Шымкентте қандастар 6 ай тегін тұрып, қазақша және орысша үйрене алады
Шымкентте қандастар 6 ай тегін тұрып, қазақша және орысша үйрене алады
Сурет: egemen.kz
327
оқылды

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2008 жылдан бері қандастарға бейімдеу және ықпалдастыру қызметін көрсетіп келеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отандастар қоры таратқан мәліметке қарағанда орталықтағы 39 бөлме 170 адамға арналған. Мұнда тарихи Отанына оралған қандастарымыз 6 ай тегін тұрып, тегін қызмет түрлерін пайдалана алады. Қандастар үшін арнайы асхана, демалатын бөлме және арнайы оқу бөлмесі бар. Қандастарға 6 түрлі кіші кәсіптік мамандық (аспазшы, кондитер, есеп және аудит, электрик, тігінші, газэлектродәнекерлеуші) және қазақ тілі, орыс тілі, ҚР Заңнамасы, ҚР тарихы, этно-педагогика (әдет-ғұрып), халық педагогикасындағы отбасылық тәрбие сынды 6 пәндік дәрістер қалаулары бойынша үздіксіз оқытылады.
«Сонымен қатар еліміздегі мәдени, мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, атажұртына оралған қандасқа тарих қойнауында қалып қойған естеліктерді еске түсіруге ат салысамыз. Қаламыздағы «Шымкент - қайырымды қала» бағытында жұмыс атқаратын қайырымдылық қорлармен жұмыс жасап, әлеуметтік мәртебесі төмен отбасыларға қол ұшын созып, әлеуетін арттыру үшін жұмыс атқарылады», - дейді орталық мамандары.
Орталыққа 2008 жылдан қазіргі таңға дейін 781 отбасы, 2176 қандас келіп бейімдеу қызметтерін пайдаланып, 1046 қандас кіші кәсіптік мамандық алып шықты. Орталықта бүгінде 14 отбасы 35 қандас бар. Оның 16-сы - балалар, 19-ы - ересектер.