Азық-түлік бағасы қалай өзгереді – Magnum желісі пікір білдірді
Азық-түлік бағасы қалай өзгереді – Magnum желісі пікір білдірді
© anatili.kazgazeta.kz
Валюта нарығындағы күрделі жағдай мен теңге бағамына байланысты Magnum ірі сауда желісі дүкендерінде бағаның өсуі болжанып отыр, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әзірге біздің жеткізушілеріміз бұрын әкелінген тауарларды қайта бағалауға өтінім берген жоқ. Оған қоса рубль мен теңге бағамдарының құбылмалылығы және жеткізу тізбегінің өзгеруі жаңа импорттық жеткізілімдер мен импорттық құрамы жоғары (ингредиенттерден бастап қаптауға дейін) қазақстандық өнімдердің бағасына әсер етеді. Бағаны өзгерту орта есеппен 20-25% құрайды», – деді Magnum сауда желісінің PR-менеджері Дмитрий Шишкин ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қазіргі жағдай теңге бағамының құбылмалы болуымен ғана емес, Қазақстанға Ресей арқылы келетін импорттық тауарды жеткізу тізбегін бұзу қаупімен де ерекшеленеді. Сонымен бірге, халықаралық брендтердің едәуір бөлігі Ресейде өндіріс ошақтарын ашқан, олар шетелден шикізат, компоненттер және басқа заттарды жеткізуге тәуелді.
«Біз қазір Ресей аумағынан тыс жеткізілімді жолға қойып жатырмыз, бұл әдеттегі жеткізілім тізбегі мен басқа да шығын әкелетін өзгерістерге байланысты тауар бағасына әсер етуі мүмкін», – деп толықтырды Дмитрий Шишкин.
Спикер қазіргі уақытта ресейлік өндіріс тауарларының пайызы ассортименттің шамамен 10%-ы екенін атап өтті. Ресей арқылы басқа елдерден әкелінетін импорт – ассортименттің шамамен 40%-ын құрайды. Еске сала кетейік, 24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Украинада арнайы әскери операция жасау туралы шешім қабылдады. Сол күннен бастап Украинада әскери жағдай енгізілді. Осыған байланысты АҚШ пен Еуропа Ресейге бірқатар санкциялар енгізді.