Жамбыл облысы Меркі ауданындағы шекара бекетінде сарбаздың із-түссіз жоғалып кеткеніне бір жетіден асты. Андас батыр бөлімінде борышын өтеп жүрген Ұлықбек Бердішевті іздеуге Қызылорда облысынан жақындары келіп, қазір төрт бағыт бойынша 50 адам таулы аймақтарды тінтіп жатыр. Естеріңізге салсақ, Ұлықбек 2 наурыз күні әскери бөлімнің ат қорасын тазалап жатқан жерінен ізім-ғайым жоғалып кеткен болатын. Бұл дерек бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу жұмыстарын бастап, қызметтік тексеруді жүргізуде. Ұлықбектің анасы Орынкүл Мерекова көпшіліктен баласын табуға көмектесулерін сұраса, әкесі Айдарбек Бердешов ұлының соңғы уақытта көп ақша сұрағанын айтады. – Негізі әскерилер көп нәрсені жасырып отыр. Баламның ауруханаға түскенін айтпады. Төбелесіп, таяқ жегенін де естіртпеді. Тек балам жоғалғанда бізге хабар беріп отыр. Одан кейін соңғы кезде балам күнара қоңырау шалып ақша сұрайтынды шығарда. Не үшін десем, «қарным ашып жүр» деп айтты. Сұраған ақшасының бәрін жібердім, – дейді Ұлықбектің әкесі. Жалпы Ұлықбек отбасының тұңғышы. Ол 2021 жылы 10 қыркүйекте әскери борышын өтеуге аттанған. Енді міне, ай-күннің аманында ізім-ғайым жоғалып кетіп отыр.