Осыдан 16 жыл бұрын қазақ елі цифрлық даму жолына түсті: 2006 жылы «электронды үкімет» порталы құрылды. 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» мембағдарламасы қабылданды. Содан бері оған жүздеген миллиард ел қаржысы шығындалды. Оның не қайтарымы болды? Цифрландыру дегенде осы жылдары кеңжолақты интернетке ауыл-аймақ тегіс қол жеткізбеді. Ал экономика қаншалықты цифрланды? Жаңа жағдайда, Батыс елдерінің Ресейге алапат санкциялары аясында осы сала қалай өркендемек?
Интернеті барлар үйде отырады
Алматы облысы Қарасай ауданының «Рахат-1» кентінің тұрғыны Нұрлан өздерінің әлі күнге интернетке жарымағанына шағымданады: «Әрине, кейбір жерде интернетке шығуға болады, бірақ жылдамдығы өте төмен. Beeline-ның базалық стансасы орнатылып, соны барлық оператор бірлесе пайдаланады деген. Ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері әлденеше рет жоғары жаққа арызданды. Нәтиже шықпады. Жасыратыны жоқ, Алматыдағы қаңтар оқиғаларына біздің және айналамыздағы елді мекендердің тұрғындары белсенді қатысты. Халық ашынып бітті. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жасалмағаны және цифрлық теңсіздік – жұртшылықтың наразылығына себеп. Биліктен проблемамызға назар аударып, базалық стансаны орнатуды және 4G протоколы бойынша интернетке қол жеткізуге мүмкіндік беруді сұраймыз», – дейді кент тұрғындары атынан Нұрлан. Түркістандық Сәбитжан Сайлауұлы да дәл Арыс қаласының іргесіндегі Тоғансай, Бақырша, Ақтас, 42-разъезд және басқа да ауылдар ұялы байланыспен мүлдем қамтылмағанын, интернет желісіне қосылмағанын айтады. «Медициналық жәрдем қажет бола қалса, ұрлық, төтенше жағдай болса, құзырлы органдармен байланысуымызға мүмкіндік жоқ. Елде болған карантин шектеулері кезінде балаларымыз қашықтан білім ала алмады. Әрі қазіргі заманда ұшқыр интернет болмаса, бала қалай сапалы білім алады? Ересектер де өзекті, қажетті ақпараттар ала алмай отыр. Сол себепті биліктен біздің елді мекендерді ұялы байланыс операторларына қосуды, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды өтінеміз», – дейді ол. Мұндай талап-тілектер өте көп. Себебі интернеті болмай, «ақпараттық блокадада» отырған елді мекендер жетерлік. Ресми дерек бойынша, Қазақстандағы барлық 6 459 елді мекеннің ішінде 2021 жылғы жағдай бойынша 5 214 ауыл, 88 қала және 30 қалалық үлгідегі кент интернетпен қамтамасыз етіліпті. 127 мыңнан астам адам тұратын 1 100-ден астам ауыл интернетсіз қалды. Бұл жерде сапа мәселесін айтудың өзі ұят: тіпті ірі мегаполистеріміздің өзінде интернеттің жылдамдығы тым баяу.«Цифрлық Қазақстанға» қанша шығындалды?
Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Жәнібек Қоңырғазин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге: «Қазақстандағы цифрландыру саясатына бөлінген қаржы мөлшері қанша және ол қайда жұмсалды? Мемлекеттен бөлінген қаржының қанша бөлігі жемқорлық әсерінен шығынға кетті? Ұрланған қаржы мөлшері цифрландыру саясатын қаншалықты тежетті?» деп төтесінен сұрақ қойған болатын. Министрдің айтуынша, елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын Үкімет 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №827 қаулысымен бекітті. Бірақ оны жүзеге асыру 2018 жылы басталды. – Мембағдарламаны іске асыру нәтижесі бойынша 2018-2020 жылдар кезеңінде 51,2 миллиард теңге игерілді. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган ретінде біздің министрлік 2020 жылы меморгандардың ақпараттық жүйелерін құруға және сүйемелдеуге тағы 24 миллиард теңгеден астам қаражатқа қолдау көрсетті. Бұған қоса, 2021 жылы 28 миллиард теңгеден астам сомаға қолдау көрсетілді, – деді Б.Мусин. Сарапшылар бұл ақпаратқа сенбейді. Осының алдында ашық ақпарат көздерінде «Қазақтелеком» және «Транстелеком» 2018-2031 жылдар аралығын қамтитын, алыс ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету бойынша МЖӘ жобаны жүзеге асырып жатқаны хабарланды: бұл жобаның жалпы сомасы шамамен 140 миллиард теңгеге түсетін көрінеді. Бұдан бөлек, 2020 жылы Мәжілістегі Үкімет сағатында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына меморгандардың 371 миллиард теңге жұмсағаны жария етілді. [caption id="attachment_187440" align="alignleft" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Қалай болғанда, цифрландыруға бағытталған қаржы ағыны мұнымен таусылмайды және алда тек арта бермек. «Ел Үкіметінің 2021 жылы 12 қазандағы №727 қаулысымен «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы қабылданды. Ұлттық жоба 2 блоктан тұрады: цифрлық трансформация және ғылымды дамыту. Цифрлық трансформация блогы 184 іс-шараны қамтиды: оларды іске асыруға республикалық бюджеттен 614,5 миллиард теңге көзделген. Мұның сыртында басқа көздерден, заңмен тыйым салынбаған өзге де қаражаттар тартылады. Ұлттық жобаның іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдар аралығы», – деді Цифрлық даму министрі. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасында оны іске асыру үшін қажетті қаржыландыру көлемі 2 трлн 255 млрд 900,3 млн теңгені құрайтыны көрсетілген. Б.Мусин елді цифрландыру барысында қанша қаражаттың босқа талан-тараж етілгені туралы ақпараттың өзінде жоқ екенін жеткізді: «Бұл мәселе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құзыретіне кіретіндіктен, бұл ақпаратты ұсыну мүмкін болмай тұр». Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» жобасы айналасында даулар дүркін-дүркін бой көрсетіп тұрады. Мысалы, 2019 жылы Есеп комитеті дәл осы мембағдарламаның іс-шаралары толыққанды жүзеге асырылмағанын, көзбояушылық көп екенін әшкереледі. «Білім және ғылым министрлігі әзірлеген, жалпы құны 35 миллиард теңгені құраған е-learning электронды оқыту жүйесі қолданысқа сол бойы қабылданбаған», – деп құлағдар етті Есеп комитеті. Бұл үшін ешкім жазаланбады. Мектептер бүгінде жекеменшік компаниялардың ақылы білім платформаларын пайдаланады.Санкциялар «санды секторды» сансырата ма?
Цифрлық Қазақстан дегеніміз – интернет пен электронды оқыту ғана емес. Ол өнеркәсіпті де қамтиды. Мысалы, мембағдарламада өңдеуші және тау-кен өндіруші өнеркәсіпте модельді цифрлық фабрикалар құру бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылатыны айтылған. «Фабрика» деп шартты аталған осы кәсіпорында Индустрия 4.0 технологиялары енгізілетіні және олар өзге кәсіпорындарға «цифрлық технологияларды өндіріске енгізудің тиімділігін паш етуге» қызмет ететіні хабарланды. Осы орайда жуырда «Қазмырыш» (Kazzinc) тау-кен металлургиялық корпорациясы акциясының 69,7 пайызына ие швейцариялық Glencore Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Тишин кеніші 2023 жылы жабылатынын жариялады. Риддер қаласынан оңтүстікке қарай, 15 шақырым жерде орналасқан бұл кеніш – еліміздегі ең жоғары цифрландырылған, автоматтандырылған кен орны. Іnbusiness.kz агенттігінің дерегінше, Тишин кеніші – негізгі тау-кен жұмыстары адамсыз, өздігінен жүретін шахталық машиналармен жүзеге асырылатын Қазақстандағы тұңғыш кеніш. Онда шахталық суларды сыртқа сорып шығару, кенді көтеру, кен көтеруші құрылғыны және дозаторлық камераны басқару схемалары және басқа процестер толық автоматтандырылған. Кенді Mettler Tolledo құрылғысы сыртқа тасымалдайды, ол тіпті вагонеткалардың салмағын қозғалыс кезінде өлшеуге мүмкіндік береді. Жерасты «үңгірлерін» торкрет-бетонмен нығайту ісі өздігінен жүретін тау-шахталық машиналар кешеніне жүктелген, бұл бір жағынан еңбек өнімділігін арттырды, екінші жағынан адамдардың басын бәйгеге тігуден құтқарды. Бұрғылау да 90 пайызға дейін автоматтандырылған. Glencore осы автоматикамен, роботтармен, пилотсыз жүретін машиналармен «мұздай қаруланған» кенішті не үшін жабатынын түсіндірмеді. Сарапшылар компанияның әлемдегі жобаларын оңтайландырып, өндірісі мен табыстылығы азайған кеніштерін жауып жатқанына назар аудартады. Сарапшылар Ресей-Украина арасындағы соғыс және дамыған елдердің солтүстік көршіге теңдесі жоқ санкциялары «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының орындалуына да кері ықпал етуі мүмкін деген пікір айта бастады. «Өткен жылы қызылкеңірдек айтыс-тартысқа себеп болған жоба – eGov порталын Сбердің тұғырнамасына көшіруден Үкімет ресми бас тартқан жоқ. Бірақ мұндай жобалар енді белгісіз уақытқа кейінге шегерілуі тиіс. Өйткені ресейлік өнімдерге санкциялық қысым күшеюде, егер Сберге көшірсе, Қазақстанның «электронды үкіметіне», тиісінше ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнбек. Ал технология мәселесіне келсек, бұл жөнінен қиындықтан шығар жол бар. Бүгінде көрші Қытай әлемдегі кез келген технологияның көшірмесін түзді, оның бәрі сапалы емес, бірақ кәсіпорындардың жұмыс істеуіне, тіпті дамуына жарайды», – дейді ІТ маманы, техникалық менеджер Руслан Төлеужан. Қазақстанда тұрмыстық техника дүкендері жоғары технологиялы техникаларға, әсіресе компьютерлер мен ноутбуктерге бағаны 30 пайызға дейін көтеріп жіберді. Сарапшының айтуынша, бұл – валюта бағамының жоғарылауына қатысты спекуляция. Шынында, елде дәл осы техникаға тапшылық тумауы тиіс: олардың басым көпшілігі де Қытайдан әкелінеді. Бұл ел ешқандай санкцияға іліккен жоқ.