear Sky Manager климат технологиясы бес стационар қондырғыдан тұратынын айттық. Бесеуі 5 млн еуроға (2,4 млрд теңге) бағаланған. Оның 3,8 млн еуросын Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясы, 1,2 млн еуросын «Грант Қазақстан» корпоратив қоры қаржыландырды. Маңғыстау облысының әкімдігі тек бақылаушы орган ретінде отырды. Өңір бюджетінен қаржы бөлінбеген. Құптарлық іс, себебі әлі нәтижесіне толық көз жетпеген жобаға жыл сайын 2,4 млрд теңге жұмсап отыру расымен ақылға қонбайтындай. Сонша шығынданғанда, жаңбыр жауа қойса игі. Жоба жетекшісі Алтай Айнабек былтыр жұмысты бастар алдында мәселе әкімдікпен арадағы келісім арқылы шешілмейтінін айтқан. Демек, шешім мемлекет билігі тарапынан болуы қажет. Себебі ауқымды мәселені тек бір өңірмен ғана емес, жалпы мемлекетпен ынтымақтасып, олардың қадағалауымен, қолдауымен іске асыр­ған жөн екен. Шамасы, мемлекет қараспайынша, бұл жоба аяқсыз қалатын сияқты. Бірақ «жо­баның тиімділігі қашан дәлелденеді?» деген сауал әзірге жауапсыз қалады.

Жоқ жерден жаңбыр жаудыру мүмкін емес

Жаңбырға қатысты технологиялар өткен ғасырдың 40-жылдарынан бері қолданылады. Қазір әлемде жауын-шашын мөлшерін көбейту технологиясы көп. Бірақ бұл технологиялар барлық мәселені шешеді деп сенуге болмайды екен. Себебі табиғи жауын-шашындар өте аз жауатын немесе мүлде жаумайтын аймақтарда жасанды жаңбыр жаудыру мүмкін емес. Бұны бізге «Қазгидромет» РМК-нің ғалым-маманы Нұрлан Абаев айтты. – Бұлт шақыру арқылы жауын-шашын мөл­шерін көбейтуге болады. Бірақ ол қалай жүзеге асады? Бұлтты, дымқыл ауа массасын жоқ жерден алмайды. Мысалы, Маңғыстауға жаңбыр жаудыру керек болса сол аймақтан жаңбыр бұлттары өтетін жерді тапқан абзал. Солар арқылы ғана жаңбырды арттыра аласыз. Бұлттарға дұрыс әсер еткен күннің өзінде жауын-шашын мөлшерін әрі кетсе 10-15 пайызға көбейтуге болады, – деді ғалым. Абаев қазір әлемде жаңбыр бұлттарын қолдан жасайтын технология жоқ екенін айтып отыр. Көпшілік БАӘ мен Сауд Арабиясында жасанды жаңбыр көп жауып, су тасқыны болғанын айтып жатады. Ал ғалым «егер шөл далада жаңбыр жауса, онда осындай табиғи жағдай бұрыннан қалыптасқан. Таяу Шығыстағы нөсер сияқты сирек құбылыстар бұрын да болған. Болашақта қандай да бір эксперименттік жұмыстар жүргізбесе де, белгілі бір синоптикалық жағдай байқала береді», – дейді. – Табиғи процестерді қолдан жасап, қолдан тоқтату мүмкін емес. Яғни, адам өте әлсіз. Біз та­биғатпен бәсекелесе алмаймыз. Сәтті нәти­же­лердің өзі күмәнді болуы мүмкін. Кез келген эксперименттен күтетін пайда, оңтайлы әдістер, ықтимал салдары туралы сарапшылардың қорытындысы болуы тиіс, – деді Нұрлан Абаев.

ТҮЙІН:

Сонымен, жасанды жаңбыр жаудыру да аса сенімді технология емесін аңғардық. Ал тоқтап қалған жоба көктемде жалғаса қоймас, күмән басым. Өйткені миллиардтаған қаржыны тікелей мемлекет қарастырмаса, әкімдік немесе кәсіп­керлер құлықты болмайтыны сөзсіз.