Шымкент ауа райының еркелігін көтере алмайды. Жел үп етсе жарық өшеді, жаңбыр жауса су басады. Мұндай зардапты, әсіресе Қаратау ауданының тұрғындары тартады. Себебі Қаратау ауданы жаңадан құрылған, яғни жаңа үйлер, жаңа қоныстар. Наурыз айы басталысымен басталған жаңбырдан қала көшелерін су алып, көпқабатты үйлерден су сорғалап жатыр. Әсіресе, Республика даңғылының бойында көліктердің жүруі де қиындап кетті. Ал, Қаратау ауданына қарасты Тұран шағын ауданындағы «Адия» тұрғын үй кешені 979/15 үй тұрғындарының жанайқайы мүлдем бөлек. 160 пәтерлі үй «Самұрық-Қазына» АҚ желісі бойынша мемлекеттік бағдарламамен алынған. Осынша тұрғынның жылдар бойы үй кезегінде тұрып, қолы жеткен баспанасы. Тұрғын үй кешенінің тұрғыны Айгүл Мырзаева мұнда проблеманың өте көп екенін айтады. «Арендалық үйді 13 жылға бөліп төлеуге келісімшартқа отырғанбыз. Алайда бала-шағамыздың аузынан жырып ай сайын 130 мың теңге көлемінде төлеп отырған үйіміз 13 жылда құлап бітетін шығар деп қауіптенеміз. Дұрыс орнатылмаған кәріз жүйесінің салдарынан кәріз жарылып үйдің алдын алып кетті. Барлық кәріз құдықтары атқылап, есіктің алдына шыға алмай қалдық. Иісі жер дүниені алды. Жаңбыр болса құйып тұрды. Кеше кеште түнімен сонымен алысып, бүгін ауырып жатып қалдым», - дейді ол.