Гранттың да сұрауы бар
Гранттың да сұрауы бар
© коллаж: Елдар Қаба
849
оқылды
Төрт жыл тегін оқыдым деп арқаны кеңге салып жүруге болмайды. Өйткені грантты жеңіп алған түлекке қойылар талап бар. Бір сөзбен айтқанда, грантпен оқығандардың барлығы оның қайтарымын кемінде 3 жыл еңбекпен өтеуі тиіс. Ал өтемеген жағдайда жас маман мемлекет бюджетіне оқуға жұмсалған ақшаны қайтарады. Қабылданған жаңа ереже басқа салада жұмыс істеймін деген жастардың еңбек ету құқығын бұзбай ма? Үкімет студент кезінде білім-білігі жеткілікті көрінген грант иегерін оқу бітірген соң мемлекетке масыл етіп қоймайды. Қарызын жұмыспен өтемесе, алда оны қам­сыз болашақ емес, қыруар айыппұл күтіп тұр. Жыл сайын бакалавриат, магистратура мен докторантурада 100 мыңға жуық ізденуші тегін оқып, маман атанады. Алайда кей­бір маңызды салаларда әлі күнге маман тапшы. Өйткені көбі жай ғана грант үшін оқиды, ал бітірген соң оқыған мамандығымен жұмыс істемейді. Міне, сол себепті соңғы жылдары енгізілген өзгеріске сәйкес мемлекеттік тапсырыспен оқыған түлектер грантты 3 жыл жұмыс істеу арқылы өтеуге міндетті болды. Былтырғы деректерге сү­йен­сек, 10 мыңға тарта маман осы талапты орындамаған.

Грантты жұмыспен өтеуге не кедергі?

Негізі, келісімшарт бойынша университет өзінде білім алған тү­лектерге Жұмыспен қамту орта­лығы арқылы вакансиялар ұсынуы тиіс. Алайда диплом қорғағаннан кейін жоғары оқу орындардың көп­шілігі жас маманнан анықтама сұраудан ары аспайды. Сол себепті жастар өз бетінше жұмыс іздейді. Ал мамандығымен жұмысқа орна­ласа қалайын десе, жұмыс беру­шілердің басым бөлігі оқуын жаңа бітірген маманнан еңбек өтілінің болуын талап етеді. Осылайша, жұмысқа тұрудан беті қайтқан біраз жас жалған анықтама жа­сатып не­месе өзін-өзі жұмыспен қамтыдым деп бірыңғай жинақтық төлем тө­лейді. Айта кету керек, педагоги­ка­лық және әскери сала­да оқитын студенттердің оқу орындарындағы білім алған, сол уақыт аралығында өндірістік практикадан өткен жыл­дары ең­бек кітапшасында көр­се­тіледі. Былтырдан бастап дуальді жүйе бойынша білім алатын кол­ледж студенттеріне осындай мүм­кіндік берілді. Ендеше тиімді тә­жі­рибені басқа мамандықтарға енгіз­се, жұмысқа тұрудың жолы жеңіл­дер еді. Мемлекетке 3 миллион теңге қарыз болған Ләззат Мақаш грант­ты жұмыспен өтеудің шарт­тарын жоғары оқу орны дұрыс тү­сін­дірмейтінін айтты. Осы­лайша, диплом алғаннан кейін асық­пай жүргендер сан соғып қа­лады. Егер мемлекеттің ақшасын қайтармаса, Ләззаттың ісі жеке сот орындау­шы­лардың қолына өтіп, шоттары тү­гелімен бұғатталады екен. – ЕҰУ-дың филология маман­дығын 2017 жылы бітірдім. Уни­вер­ситет 3-курста келісімшартқа қол қойғызған. Түсіндіру жұмыстары кезінде көрсетілген 3 жыл мерзімде мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу тек ауыл квотасымен оқыған сту­денттерге деп айтылған. Жарты жыл­дан кейін «Қаржы» орталығы­нан қағаз келді, өйткені ісім сотқа өтіп кетіпті. 3 миллион теңге көле­мінде мемлекетке қарыз болып шық­тым, – дейді жас маман. Демек, бірқатар проблема сол университеттердің өзінде болып тұрған секілді. Өйткені «Қаржы» орталығына жас мамандар «Жұмыс бойынша бөлу жөніндегі комис­сиялардың отырыстарына қатыс­падық, отырыстың өткізілу күні немесе комиссиялар қабылдаған шешім туралы хабардар болмадық, жолдаманы қолға алмадық» деп шағымданатын жағдайлар жиі кез­дескен. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ең алдымен, ректорлар грантта оқы­ған студенттерге тиісті ақпа­ратты жеткілікті таратуы тиіс. Екін­шіден, кейбір студенттер бұрын 3 жыл грантта оқып алып, соңғы курс­та грантын еңбекпен өтемеу үшін әдейі ақылы бөлімге ауысып алатын. Осылайша, міндетінен құ­тылып кететін. Енді бұлай бол­май­ды. Түлек қанша жыл грантта оқы­са, сол көлемге сәйкес жұмыспен өтейді. Үшіншіден, ЖОО жанын­дағы жұмысқа тұрғызу орталық­та­рының жұмысы көңіл көншітпейді. Олар әдетте түлектердің грантын жұмыспен өтейтінін соңғы курста айта бастайды. «Мұндай түсіндірме жұмыстары 1-2-курстардан, тіпті оқуға құжат қабылдайтын кезден бастап жүргізілуі тиіс. Содан соң ЖОО-ға түлектерден жұмыс істей­тіні туралы анықтама алдырту­дың қажеті жоқ. Оны біз өтірік-шыны аралас анықтамалардан емес, тү­лектердің зейнетақы қо­рына ауда­рылатын қаржысынан-ақ біліп оты­рамыз», – дейді ведомство басшысы.

Жекеменшік мекемеге жол ашық

Бұған дейін тек педагогика, ме­дицина, ауылшаруашылық, ветери­нария мамандығымен грант негі­зінде және «ауыл квотасымен» оқы­ғандар кемінде 3 жыл мемле­кеттік мекемеде жұмыс істеуге мін­деттелсе, былтырдан бастап бұл та­лап барлығына бірдей болды. Со­ған сәйкес, бұдан былай мемле­кеттік тапсырыспен оқыған түлек­тер мемлекеттік қана емес, жеке­меншік мекемелерде де жұмыс істеп, грантын өтей алады. Қаржы орталығы директорының орын­ба­сары Алдияр Даутбаевтың айтуын­ша, заңда оқу бітіргеннен кейін студенттерге бизнеспен айналысуға рұқсат берілмеген. Ал жас маман жұ­мыс таба алмаған жағдайда тұр­ғылықты аймағы бойынша жұ­мыспен қамту орталығына есепке тұруы керек. Сонда ғана олар 3 жыл­дық жұмысын өтеушілер қа­тарына кіреді. – Педагогика мен медицина мамандықтарына магистратура­ға түскен жастарға бітіргеннен ­ке­йін білім мен денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істеу мін­деттелген. Ал докторантураға түс­кен азаматтар оқуын аяқта­ған­нан кейін жоғары оқу орнында немесе ғылыми мекемелерде жұмыс істеуі керек. Бюджеттік шығынды әр оқу орнының берген анықта­масына қарай еркін түрде немесе сот шеңберінде өндіреміз. Олардың жұмысқа тұрмағанын зейнетақы қоры арқылы білеміз, – дейді Алдияр Даутбаев. Қазір өз мамандығы бойынша жұмыс істеу талабы тек медицина, ветеринария, педагогика және ауыл шаруашылығы саласындағы ма­мандықтарға қойылады. Ал қалған мамандықтарда грантта оқып, бі­тірген түлектер меншік нысанына қарамастан мамандығына байла­нысты кез келген мекемеде табыл­ған жұмыспен ресми тіркеліп, 3 жыл жұмыс істесе болғаны. Осы уа­қыт ішінде тұрақты жұмыс орнын көрсетсе, грантын жұмыспен өте­ген болып саналады, сәйкесінше мемлекетке ақша қайтаруға мін­детті болмайды.

Адам құқығы қайда қалды?

Қазір ауыл тұрмақ, қаланың өзінен мамандық бойынша жұмыс таба қою қиын. Әсіресе, мұнай-газ саласы, экономикалық бағыт пен құқықтану негіздері маман­дық­тарын оқыған жастарға жұмыс орны аз. Оқу орнын енді ғана тә­мамдаған жас маман амалсыздан өзге салада қызмет етеді немесе жеке кәсіппен айналысады. Ендеше қабылданған ереже еліміздің Конс­титуциясындағы адамның еңбек ету құқығына қайшы келіп тұрған жоқ па? Заңгер Ержан Болатбектің айтуынша, бұл мәселеде ақылға қо­нымсыз дүниелер көп. Жауапты орталық жылдық есепті қағаз жү­зінде әдемі тапсыру үшін емес, жал­пы мәселені кеңінен қарауы керек. Түлектердің мамандығы бо­йынша жұмыс таба алмай жүргені­нен табылған жұмысты істегені эко­номикаға тиімді. Қаржы орта­лы­ғының негізгі позициясы – ақ­шаны қандай жолмен болса да қай­тару. Көп жағдайда орталық жұмыс істемедің деп декреттегі аналарды, қалада уақытша жұмыс істеп жүрген жастарды сотқа береді. – Заңды бұрмалауды тоқтату қажет. Жас маман бірнеше ай жұ­мыссыз ретінде жүре алмайды. Кү­нін көру үшін ақша табуы керек. Бірақ мемлекеттік оператор – «Қар­жы орталығы» АҚ олай ойла­майды. Олардың логикасы бойын­ша егер жұмыс болмаса түлектер 3 жыл жұмыссыз жүріп, тек содан кейін ғана міндеттерін орындап шыққан болады. Бұл енді абсурдты дүние. Адамның базалық құқық­та­рын таптау, – дейді Ержан Болатбек. Ең қызығы, бастапқы кезде соттар да осылай ойлаған. Қаржы орталығының талаптарын заңсыз деп, осыған ұқсас жағдайларда азаматтардың құқықтарын қорға­ған. Ал соңғы екі жылда практика өзгерді. Соттардың пікірі екіге бө­лінді. Көбісі азаматтар грантқа бө­лінген ақшаны қайтаруы керек деген тұжырымға келген. – Мекеменің ойынша, түлек бірден жұмысқа орналасуы тиіс. Ал бірнеше ай жұмыс іздеп жүріп қалса, айыпты атанады. Жалпы, заң қолдануы кезінде адалдық, пара­саттылық пен әдiлеттiлiк талаптары сақталуы керек. Бірақ мәселеге қа­тысты заң нормалары және бар­лық өзгерістер осы қағидаларға қай­­шы өрескел бұрмаланып жа­тыр, – дейді Ержан Болатбек. Шыны керек, жастар грантқа еріккеннен түспейді. Көпшілігі ата-анасының миллиондап ақша төлей алмайтынын біліп, ҰБТ-да үздік нәтиже көрсетуге тырысады. Кейін сол студент стипендияға өмір сү­реді. Енді оқу орнын бітірген жас мамандығы бойынша жұмыс тап­паса не істейді? М.Нәрікбаев атын­дағы KAZGUU университеті басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджанның айтуын­ша, қазір техникалық мамандыққа гранттың саны өсіп жатыр. Бірақ ертең сол мамандарға жұмыс та­была ма? Бұған ешқандай ғылыми анализ жасалмаған. Сәйкесінше жас маманның жұмыссыз қалатыны айдан анық. – Дипломды беріп алғаннан кейін студенттің қалтасынан ақша сұрау дұрыс емес. Өйткені мемлекет ақшаны студентке емес, универ­ситетке берді. Сондықтан жұмыс таба алмағаны үшін жас маман емес, жоғары оқу орны жауап беруі керек. Мұндай жағдайда жоғары оқу орны маманды 6 ай көлемінде қайта даярлауы немесе сол ақшаны мемлекетке өздері қайтаруы керек. Тағы бір мәселе, министрлік дип­ломды беріп, кейін тек ақшаны ғана қайтарып ала ма? Әлде дипломды қайтара ма? – дейді Ерболат Мұха­меджан. Төрт жыл оқытып, маман ре­тін­де дипломын берген соң жас­тардың мүмкіндігін шектеп, жағдайын ес­керместен айыптау – ақылға қо­нымсыз. Жегенін желкесінен шы­ғарумен пара-пар. Егер бұл мәсе­леге жүйелі түрде реформа жасал­маса, жастардың гранттан бас тарта бастайтыны анық. Тегін оқып, сот­тасып жүріп ақша төлегенше, ақшаға оқып қалаған жұмысты істеу тиімді емес пе?