«Аманат» партиясының (бұған дейінгі «Nur Otan») кезектен тыс XXII съезінде саяси ұйымның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық қабылдау орындарының жұмысын жетілдіру жөнінде сөз қозғап, мұнда тұрғындар тек арыз-шағымдарын айтып қоймай, сонымен бірге елді, мемлекетті дамыту туралы тың идеялары мен ой-толғамдарын да ұсынса жақсы болады деген еді. Бүгінде қоғамдық қабылдаулар билік партиясының жергілікті жерлердегі негізгі тірегіне, түрлі проблеманы талқылау алаңына айналды. Жоқ іздеген жанның көбі керегін осы жерден тауып, құзырлы органдарға деген тілегін осы жерден жолдап жатады. Мәселен, былтыр партияның республика бойынша 238 қоғамдық қабылдау орнына 174 мың өтініш түсіп, 34 400 рет жүзбе-жүз қабылдау өткізілген. Оның 53 пайызы оң шешімін тапқан. Қабылдауда 75 300 адам болған. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 3 есеге өскен. Мұның ішінде фракция мүшелері – Парламент Мәжілісінің депутаттары – 178 қабылдау, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері (Премьер-Министрдің орынбасарлары, министрлер, агенттік төрағалары, т.б.) – 133 қабылдау, партия филиалдары төрағалары (облыс, аудан және қала әкімдері) 1,8 мың қабылдау жасаған. Бұдан бөлек, «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында 2,6 мың тақырыптық және көшпелі кездесу өткізілген, оған 5,6 мың адам қатысқан.
Қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге қол жеткізді
Былтыр биліктегі партияның Ақмола облыстық филиалына «Қазақ соқырлар қоғамы» мен «Қазақ саңыраулар қоғамы» өкілдерінен қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге рұқсат беру туралы өтініш түскен болатын. Кейін білуімізше, бұл ұйымдар Көкшетау қаласының атқарушы органына көп жылдан бері арызданып келген екен, бірақ мәселе жылдан-жылға сырғып, оң шешімін таппаған. Осыған орай партияның өңірлік филиалы төрағасының орынбасары Ғалым Бекмағанбетов жергілікті 200-ге тарта есту және көру қабілетінен айырылған мүгедектердің атынан келген арызданушыларды қабылдап, дөңгелек үстелге қалалық депутаттар корпусының өкілдерін шақырды. Нәтижесінде, 2021 жылы мамыр айында қалалық мәслихаттың кезектен тыс VI сессиясында депутаттардың «Көкшетау қаласында қоғамдық көлікте азаматтардың кейбір санаттарына жүруге жеңілдік беру туралы» шешіміне сәйкес, олардың тілегі қанағаттандырылды. Осы өзгерістерге байланысты мүгедектердің бұл санаттағы тобынан басқа бөтен мемлекеттерде соғыс қимылдарына қатысқандарға, ҰОС ардагерлері мен марқұмдардың жұбайларына немесе ҰОС мүгедектігіне теңестірілгендерге де қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге рұқсат берілді. Бір қызығы, аталған санаттағы адамдар республиканың басқа өңірлерінде автобуспен тегін жүреді екен, бірақ көкшетаулық мұқтаж жандар осы мүмкіндікке қол жеткізе алмай келген. Енді, міне биліктегі партияның араласуымен бұл келеңсіздік жойылды.Газ тартып, интернетті қосты
Партияның Алматы қаласындағы филиалының қоғамдық қабылдауына Медеу ауданының тұрғыны А.Болатбекова келіп, «Меркур град» ТК-інде газдың жоқ екенін айтып шағымданған. Тұрғын үй кешенін газға қосу 2019 жылдың аяғына жоспарланғанымен, бұл жұмыстар былтырғы жаздың ортасына дейін атқарылмаған. Азаматтардың шағымынан кейін партия өкілдері «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ газ тарату басшылығына шығып, тұрғындардың арызына құлақ асуға кеңес берген. Соның арқасында көп кешікпей тұрғын үй кешеніндегі 37 пәтер көгілдір отынға қосылды. Ал Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының шалғайдағы Ленино селосының халқы көптен бері интернетке қол жеткізе алмай, пұшайман күй кешті. Бұл мәселе тек өңірлік қоғамдық қабылдауға арызданғаннан кейін бір-ақ шешілді. 2021 жылдың шілде айының соңында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында селоға республикалық бюджет есебінен ұялы интернет жабдығының мұнарасы орнатылды. Енді ауылдықтар Beeline, Activ, Kceel, Altel операторларының интернет желісін пайдалана алатын болды.Медициналық учаске ашылды
Биліктегі партияның Қарағанды облысы Абай аудандық филиалының қоғамдық қабылдауына Кеңгірбай би ауылының тұрғыны, ІІ топтағы мүгедек Ержан Тоқтамысұлы хабарласып, елді мекенде медициналық пункттің жоғына шағымданған. Сол себепті ауылдықтар дәрігерге көріну үшін жылдар бойы көрші Көкбай ауылына шапқылайды екен. Ал ол елді мекен бұл ауылдан 25 шақырым қашықта орналасқан. Сөйте тұра, аудан орталығы Қарауыл селосы Кеңгірбай би ауылынан небәрі 7 шақырымда жатыр. Бірақ ол жерде мұндай қызмет көрсетілмейді. Салдарынан ауылдықтар басы ауырып, балтыры сыздаса, көлік іздеп әуреге түседі. Тіпті, әлдеқайда қажеті бола қалған бір жапырақ дәрігерлік анықтаманы алудың өзі қиынға соғады. Осыған орай Абай аудандық партия филиалының өкілдері, мәслихат депутаттары А.Үркімбаев пен А.Балтақаева Қарауыл ауылында жаңа медициналық учаскенің ашылуына ықпал етті. Енді Кеңгірбай би ауылының 590 тұрғыны дәрігерге осында қаралатын болды. Ауылдықтардың көп жылдан бері шеше алмай келе жатқан проблемасы партиялықтардың арқасында осылай оң шешілді.Статистиканың сырына үңілсек...
Айта берсе, мұндай арыз-шағым көп. Талдау көрсеткендей, шағымданушылардың 63 пайызы – әйелдер, 22 пайызы – көпбалалы отбасылар мен толық емес отбасы мүшелері және 13%-ын ерекше мұқтаж жандар мен зейнеткерлер құраған. Арыз-шағым келесідей жіктелген: әлеуметтік қамсыздандыру – 35%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 13%, еңбекпен қамту және еңбек қатынастары – 10%, денсаулық сақтау – 5%, мемлекеттік қызмет органдарына арыздану – 3%. 2020 жылмен салыстырғанда БАҚ және әлеуметтік желілердегі жарияланымдар 3 есе өсіп, жалпы саны 24,3 мың материалға жетті. Оның 5,2 мерзімдік баспа басылымдарында жарияланған. Шағымдардың 38%-ы (64,7 мың) онлайн режимінде жүргізілген. Әсіресе, WhatsАpp пен Telegram арқылы (23,6 мың) және Call-орталық арқылы шағымын жеткізушілер көп (21,7 мың). Сондай-ақ тұрғындар жергілікті филиалдардың жедел телефон желісін (7,7 мың), әлеуметтік желілерді (6,4 мың), хат жіберу үшін партия сайтының электронды поштасы мен eGov электронды үкімет порталын жиі пайдаланған(5 мың). Онлайн өтініштер, әсіресе Түркістан облысында(9,4 мың), Шымкент қаласында(6,4 мың), Павлодар (2,9 мың), Жамбыл (1,3 мың) және Алматы (1,1 мың) облыстарында жиі түскен. Азаматтарды қабылдау бойынша әлеуметтік желілерде 4 657 онлайн трансляция жүргізілген. Қорыта айтқанда, құрылғанына 23 жыл толып отырған биліктегі партия елдің саяси сахнасында пайда болғаннан бастап бүгінге дейін Қазақстанның жалпы партиялық жүйесінің дамуына маңызды әсер етіп келеді. Ол басқа партияларды өзіне біріктіру арқылы елдегі саяси жүйенің локомотивіне айналды. Ал бұл істе халықпен етене араласып, түрлі тұрмыстық проблемасын шешуге ықпал етіп отырған, сол арқылы ел арасында үлкен бедел-абыройға ие қоғамдық қабылдаулардың орны ерекше.