Домбыраның құлағында ойнайтын Катя
Домбыраның құлағында ойнайтын Катя
Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенті Екатерина Восипенок – оқу орнының ғана емес, өңірдің де мақтанышы. Бала кезінде жетімдер үйіне тапсырылған оны кезінде қазақ отбасы асырап алмағанда, қыздың болашағы не болары белгісіз еді. Катя кішкентайынан қатал тағдырдың тепкісіне тап болды. Анасы 30-дан енді асқан шағында қатерлі ісік дертіне шалдығып, төсек тартып жатып қалғанда, оның барлық күтімі үйдің үлкені ретінде Катяның мойнына жүктелді. Себебі шешелері хал үстінде жатқандықтан, қамқо­ршылық орган қызметкерлері отбасындағы төрт баланы же­тім­дер үйіне орналастыру туралы шешім қабылдайды. Сол кезде Петропавлдағы №13 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған Дина Қапезқызы қаршадай қыз үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, оны науқас анасын күту үшін жетімдер үйіне тапсырмай алып қалған екен. Ақ сүтін берген анасының ауруын қайтсем жеңілдете алам деген ой сегіз жасар қызға маза берген емес. Сол себепті мектепке де бармай қалатын. Катя аяулы анасын жанын салып күтсе де, қатал тағдыр оны аямады. Анасының ағзасы ауруға бой алдырып, күш-қуаты күн сайын кеми берді.  Тағдырдың жазғанына не шара,  ақыры сұм ажал ең аяулы адамын алып тынды. Ардақтысынан көз алдында айырылған қыз үшін сол сәтте аспан аударылып жерге түскендей болды. Ата-ана ­мейірімін аңсаған баланың көзі жастан бір құрғамады. Же­тімдер үйінен оған да бір орын бұйырды. Бірақ жаңа ор­таға бейімделу қиын болды. Бұғанасы қатпаған қыз баланың өмірі күрең күзге айналды. Кілең жетімдер жиналған мекеменің қабырғасында өткізген бір-бірінен айнымайтын сүреңсіз күндері баяу жыл­жып өтіп жатты. Жаңа ортада өзіне дос таба алмай қиналды. Басына күн түскен әрі асыл анасының көз алдында жантәсілім еткенін көрген қыздың денсаулығы да сыр бере бастады.  Сол кезде бұл тығырықтан шығар жол жоқтай көрінген-тін. Көзіне еріксіз жас келген күндері аз емес. Өмірдің мәні де, мағынасы да жоқ еді. Осы кезде жетім қызды асырап алған Елубай мен Дина Баймақышевтардың ізгілігі Катяның өмірін күрт өзгертті. Жастайынан тағдырдың тәлкегіне ұшыраған қыздың өміріне бейжай қарай алмаған ерлі-зайыптылар бұған дейін жетімдер үйіне барып, жағдайымен танысып жүретін.  Мейірім шуағына бөленген бала жаңа ата-анасына бірден бауыр басып кетті. Жаңа туыс тапқанына қуанып, отбасының тәртібі мен тұрмысына жылдам бейімделді. Ұлты басқа бола тұра, қазақы салт-дәстүрге бойы тез үйренді. Қалай исең, солай иілетін тал шыбықтай жасында қазақы ортаға тап болғаны үшін Катя тағдырына риза. Тәрбиенің негізгі мәйегі  мейірім мен сүйіспеншілікте екені белгілі. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді, соған еліктейді. Ендеше ерлі-зайыпты Елубай Шәкірұлы мен Дина Қапезқызы өз балалары барына қарамастан, Катяны да мейірім шуағына бөлей білді. Катя да оларды «мама», «папа» деп, оларға ұқсағысы келді. Қабілетті қыз тез арада қазақша ән салуды үйреніп, мектептегі концерттерге белсене қатыса бастады. 10 жасында домбыраның құлағында ойнайтын болды. Бүгінде бірнеше аспапты еркін меңгергенімен, ерекше жақсы көретіні – домбыра. Қазақша таза сөйлейтін зерек қыз қазір Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің музыкалық факультетінде қазақ тілінде оқиды. Сонымен қоса жеке үйірме ашып, кішкентай балаларды домбыра тартуға үйретуде. Оны ашық-жарқын мінезі, қарым-қабілеті, кез келген адамға көмекке әр кез дайын тұратыны үшін колледж оқытушылары да жақсы көреді. Оқуда озат. Қоғамдық өмірде де белсенді. Барлық іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Бірде-бір мерекелік шара Катяның қатысуынсыз өтпейді. Абай, Жамбыл оқуларына, домбырашылар байқауына үнемі қатысады. Тек білім ошағы ғана емес, қала, облыс көлеміндегі шаралардың да бел ортасынан табылады. Қолы қалт етсе, жаңа ән мен күй үйренгенді жаны жақсы көреді. Сонымен қатар анасына ұқсап іс тігу, ас пісіру де сүйікті ісі. Қазіргі жастар секілді ұялы телефонға байланған өмір оны аса қызықтырмайды. Бүгінде оқуын  да, жұмысын да қатар алып жүрген Екатерина шаршауды білмейді. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында белсенділік танытып, «Nur Otan» партиясының айқын басымдықпен жеңіске жетуіне қосқан үлесі үшін Елбасының Алғысхатымен  марапатталған. Бүгінде партия филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар бірқатар байқауда бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Мәселен, «Созвездие талантов» жас­өспірім­дер мен жастар шығармашылығы халықаралық байқауында үшінші орынды, «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» облыстық эссе байқауында екінші орынды жеңіп алғанын ата-анасы мақтан тұтады. Катя Восипеноктің алатын асулары алда екеніне ешкім­нің күмәні жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысы