Шымбұлақта қар көшкіні болып, бір адам қайтыс болды
Шымбұлақта қар көшкіні болып, бір адам қайтыс болды
Фото: Shymbulak.com
468
оқылды
Алматының Шымбұлақ туристік аумағынан жоғары тұста қар көшкіні жүріп, бір адам қайтыс болды, – деп хабарлады «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты.  10 наурыз күні тауда шаңғы теуіп жүрген демалушы қар көшкінін түсіретін құралмен соқтығысып, көшкін астында қалды.
"Таңғы сағат 10:58-де курорттың құтқарушыларына Комби-2 тірегінің 8-ден жоғары аймағында қар көшкіні болғаны туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына сағат 11:02-де жеткен құтқарушылар ер адамның денесін тапты. Салдарынан 1975 жылы туған азамат қайтыс болды.  Белгілі болғандай, ол рұқсат етілген аймақтан шығып кеткен", – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта аспалы жолдың (Комби-2) жұмысы тоқтатылды. Түскен қар массасының көлемі анықталып жатыр. Оқиға орнына Алматы төтенше жағдайлар департаментінің 1 маманы мен 1 техникасы, республикалық жедел-құтқару жасағының бір техникасы мен 8 қызметкері жұмылдырылды. Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы ТЖД №4 «Қазгидромет» РМК дауылды ескертудің негізінде тұрғындарға таудағы көшкін қаупі туралы ұялы телефонмен смс, сонымен қатар БАҚ арқылы хабардар етіп ескерткен болатын.