Балықты аулауда үлесі бар
Балықты аулауда үлесі бар
208
оқылды
Атырау – бекіре тұқымдас балықтардың сан түрімен танылған аймақ. Бүгінде өңірде балық өндіруші екі зауыттан өзге халықаралық нарықтағы сұранысқа ие балық өнімдерін аулап, оны экспортқа шығарып отырған жеке шағын серіктестер көп. Онда қыз-келіншектер де көптеп жұмыс істейді. 80 жылдан астам тарихы бар «Амангелді атындағы» жауапкершілік серіктестігі – өңірдегі ірі үздік кәсіпорындардың бірі. Экологиялық таза балық өнімдерін өндіру арқылы тұтынушылардың сенімінен шыққан кәсіпорынның жетістіктері аз емес. Балықшы қыздардың бірі Майра Қапароваға өз жұмысы өте ұнайды. – Қызмет атаулыны таңдамайтын буынбыз. Ерлермен бірге көктемгі және күзгі тартымға бару ұнайды. Балықтардың ау құралдарынан шоршып суға күмп етіп түсуі езу тартқызса, оларды іріктеудің құпиясы бір бөлек. Ұжымымыз ұйымшыл және өңірдегі ең үздік серіктестік. Тонналап аулаған балық- тарымыздың арнаулы дүкендерде деликатес болып тұрғанын көргенде қуанып жүреміз. Балық – азық және табыс көзі, – дейді Майра Қапарова. Мерекеге орай ұжымдағы қыз-келіншектерді құттықтау салтанатына қызу дайындықта жүрген «Амангелді атындағы» жауапкершілік серіктестігінің меңгерушісі Бакужан Қожахметұлының айтуынша, он бригадада он төрт қыз-келіншек жұмыс істейді. «Олардың арасында қырық жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқандары бар. Олар  ер адамдармен қатар тартымда тонналап балық аулайды. Шыдамдылықтарына әбден көзіміз жеткен. Бір тәуліктің үш-төрт сағат көлемінде 3-4тонна балық аулайды», – деген Бакужан Қожахметұлы балықшы қыздардың табыстары жеткілікті екенін айтты.

Атырау облысы