Жоғарғы Сот судьясы қызметінен кетті
Жоғарғы Сот судьясы қызметінен кетті
196
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында Жоғарғы Соттың судьясын қызметінен босату мәселесі қаралды. Нәтижесінде, депутаттар соттың айыптау үкімі заңды күшіне енуіне байланысты Мейрам Жанғұттиновтың өкілеттігін тоқтатуды қолдап дауыс берді. Сонымен қатар сенаторлар «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Бұл келісім одаққа мүше мемлекеттердің өзара саудасын жүзеге асыру кезінде ЕАЭО-ның кедендік аумағы арқылы қауіпті қалдықтардың трансшекаралық өткізілуіне байланысты қатынастарды реттеуге бағытталған. «Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында қауіпті қалдықтарды өткізудің бірыңғай тәртібін айқындайды. Сондай-ақ оларды тасымалдау кезінде берілген қорытындылар мен анықталған бұзушылықтар туралы ақпарат алмасудың құқықтық негізін қалыптастырады. Алдағы уақытта осы заң қауіпті қалдықтарды жоюға және қайта өңдеуге, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев. Келісімнің мақсаты – 1989 жылғы 22 наурыздағы Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясында көзделген халықаралық міндеттемелерді орындай отырып, Еуразиялық одақтың тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасау. Бұл халықаралық шарт – одаққа мүше мемлекеттер арасында қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізудің бірыңғай тәртібін қолдану, оларды экологиялық негізделген ереже бойынша жою, қайта өңдеу мен қоршаған ортаның ластануын болдырмауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Қолданыстағы Экологиялық кодекс нормаларына сәйкес, ел экономикасының сапалы өсуі – экологиялық жағдайға теріс ықпалын барынша азайтуға негізделуі тиіс және бұл талап бүгінде қоғам алдындағы өзекті міндеттердің бірі. Сондықтан келісімнің қабылдануы – маңызды, уақытылы және негізді түрде тиянақталған деп айтуға болады. Сонымен қатар ол одаққа мүше мемлекеттердің өзара саудасын жүзеге асыру кезінде үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізуге қатысты қатынастарды да реттейді», – деді сенатор Д.Мусин. Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауал жолдады.