Ел спортындағы білекті, жүректі арулар
Ел спортындағы білекті, жүректі арулар
Ел спортында әлемдік додаларда чемпион болып, еліміздің абыройын асқақтатып, беделін өсіріп жүрген арулар аз емес. Әсіресе, жойқын күш пен ширақ әрі шалт қимылды қажет ететін спорт түрлерінде жүргендердің  еңбегін атап өтпеске болмайды. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында газетіміздің мерекелік нөмірі талантты, жігерлі спортшы қыздарға, спорт саласында тер төгіп жүрген әйелдер қауымына арналмақ. Осы ретте сіздердің назарларыңызға еліміздегі есімі көпке таныс жеті спортшыны ұсынбақпыз. Фариза Фируза ШАРИПОВА, кәсіпқой боксшы Кәсіпқой бокстан үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы қазақстандық Фируза Шарипова – еліміздегі талантты, танымал боксшылардың бірі. Жастайынан боксты жанына серік еткен спортшы кәсіпқой боксқа өткенге дейін көптеген ірі халықаралық, республикалық турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінген. Атап айтсақ, 2010-2011 жылдары жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігінде екі рет жеңімпаз атанды. Десек те, 2012 жылы Түркияда өткен әлем чемпионатында жолы болмай, жүлдесіз қалды. Бірақ Фируза бұл сәтсіздігінен кейін 2012 жылы жастар арасында өткен ел біріншілігінде топ жарып, өзіне сенім артуға толық негіз барын дәлелдеді. Сол жылы Моңғолияда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында үшінші орын алды. 2013 жылы ересектер сапында өнер көрсетіп, 60 келі салмақта өзіне тең келер қарсылас таппады. Ал келесі жылы осы салмақта финалда есе жіберіп, күміспен күптелді. 2015-2016 жылдары Қазақстан  чемпионатында қос қолаға ие болды. Фируза 2016 жылдан бастап кәсіпқой боксқа ауысып, қазақ қыздары арасында бірінші рет әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Элмира Эльмира СЫЗДЫҚОВА, еркін күрес шебері Эльмира – 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Қазақстандық еркін күрес шебері бүгінде 76 келі салмақта сынға түсіп жүр. Отандасымыз әйелдер күресінен ел құрамасының беделді мүшесі.  Ол еркін күрестен Олимпиада жүлдесінен бөлек, өзге де халықаралық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан табылды. Атап айтқанда, екі рет Азия чемпионатының күміс жүлдесін (2015, 2016), үш рет Азия чемпионатының қола жүлдесін (2014, 2018, 2020) иеленді. Қарағанды өңірінің тумасы Эльмира Сыздықова қаңтар айында Красноярда өткен «Иван  Ярыгин» жарысының Гран-приін алды. Эльмира Сыздықова жартылай финалда ресейлік Мария Силинаны жеңіп, ақтық сынға шыққан болатын. Финалда  Беларусь балуаны Ксения Дзибукты 15:4 есебімен тізе бүктіріп, алтынды қанжығаға байлады. 76 келіге дейінгі салмақта белдесетін спортшымыздың алдағы жарыстарда да жолына үмітпен қараймыз. Жанель Жансель ДЕНИЗ, таэквондошы Жансель – Түркияда дүниеге келген қазақ қызы. Бүгінде Атырау облысының атынан жарыс­тарға қатысып жүр. Бұл спорт түрінен түрлі халықаралық жарыстарда топ жарды. 2013 жылы Ресейдің Челябі қаласында өткен ашық турнирдің жеңімпазы болды. Еуропа чемпионы атағын, Түркияның сегіз рет чемпиондығын, Austrian Open турнирінің екі рет күміс және қола жүлдесін еншілеген. Ол сонымен қатар Russian Open жеңімпазы, Dutch Open мен Trelleborg Open жарыстарының қола жүлдегері, Ukraine Open және Moldova Open турнирлерінің екі рет күміс жүлдегері. Жансель Олимпиадаға дейін +67, +73 салмақтарда сынға түсіп келген. Спортшы 2014 жылдың соңында Қазақстан азаматтығын алды. Екі рет жазғы Олимпиада ойындарында бақ сынады. 2016 жылы Риода, 2020 жылы Токиода ел намысын қорғады. Сондай-ақ Жансель күні кеше Иран астанасы Тегеранда таэквондодан Fajr Open рейтингілік турнирінде 73 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, күміс жүлдені еншіледі. Жанбота Жанбота АЛДАБЕРГЕНОВА, фристайлшы Фристайл-акробатикадан Қазақстан командасының үздігі Жанбота Алдабергенованы қысқы спорт түрінен еліміздегі танымал спортшылардың алдыңғы легінде жүрген қайсар жан деуге болады. Ол бүгінде қазақ қыздарының да қысқы спорт түрімен шұғылданып, жетістікке жете алатынын дәлелдеп жүр. Жан­ботаның фристайл-акробатикадан жеткен жетістіктері аз емес. Алдабергенова ақ Олимпиада алдында Финляндияның Рука аймағында өткен фристайл-акробатикадан әлем кубогы кезеңінде 2-орынды иеленгенін де айта кетейік. Одан кейін Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Команда үздігі бірінші іріктеу кезеңінде 80,56 ұпай жинады. Алайда екінші іріктеу сынында 68,26 ұпаймен финалистер қатарына ене алмай қалды. Ол осыған дейін фристайл-акробатикадан үш рет (2014 және 2018, 2022) Олимпиада ойындарына қатысқан. Назым Назым ҚЫЗАЙБАЙ, әуесқой боксшы Тізімде бокстан Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі – Назым Қызайбай да бар. Бала күнінен спортқа жақын болып өскен Назым алдымен футбол, баскетбол, артынша күрес үйірмелеріне қатысыпты. Кейін бокспен шұғылдана бастаған.  Спортшы өзінің талантының арқасында алматылық клуб жаттықтырушысының көзіне түсіп, үлкен спортқа жолдама алды.  Нәтижесінде, бокстан Қазақстан әйелдер құрамасына еніп, көп ұзамай әйелдер арасында әлем чемпионы атағына қол жеткізген еліміздегі тұңғыш боксшы атанды. Қазақстан тарихында алғаш рет әйелдер арасында өткен бокстан әлем чемпионатында еліміздің байрағын көкке желбіретіп, Әнұранын әуелеткен, халқына алтын медаль тарту еткен спортшының ендігі арманы – Олимпиада ойындарында чемпион атану. Назымның әйелдер арасында өтетін айтулы додаға жолдама алуы 2012 жылы Қытайда өткен бокстан 7-ші әлем чемпионатынан басталды. Ол сол жарыста қола жүлдеге ие болды. 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен жарыста алтыннан алқа тақты. 2016 жылы Астанада өткен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатында Назым екінші рет әлем чемпионы атағын жеңіп алды. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарына бара алмаған боксшы Токио Олимпиадасына да жолдама ала алмады. Ол қазір 2024 жылы Франция астанасы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, ел мерейін асқақтату үшін еңбектенуде. Назым жуырда Болгария астанасы Софиядағы дәстүрлі «Странджа» турнирінде алтын жүлдені жеңіп алды. 50 келі салмақта бақ сынаған ол ақтық сында алжирлік Румайса Буалеммен кездесіп, 5:0 есебімен жеңді. Қазақтың қайсар қызының бокстағы бағындырар белесі әлі алда. Елена Елена РЫБАКИНА, теннисші Лена – теннистен әйелдер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы. Мәскеуде дүниеге келгенімен, 2018 жылдың маусым айында азаматтығын өзгертіп, Қазақстан теннис құрамасының сапына ауысты. Содан бері Еленаның спорттық мансабында ілгерілеу басталды. 2020 жылдың басында Рыбакина WTA турнирлерінің төрт финалдық ойнында өнер көрсетіп, олардың бірін жеңіп алды. Бойжеткен әлемдік теннисшілердің ТОП-20 қатарына енді. Бұл – қазақстандық ракетка шеберлері үшін айтулы жетістік. Қазақстандық теннисші, сондай-ақ Токио-2020 Олимпиадасына қатысып, 4-орын алды. 2021 жылы маусымда әйгілі Ролан Гаррос турнирінің 1/8 финалында Рыбакина тәжірибелі және үздік америкалық теннисші Серена Уильямсты екі сетте жеңді. Халықаралық әйелдер теннисі қауымдастығы 18 қаңтарға арналған әлемдік рейтингте қазақстандықтар сапынан Елена Рыбакина ТОП-20 қатарына енді. Бүгінде Елена әлемдік рейтингіде 12-орынға дейін көтерілді. Айта кетейік, Қазақстан теннисі тарихында бұрын-соңды ешқандай спортшы 12-орынға дейін көтерілмеген. Мария Мария АГАПОВА, аралас жекпе-жек шебері Агапова – қыздар арасында аралас жекпе-жектен әлем чемпионы. Спорттың бұл түрінен ММА спортшыларының қатарына енген қазақстандық спортшы. ММА-дағы алғашқы кездесуін 2015 жылы тамызда Павлодардағы турнирде өткізді. Ал Американың Лас-Вегас қаласында өткен UFC дебютінде америкалық спортшы Ханна Сайферсті уақытынан бұрын жеңді. Агапова – UFC-да өнер көрсетіп жүрген алғашқы қазақстандық ару. Ол аталған ұйыммен 2020 жылы келісімшарт жасасты. Сегіз кездесуде жеңіске жетіп, екі кездесуінде жеңіліс тапты.

P.S.

Елімізде спорт саласында айтулы жетістіктерге жетіп жүрген бұдан өзге де талантты спортшы қыздарымыз өте көп. Олардың бәрінің аты-жөндерін тізіп шығу әсте мүмкін емес. Осындай жігерлі де жеңімпаз қыздарымыздың саны көбейе берсін деп тілейміз. Жігерлі аруларымыздың бағындырар шыңы әлі алда. Мерекелеріңізбен, аяулы арулар, сымбатты спортшылар, дарабоз дүлдүлдер, жанкешті жеңімпаздар!