Білім және ғылым министрлігі мектептегі каникулдың уақыты өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді.
Бұған дейін кәсіпкер, Bi Group құрылыс холдингінің негізін қалаушы Айдын Рахымбаев елдегі мектеп оқушыларының демалысын, яғни каникулын төрт аптаға қысқартуды және оқу жылының уақытын 38 аптаға дейін ұлғайтуды ұсынған. Айтуынша, оқу жылының уақытын созғаны білім берудің тиімділігіне әсер етеді. Сондай-ақ кәсіпкер компанияның тұрғын үй кешені жанынан ашылған BINOM орта мектептерінде Білім министрлігінің рұқсатымен оқу жылының ұзартатынын да атап өткен. Алайда Білім министрлігі елімізде оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталатынын және бұл өзгеріссіз қалатынын хабарлады. "Бұған дейін 2021 жылғы тамыз кеңесінің қорытындысы бойынша министрлік Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясына білім алушылардың жүктемесін азайтуға, оқу жылының оңтайлы уақытын анықтауға, білім беру ұйымдарында еңбекке ақы төлеудің сағаттық жалақы жүйесінің артықшылығы мен үлгілік оқу бағдарламаларын жаңартуға қатысты бірқатар зерттеулер жүргізуді тапсырды", - деді вице-министрі Шолпан Каринова. Оның айтуынша, мұндай шешім қабылдау және каникулдарды қысқарту, оқу жылын ұзарту бойынша пилоттық жобаны жүргізу үшін биылғы оқу жылын аяқтау қажет. Меншік нысанына қарамастан, барлық білім беру ұйымдары мемлекеттік жалпыға міндетті стандартты сақтауы тиіс.