Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогының Германиямен іріктеу матчын елордада өткізеді. Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, аталмыш сайыс Ұлттық теннис орталығының арнайы құрылған топырақ төсенішінде болады. Арена 2 500-ден астам көрерменге есептелген, мұнда Қазақстан ерлер және әйелдер құрамаларының ойындары бұдан бұрын да бірнеше рет өткен болатын. Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский Ұлттық теннис орталығының кездейсоқ таңдалмағанын жеткізді. – Елорда корттарында біздің құрамалар жақсы өнер көрсетіп келеді. Олар Швейцария, Аргентина, Жапония, Италия, Португалия, Нидерланд секілді атақты қарсыластарын жеңді. Жақсы дайындық пен жанкүйерлердің қолдауының арқасында 20 матчта жеңіске жеттік, – деді Ю.Польский. Қазақстан – Германия арасындағы кездесу 15-16 сәуірде өтеді. Жеңімпаз құрама жыл соңында өтетін финалдық кезеңге жолдама алады. Өткен жылы сәуірде Аргентинада корт иелерін жеңген қазақстандық қыздар осы плей-офф кезеңіне жолдама алған болатын.
А.ЖАСАНҰЛЫ