Сұлу – сұлу емес...
Сұлу – сұлу емес...
© коллаж: Елдар Қаба
Сұлулық құрбандықты талап етеді. Соңғы жылдары елімізде кескін-келбетіне қолдан «түзету» енгізетіндердің қатары көбейді. Осыдан барып косметологиялық медицина қызметіне сұраныс артты. Тіпті, қалтасы көтергендер шетелге барып, өзі қалаған ке­йіпке еніп жатады. Бақсақ ең сұ­лу, ең көрікті болу үшін қолда­нылатын тәсілдің көпке беймәлім тұсы жеткілікті екен. Жаңа заман адамзатқа жаңа мүмкін­діктер сыйлады. Озық технология қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енді. Әсіресе, денсаулық сақтау ісінде соны бетбұрыстар жасалды. Бұл орайда өзгеден сұлулығымен дараланып, жарақаттан қал­ған ізін жасырғысы келетіндер есебі­нен косметологиялық медицина қыз­метіне сұраныс еселеп артты. Мамандар да соңғы 10-15 жылдың көлемінде елі­мізде бет-әлпетіне «өзгеріс» енгізуге ниеттілердің қарасы қалыңдай түскенін айтады. Мұны олар аталған қызметтің қолжетімді бо­луымен және өзгеден даралануға құш­тарлықтың артуымен байланыс­тырады. Әрі мінсіз мүсін, көз тоймас келбетімен сахнаның желінің жұлдызына айнал­ғандарға еліктеу де косметолог дәрігер­лердің қолын жүргізіп тұрғандай. Елордалық Жұмакүл Ахметова 2 апта бұрын көзін үлкейту үшін кішігірім ота жасатқан. Оның айтуынша, оңтүстік­кореялық технологиямен жасалған ем шараның денсаулыққа еш зияны жоқ. – Отаның құны 150 мың теңге бол­ды. Оны жасайтын дәрігер арнайы Ал­маты қа­ласынан келді. Бұл технология қазір кө­­зін үлкейткісі келетіндер ара­сында сұ­ра­нысқа ие. Өйткені ота кезінде және одан кейін де ешқандай ауырсы­ну се­­зіл­мейді. Әрі нәтижесі сол мезетте бай­қа­ла­ды. Әрине, бұл отаны 1-2 жылдан соң қай­­та жасату керек болады. Сонда да өз әре­ке­тіме өкінбеймін, – дейді Ж.Ахметова. Мамандардың айтуынша, Қазақ­станмен бірге Азия елдерінде көзге қабақ жасататындар көп. Сондай-ақ азиаттық нәсілдерге тән ерекшеліктерге байла­нысты құлақты кішірейту қызметіне де сұраныс жоғары. Әрине, адамның сыртқы кескін-кел­беті төлқұжатындай қабылданатын за­манда косметикалық ота жасатуға ниет­тілер санының көбеюін түсінуге болады. Дегенмен аты кішігірім ота болғанымен, бет-пішімін өзгерту – үлкен тәуелді қа­жет ететін қадам. Пластикалық хирургтер бұл орайда ем алушының ішкі дайындығы маңызды екенін алға тартады. Одан бө­лек, жан-жақты медициналық-сараптама жүргізу де отаның сәтті шығуына өз сеп­тігін тигізеді екен. – Косметологиялық медицинаға ке­йінгі жылдары көңіл бөлініп жатқанымен кісінің бет-әлпетін өзгерту үшін ота жа­сату тарихта болған. Өкініштісі сол, қазір косметологиялық ота жасату бизнеске ай­­налып кетті де, салаға кәсіби біліктілігі төмен мамандар көптеп келе бастады. Олар пациенттің ақшасына ғана қызы­ғады. Ал косметологиялық ота жасал­мас­тан бұрын оған түрлі талдау арқылы қант диабетінің деңгейі, түрлі препаратқа ал­лер­гиясы зерт­телуі керек. Сонымен бірге пациент отаға өзін-өзі іштей дайындағаны жөн. Мен өзімнен ем алуға келген 10 адам­ның еке­уіне ғана ота жа­сауға келісім бе­ремін. Өйт­кені олар кос­метологиялық ота­ға психо­логиялық тұр­ғыдан дайын бол­майды. Жеке өзіме табыстан бұрын түп­кілікті нә­тиже маңызды, – дейді пластикалық хирург Бағызор Шотайбекқызы. Косметологиялық медицинаның әліп­песін Үндістаннан оқып келген ма­ман отаның кейбір түрлерін жасатуда пациенттің жасына да көңіл бөлінуі керегін айтады. – Мәселен, қабақты жіппен тігу ар­қылы көзді ұлғайтуды 25 жасқа дейін ғана жасауды құптаймын. Өйткені жас келген сайын адамның физиологиялық ерек­шелігіне байланысты қабақ салбырап кетуі де мүмкін. Әрі көзге жасалатын кейбір косметологиялық оталар көру қабілетін нашарлатады, – дейді маман. Шын мәнінде, косметологиялық ме­дицинаның көмегіне жүгінетіндер үшін ескеруі тиісті нәрселер көп. Сәй­кесінше, тұтынушы қалаған нәтижеге хирургиялық жолмен жеткізуге жол бастайтын маман­ның да емдеу ісінен хабары болғаны ке­рек. Әйтпесе, сұлулық жолында тәуекелге бел буғандардың кө­бінің ота үстелінде көз жұматын фактілері ара-тұра кездесіп тұрады. Қысқасы, косметологиялық ме­дицинаға денсаулық сақтау ісінің бір бағытынан бұрын табысты бизнес ретінде қарау абырой әпермейді. Елімізде косметологиялық меди­ци­наның қызметіне сұраныстың артуымен бет-әлпеттің «кем-кетігін» түзейтін ор­талықтар да көптеп ашыла бастады. Жай күндердің өзінде кісі қарасы үзілмейтін мұндай орталықтардағы жұмыс мереке күндері тіптен жандана түседі. Олардың кейбіріне күні бұрын жазылып та қояды. Қызмет ақысы да жасалатын отаның күр­делілігіне қарай 50 мың теңгеден бас­талып, 1 миллион теңгеден асып жығы­ла­ды. Тіпті, көп тұтынушының қалтасы көтере бермейтін косметологиялық отаны несиеге жасауды ұсынатын меди­циналық орталықтар да бар екен. Ал пошымын түзету жолында кез кел­ген құрбандыққа дайын отандас­та­ры­мыздың енді бір тобы өзі қалаған нәтижеге жету үшін шетел асып жатады. Әрине, мұндай отаны арзан әрі сапалы етіп жасауда қазір Оңтүстік Корея мемле­кетінің медициналық орталықтары ал­дына қара салмайды. Ресми мәліметке сүйенсек, 2019 жылы аталған елде косме­тологиялық ота жасатындардың 15 пайы­зы қазақстандықтар болған екен. Шын мәнінде, бұл салада оңтүстік­кореялық тәжірибеге иек артатындардың таңдауы талас тудырмайды. Әуелі бұл елдегі косметологиялық отаның бағасы АҚШ пен Еуропа елдеріне қарағанда бірнеше есе арзан. Алайда бұл оңтүс­тік­кореялық медициналық орталықтардағы косметологиялық қызметтің сапасыз­дығын білдірмейді. Керісінше, мұндағы мамандар пациенттерді отадан кейін де 2-3 тәулік бойы өз бақылауында ұстайды. Косметологиялық отаның сапасына кепілдік беретін медициналық ұйым­дарды да кезіктіруге болады. Және ең бас­ты фактор, оңтүстіккореялық техно­ло­гия­лардың дені азиаттық нәсілділердің «кем-кетігін» түзетуге бағдарланған. Мә­селен, Оңтүстік Кореяда жасалатын косметологиялық оталардың көбінде көз ұлғайтылады. Мұны Кореяның тұтыну­шы­ның сұранысы зерттеу агенттігі жүр­гізген сауалнаманың қорытындысы да растайды. Сауалнама кезінде пластика­лық ота жасаған 1 000 пациенттің 67,8 пайызы көзді ұлғайту қызметіне жүгін­генін мойындаған екен. Жылына Оңтүстік Кореяда 770 мың­дай пластикалық ота жасалады. Олардың бағасы 1 100 долллардан басталып, 8 500 долларға дейін жетеді. Оңтүстік Кореяда мамандар пластикалық ота жасату қа­жеттіліктен бұрын әуесқойлыққа айна­лып бара жатқанын айтып, дабыл қаға бастады. Ресми статистика Сеулдегі әр бес әйелдің біреуі пластикалық ота жа­сатқан екен. Өкініштісі, бізде де пластикалық ота қажеттіліктен бұрын өзгеден ерекше­ле­нудің бір жолына айналып барады. Жарқырап жүру үшін қалтасындағы соңғы тиынын санап беру әркімнің өз еркіндегі дүние. Дегенмен де шынайы сұлулықтың сыры тек көрікті келбет, мінсіз мүсінде емес екенін ұмытпа­ға­нымыз абзал.