Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 9 миллион 840 мыңнан астам әйел бар. Бұл қазақстандықтардың 51,4 пайызы. Тиісінше, ерлердің үлесі 48,6 пайыз ғана. Бір жыл ішінде республика халқындағы нәзік болмыс иелерінің үлесі 1,2 пайызға көбейген. Елімізде ерлер саны азайып бара жатқанымен, олардың саясаттағы, экономикадағы, мемлекеттік басқарудағы және маңызды шешімдер қабылдаудағы рөлі үлкен, қарасы басым, ықпалы үстем.
Саясатта қанша ханым бар?
Әлемдік саясаттануда, әдетте қандай да бір күштің саяси аренадағы маңызы мен орнын салмақтау үшін оның ел Үкіметіне қанша өкілін өткізе алғанына назар аударылады. Бұл ретте Қазақстанның биылғы қаңтарда жасақталған, Премьерді қоса алғанда, 22 биік лауазымды тұлғадан тұратын жаңа Министрлер кабинетінде тек 1 әйел министр қалды. Ол – Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният. Бұрын кем дегенде екі кресло әйелдерге берілетін, бейресми квота сақталатын. Мысалы, 2019 жылы Үкіметте Гүлшара Әбдіқалықова – вице-премьер, Күләш Шәмшідинова – Білім және ғылым министрі болды. Ал өткен жылы Аида Балаева – Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Ақтоты Райымқұлова Мәдениет және ақпарат министрі қызметін атқарды. Демек, енді әлдеқалай ДСМ басшысы отставкаға кетіп, орнына ер кандидат қонжиса, Әлихан Смайылов Үкіметі ел тарихындағы тек ерлерден ғана құралған тұңғыш Үкіметке айналмақ! Қоғамдағы күштер (ал саяси белсенді әйелдердің нағыз күш екенін мойындауымыз керек), сондай-ақ өкілді органдағы – Парламенттегі орны мен ықпалын өрістетуге тырысады. Президент Қ.Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына орай «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» заңдарына өзгеріс енгізіліп, әйелдер мен жастарға партиялардың тізімінде міндетті 30 пайыздық квота қарастырылған болатын. Алайда бұл тетіктің олқылығы анықталды: додаға түскен партиялар өз кандидаттарының тізімінде 30 пайыз квотаны сақтады. Бірақ заң талабы тек Ортсайлаукомға тапсырылатын партиялық тізімге ғана қатысты болғандықтан, Мәжіліске өткен партиялардан депутаттық мандатты тарату кезінде әйелдер үлесін сақтау талап етілмеді. Нәтижесінде, 2021 жылғы 10 қаңтарда сайланған VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің құрамына 78 ер (73 пайыз), 29 әйел (27 пайыз) енді. Бертінде депутаттық корпус құрамында ауыс-түйістер болды. Мысалы, таяуда, 3 наурызда Дариға Назарбаева мандатынан бас тартты. Оның орнын Саясат Нұрбек басты. Осылайша, Мәжілісте енді тек 28 әйел депутат бар. Яғни, Мәжіліс депутаттарының 26,2 пайызын ғана әйелдер құрайды (осыдан он жыл бұрын, 2012 жылы 23,8 пайыз болатын) Әрине, сарапшылардың айтуынша, ең басты өлшем – жыныс емес, біліктілігі, елге сіңіретін еңбегі, қоғамға пайдасы және құлшынысы. Сенатта әйелдердің үлесі тіптен төмен: 48 депутаттың небәрі 9-ы немесе 18,7%-ы ғана – нәзік болмыс иелері. Жуырда Президенттің тапсырмасымен ұлттық заңнамаға түзетулер енгізілді, оған сәйкес Парламентке өткен саяси партиялар өзіне тиген мандаттарының 30 пайызын әйелдер мен жастарға беруге міндеттеледі. Әйткенмен бұл талап Сенатқа және Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобына таралмайды екен. Қазіргі уақытта Мәжілістегі ҚХА атынан сайланған 9 депутаттың тек біреуі ғана – әйел. Сонымен бірге, аудандық мәслихаттардағы әйелдер үлесі 30 пайыздық кедергіден асты: олардағы 2 090 жергілікті депутаттың 668-і немесе 31,96 пайызы – нәзік болмыс иелері.Айымдардың иығында – экономика
Қазақстандық әйелдер еңбек нарығында және кәсіпкерлікте орасан зор рөл атқарады. Ranking.kz сарапшылары Ұлттық статбюроның дерегіне жүгіне отырып, 2022 жылдың басында Қазақстанда халықтың экономикалық белсенді, яғни жұмысқа жарамды бөлігінің 48,5 пайызын әйелдер құрайтынын хабарлады. Бұл ретте елдегі барлық жұмыс істейтін адамдардың 48,1 пайызы – әйелдер. Ендеше олар ел экономикасын көтеруге, отбасы табысын арттыруға ерлермен тең үлес қосып жатыр. Әйелдер басқаратын жеке кәсіпкерлік (ЖК) саны кейінгі бір жыл ішінде 9,1%-ға немесе 625,1 мыңға дейін артты. ЖК-лардың жалпы санындағы әйелдердің үлесі де былтырдан бері 47,4%-дан 49%-ға дейін өсті. Бұл жерде әсіресе, қыз-келіншектер белсенді: істеп тұрған ЖК арасында жасы 29-ға толмаған әйелдер басқаратын бизнес нысандарының саны бір жылда бірден 37,2 пайызға көбейіп, 88,7 мыңға жетті. 90-жылдары алып ала дорбаларды арқалап, Қытайдан тауар тасыған қаншама әйел отбасыларды асырап, елдегі коммерцияның дамуына қуатты серпін бергені мәлім. Жаһандық дағдарыс пен пандемия кезеңінде де әйелдердің экономикалық белсенділігі артып келеді. Қазір әйелдер басшылығындағы шағын және орта кәсіпорындар 1 миллионнан астам қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззат Рамазанованың мәліметінше, бүгінде мемлекеттік қызметте еңбек етіп жатқан адамдардың басым көпшілігі, 56 пайызы – әйелдер. Соның ішінде басшылық лауазымдардың 41%-ына әйелдер тағайындалған. Елімізде әйел судьялардың үлесі – 51%. «Экономиканың корпоративтік секторында паритеттік теңдікке қол жеткізу бағытында жұмыс басталды. 2019 жылдан бері БҰҰ-әйелдер құрылымымен бірлескен жұмыс жүргізіп, қазақстандық квазимемлекеттік және жеке секторды БҰҰ-ның Әйелдерге арналған құқықтар мен мүмкіндіктерді кеңейту қағидаттарына қосуға күш салудамыз. Банктердің басшылық құрамындағы әйелдердің үлесі – 24,6 пайызға, ал ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық компаниялардың басшылығындағы үлесі – 25 пайызға жетті. Нәзік болмыс иелері алдынан үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Олай болса, белсенді қыз-келіншектер болса, осы салалардың бәріне қош келдіңіз дейміз», – дейді ол. [caption id="attachment_187094" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Бұдан бөлек, республикадағы 22 мың үкіметтік емес ұйымның 37 пайызының немесе 8 220-сының тізгіні әйелдер қолында. Олардың шамамен 500-і отбасы және гендерлік саясат мәселелерімен айналысады. Халық денсаулығын қамтамасыз ететін, ұлтты білімді ететін салаларда да негізінен әйелдер еңбек етуде. Өзге секторларға тоқталсақ, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің 42,4 пайызы – әйелдер, 57,6 пайызы – ерлер. Өнеркәсіп пен құрылыс салаларында әйелдер үлесі – 28,6%, қалғаны – ерлер. Қызмет көрсету салаларын да негізінен әйелдерге тән деп атауға болады: барлық қызметкерлерінің 60 пайыздайы әйелдер.Гендерлік саясатта тың бетбұрыс бар
Сарапшылар жалақы төлеуде гендерлік теңсіздік сақталып отырғанына назар аудартады. Жалпы, бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасқан үрдіс. Мысалы, Голливудта бірдей рөлді орындап, бірдей еңбек еткенімен ең танымал актрисалардың өзі «жұлдыз» актерлерге қарағанда бірнеше миллион доллар аз ақы алады. Қазақстанда бірдей қызмет атқаратын әйелдердің ерлерден 25 пайызға кем алатыны белгілі болды. Бұл негізінен, жеке секторға қатысты. Мемлекеттік секторда, бюджеттік салаларда жалақы жынысына қарай емес, лауазымына қарай нақты бекітілген. Әрі олардағы әйел және еркек басшылардың үлесі шамалас. Ұлттық статистикалық бюроның мәліметінше, елімізде ерлердің орташа жалақысы 243 524 теңге, ал әйелдердікі 182 679 теңге болған. Жұмыс берушілердің көбі әйелдерге қарағанда, ер-азаматтарды жұмысқа алуға бейім. Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі былтыр жұмыс күшінің 4,9 пайызын құрады. Оның үш пайыздан артығы – әйелдерге тиесілі. Сарапшылар тағы бір жайтты қаперге салады: отбасы мәселелеріне көбірек алаңдайтын әйелдер өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыра алмайды. Мұны келесі бір деректен көруге болады: Қазақстанда жоғары білімі бар ер адамдардың үлесі 17,8 пайыз ғана. Ал жоғары білімді әйелдердің үлесі 21,6 пайыз! «Оңтүстікте дипломды қалыңдық көп» деп келетін әзіл шындыққа жақын. Сондай-ақ елде ғалымдардың көбі әйелдер екенін екінің бірі біле бермейді. Мысалы, республикада 9,1 мыңнан астам әйел «ғылым кандидаты» бар. Ер «ғылым кандидаттарының» саны аздау – 8,4 мың адам. Сонымен бірге, нәзік болмыс иелерінің көбі ғылым шыңын бағындыру сапарын ары қарай жалғастыра алмай, орта жолдан тоқтауға мәжбүр. Нәтижесінде, ер «ғылым докторларының» саны 3 121, ал әйел «ғылым докторларының» саны – 1 928 қана. Ұлттық статбюро дерегінше, елімізде семіздіктен зардап шеккен қазақстандықтар арасында әйелдер көп: олардың 0,24 пайызы (шамамен 23,6 мыңдай адам) шектен тыс артық салмаққа ие. Іркілдеген жуан денелі ерлердің үлесі 0,12 пайыз көрінеді. Қазақстандық әйелдер қоғамымыздағы бейбіт тірлік пен берекелі бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің аса зор ұйытқысы болып отырғаны мәлім. Қазақ халқының осы заманға аман-есен жетуі, ұлт болып ұйысуы ең алдымен аналардың арқасы десек, артық болмас. Жаугершілікте ерлермен бірге қолына қару алып, атқа қонған, бейбіт кезеңде бесік тербетіп, ұрпағын өрбіткен әжелеріміз бен аналарымыздың бойындағы сол жақсы қасиеттер бүгінгі ұрпақта жалғасын тапты: бейбіт заманды қазақ әйелдері ұрпақ өрбітуге белсенді пайдаланып жатқаны байқалады. Осының арқасында Қазақстан шын мәнінде демографиялық дүмпуді бастан кешуде. 2021 жылы аналарымыз 450 652 сәбиді өмірге әкеліп, бұл салада тарихи рекорд орнатты. Салыстыру үшін айтсақ, елімізде 2019 жылы 402 310, ал пандемия өршіген 2020 жылы 426 824 сәби дүниеге келді. Бұлар да рекорд болатын. Амандық болса, халқымыздың саны жыл сайын жарты миллионға көбейіп отыратын дәрежеге де жетерміз. Жасыратыны жоқ, бұған дейінгі гендерлік саясат кез келген жолмен әйелдерді ілгерілетуді басты орынға қойып келді. Дегенмен қазір әлемде «Гендерлік теңдік стратегиясы» белең алуда. БҰҰ құптаған бұл қағидаттың бұрынғыдан айырмашылығы сол, ол әйелдердің мүддесін алға бастыру үшін ерлерді төменшіктетуді, кемсітуді емес, барлық жыныс өкілдеріне тең мүмкіндіктер туғызуды көздейді. Тек әйелдердің ғана емес, ерлердің де құқықтары мен мүмкіндіктеріне неғұрлым тең қарауға мүмкіндік береді. Сондықтан дамыған елдерде феминистер қозғалысына қатысты ұйымдар не жабылуда, немесе ерлердің, басқаларының да құқықтарын қоса қорғауға қайта бағдарланып жатыр. Қазақстанда Президенттің Жарлығымен «2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бекітілді. Мемлекетімізде бүгінде әйелдердің лидерлік қасиеттерін арттыру және оларды қоғамдық өмірге, саясатқа, шешім қабылдау процестеріне тиімді қатыстыру, әйелдер бизнесін дамытуға, олардың несиеге, ресурстар мен активтерге қол жеткізуіне жәрдем көрсету, аналарды әлеуметтік қорғауды күшейту міндеттері тұр.