Қарағанды облысының Шахтинск қалалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен екі ер адам ұсталды, - деп хабарлайды облыстық полиция департаменті. Заң бұзушылар тергеуде болған. Енді негізгі айыппен қоса, оларға изолятордан қашқаны үшін жаза мерзімі қосылуы мүмкін.
«8 наурызда Қарағанды облысы Шахтинск қалалық полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысының серуендеу ауласынан тергеу барысында қамауға алынған екі адам қашып кетті. Алайда қылмыскерлер алысқа ұзап кете алмады. Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері бірнеше сағат ішінде қашқындарды ұстады. Қашу фактісі бойынша ҚР ҚК 426-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген хабарламада.