Депутат бас прокурордан мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің есімін сұрады
Депутат бас прокурордан мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің есімін сұрады
Фото: Еgemen.kz
250
оқылды

Парламент Мәжілісінің депутаты, Amanat  партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа қаңтар оқиғасына қатысты бірнеше сауал жолдады. Ол елдегі ең ірі оқиға туралы негізгі мәліметтер әлі де ашық емес екенін айтты. 

Депутаттың айтуынша, уақыт ұзаған сайын тұрғындардың сенімі азайып, күдік көбейе бастады. Ол бас прокурордан, тиісті күштік құрылымдардан және мемлекеттік орган басшыларынан қазір қоғамды алаңдатқан бірнеше сұраққа жедел, бүкпесіз және ашық жауап беруін талап етті. [caption id="attachment_187234" align="alignleft" width="362"]Жанарбек Әшімжан, депутат Жанарбек Әшімжан[/caption]
"Елдіктің тамырына балта шабуды көздегендердің көшіне ілесіп, еліміздегі ірі қалалардағы әкімшілік орындары мен бизнес нысандарына, күштік құрылым ғимараттарына шабуылдағандар кімдер? Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған, қару ұрлаған кімдер? Қанша адам жәбірленді? Жапа шеккен кәсіпкерлер мен зәбір көрген азаматтарға толық көмек көрсету процесі қашан аяқталады? Арандаған және арандатқан кімдер? Өртеніп жатқан ғимараттарға бас-сирағын үйтіп жүргендер кімдер? Изоляторларға қамалғандардың жай-күйі қалай? Олардың құқы қай деңгейде сақталып жатыр? Қылмыстық іс қашан аяқталады? Сотқа қашан жіберіледі? Жалпы сол күндері қандай жағдай болды?", – деп сауал жолдады депутат Мәжілістің кезекті отырысында.
Жанарбек Әшімжанның мұндай сауал жолдауы бекер емес екен. Ол Алматы қаласы мен облысын аралап, тұрғындармен жүздескен.  
"Мәжіліс депутаты ретінде қалың бұқарамен және істі болып жатқан азаматтардың туыстарымен арнайы кездестім. Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторына барып, жастармен сөйлестім. Себебі істі болып жатқандардың ата-аналары, туыстары «тергеу изоляторларында нағыз азаптаулар, қылмысты күшпен мойындатудың адамтөзгісіз түрлерін қолданып жатыр» дегенді алға тартты. Бүкіл камераларды аралап, әрқайсымен жеке-жеке сөйлесіп, көз көріп, көңіл сенген жағдайларды көңілі алаң болып отырған туған-туыстарына жеткіздім. Дәл осындай кездесулерді әріптестеріміз Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында да өткізген болатын", – деді депутат.
Айта кетейік, қазірге дейін қаңтар оқиғасына қатысы бар адамдардың үстінен 2 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаға байланысты 800-ден астам адам ұсталды. Оның көбі «Терроризм актісі», «Жаппай тәртіпсіздік», «Адам өлтіру», «Билік өкіліне күш қолдану», «Бөтеннің мүлкін қасақана жою», «Бұзақылық», «Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» және «Ұрлық» баптары бойынша айыпталып жатыр.