"Жинаған ақшамды бермей отыр" – Эльенора Жанасбаева зейнетақы қорын сотқа берді
"Жинаған ақшамды бермей отыр" – Эльенора Жанасбаева зейнетақы қорын сотқа берді
©stan.kz
164
оқылды

Қазақстаннан Германияға қоныс аударған Эльенора Жанасбаева Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын сотқа берді. Оның айтуынша, еліміздің зейнетақы қоры оған жиналған қаражатын қайтарып беруден бас тартқан.

"2018 жылы шетелге көшу жайлы шешім қабылдап, Германияға қоныс аудардым. Қазақстанда шамамен 12-13 жылдай жұмыс істедім. Осы уақыт аралағында зейнетақы қорында адал еңбекпен тапқан 4 миллион жиналыпты. 2021 жылдың қазанында БЖЗҚ-ға өтініш жаздым. 8 қазанда құжаттың қабылданбайтыны жөнінде қолхат жіберді. Себебі ретінде Қазақстан Республикасы азаматтығының болмауын көрсеткен. БЖЗҚ тұрақты мекенжайымды Германияға ауыстыру процесін рәсімдемеуімді алға тартып отыр", – дейді әйел. Эльенора Жанасбаева БЖЗҚ-ның бұл шешімі "Зейнетақымен қамсыздандыру" туралы заңға қарама-қайшы деп тауып отыр. "Зейнетақымен қамсыздандыру" туралы заңда зейнетақы жинағын ҚР азаматтығынан айырылған кезде және тұрақты тұрғылықты мекенжайын шетелге ауыстырған жағдайда берілетіні көрсетілген. Енді БЖЗҚ өкілдері маған көші-қон полициясына барып, жүйедегі құжаттардың жарамсыздық мәртебесін өзгертуге кеңес беруде. Алайда көші-қон полициясы тұрақты мекенжайын өзгерту туралы рұқсатты тек ҚР азаматтары мен Қазақстан аумағында тұратын адамдарға береді. Ал мен Қазақстан азаматы емеспін және тұрақты тұрғылықты мекенжай алу үшін Германияда тіркеуден шығуым керек. Жұмыстан кетіп, Қазақстанға келуге мәжбүрмін", – деп қосты ол. Эльенора Жанасбаева Қазақстанда тұрғылықты тұратын мекенжай алу үшін Германия билігінің рұқсаты қажет екенін айтады. Тек осыдан кейін ғана жүйедегі мәртебені өзгерту туралы көші-қон полициясына сұраныс тастай алады. Аталған мәселеге байланысты БЖЗҚ-ның мәліметінше, "Халықтың көші-қоны туралы" Заңының 55-бабына сәйкес, Қазақстан азаматы басқа елге кету үшін міндетті түрде ішкі істер органдарында тіркеуден өтуі керек. Бұл оның салық берешегінің жоқ екенін растайтын үрдіс. “Алдымен басқа елдің азаматтығын рәсімдеп, содан кейін Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты мен жеке куәлігін Қазақстан Республикасының консулдығына тапсырады. Онда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Жеке тұлғалар" Мемлекеттік Деректер базасында "Азаматтықтан айырылу" деген белгі қойылады. Мұндай белгімен БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын төлей алмайды. Зейнетақы қорындағы төлемін алу үшін азамат ең бірінші басқа елге тұрақты тұруға кетуін рәсімдеп, бұдан кейін басқа елдің азаматтығын заңдастырған жөн. Келесі кезекте зейнетақы төлемдерін алу үшін БЖЗҚ-ға құжаттар топтамасын ұсыну қажет”, – деді БЖЗҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева. Эльенора Жанасбаева зейнетақы жинақтамасын қайтарып алу үшін сотқа жүгінген. Енді кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін сот шешеді. Бұл жайында Stan.kz жариялады.