Қаңтардағы бүліктен кейін небәрі екі ай ғана уақыт өтсе де, әншілер кеш өткізуді бастап кеткен. 8 наурыз күні республика сарайында әнші Роза Әлқожаның концерті өтеді. Дайындығының жоғары екенін айтқан әнші Меркі, Тараз және Алматы қаласында концерт беруді жоспарлап отыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.
"Кешегі қаңтар қырғынынан кейін халықта үрей, уайым бар, көңілдері түскен. Елге деген махаббатымызды айтып жігерлендіру керек шығар деп ойлаймын. Ойландыратын, жұбататын, көңіл көтеретін де әндер болса деп жатырмын", – деді әнші Роза Әлқожа.
Мереке күндері жұлдыздардың жұмысы тым қауырт. 6 наурызға Мирас Жүгінісовтың концерті жоспарланған. 8 наурыз күні "Шымкент шоу" жаңа бағдарламасын ұсынады. Бұдан өзге Мейрамбек Беспаев, Ғазизхан Шекербеков, Айқын және Райм секілді әншілердің де ән кеші өтеді. Пандемия кезінде де мерекелік шаралар өтпей, шығармашылық кештерден қағылған халық, қаңтар оқиғасынан кейін де көңіл аулайтын дүние керек дейді. Жұрттың рухани азық алғысы келетіні байқалады.