Франциялық ПСЖ командасы шабуылшы Килиан Мбаппеге футбол тарихындағы рекордтық жалақыны ұсынды, - деп жазады Independent порталы. Париждік команда 23 жастағы шабуылшыға жылына 100 миллион еуро айлық беруге дайын. Бұл әлем футболы тарихындағы рекордтық жалақы. Осыған дейін БАҚ Мбаппенің "Реал" сапына ауысатынын жазған болатын. Қазіргі уақытта Transfermarkt порталы бұл футболшыны 160 миллион еуроға бағалап отыр. Бірақ оның ПСЖ командасымен келісімшарты 2022 жылдың 30 маусымында аяқталады. Сол үшін ол мадридтік командаға тегін ауысып кетуі мүмкін. Айта кетейік, биылғы маусымда Мбаппе барлық 34 ойынға қатысып, 24 гол соғып, 17 нәтижелі пас берді.