Халыққа балық берме, қармақ бер
Халыққа балық берме, қармақ бер
329
оқылды
– «2025 жылға дейінгі халықтың ақшалай табысын көтеру» бағдарламасы жалпы дер кезінде әзірленіп жатқан құжат деп есептеуге болады. Біріншіден, бұл мәселенің сондай өзектілігін ескеріп, Президентіміз биыл 11 қаңтар күні тапсырма берген болатын. Қазір халықтың ақшалай табысы, инфляцияны ескерген кезде, 2021 жылдың қаңтар-қараша айларында 3,1 пайызды құрады. Ал бұл көрсеткіш 2019 жылы 6,4 пайыз болған. Яғни, күрт төмендеді. Оған себеп – экономикалық өсім қарқынының құлдырауы. Өйткені өздеріңіз білесіздер, 2020 жылғы эпидемиялық ахуалға байланысты экономикалық өсім 2,5 есеге түсіп кеткен болатын. 2021 жылдың 9 айында 3,6 пайыз төмендеді. Сонымен қатар инфляциялық көрсеткіштер де жоғары болды. 2020 жылы – 7,5 пайыз, 2021 жылы 8,4 пайызды құрады. Сәйкесінше, осы мәселе халықтың ақшалай табысының төмендеуіне әкелді. Бұл бағдарлама 4 бағытты құрайды. Бірінші – халықтың ақшалай табысын, яғни еңбекақысын көтеру. Екінші бағыты – кең ауқымда жұмыс орындарын ашу, жұмыспен қамту. Үшінші бағыты – халықтың төлем қабілеттілігін жоғарылату. Төртінші – ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл жердегі идеология «Халыққа балық берме, қармақ бер!» дегенге саяды. Егер тарқатып айтсақ, мұнда бюджеттік салаға қатысты қызметкерлердің барлығында жалақы жоғарылайды. Бұл 76 мың дәрігердің еңбекақысы 2021 жылғы 320 мыңнан 2023 жылға дейін 531 мың теңгеге, 173 мың орта медициналық персоналдың айлығы 173 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін өседі деген сөз. Одан бөлек, 600 мыңнан аса педагогтің –мектепке дейінгі, орта мектеп, колледж мұғалімдерінің еңбекақысы артады. Жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамның, яки 1 556 адамның айлығы 163 мың теңгеден 353 мың теңгеге дейін көбейеді. Сондай-ақ 74 ғылыми-зерттеу институтындағы 1 200-ден аса ғалымдардың, халыққа қызмет көрсету орталықтарының фронт-кеңседегі 9 200-ден астам қызметкерінің жалақысы өседі. Спорт төрешілерінің, сот-медициналық сараптамашылардың, «Самұрық-Қазына» компаниясының өндірістік персоналының қызметтік жалақысы артады. Студенттер, магистранттар, докторанттардың да стипендиялары көбейеді. Жалпы айналып келгенде, бұл жасалып жатқан қадамдар тікелей шара болып есептеледі. Ал жанама шараларды қарайтын болсақ, оның жалпы мақсаты жұмысқа орналастыру арқылы және біліктілігін арттыру курстарында оқыту арқылы табысын арттыруға негізделген. Бұл жұмыстардың барлығы биылдан бастап қолға алынбақ.

Бауыржан МҰҚАН, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ  басқарушы директоры