Үйлену оңай, үй болу қиын. Қазақтың бұл сөзінің өзектілігі жыл өткен сайын артып келеді. Соңғы кездері әлеуметтік желіде кәмелеттік жасқа толмағандардың отбасын құру мәселесі қызу талқыланып жүр. 14-15 жастағы жасөспірімдер неге ерте шаңырақ көтеруге құмар? Сарапшылардың есебінше, ерте жаста қиылған некенің 90 пайызының соңы ажырасуға әкеліп соғатынын көрсетіп отыр. Ал «Отбасы институты» орталығының әлеуметтік зерттеу қорытындысына сәйкес, 2019 жылы 984 қыз кәмелеттік жасқа толмай тұрмысқа шыққан. Ал ер балалардың саны 70-ті шамалаған екен. Ерлерге қарағанда, қыздар арасында бұл тенденция жыл өткен сайын өршіп барады. Жалпы, портретін жасап көрсек, ерте тұрмыс құратын қыздардың дені негізгі мектепті, 9-сыныпты аяқтаған, ауылда тұрады. Басым көпшілігі қатарына емес, өзінен әлдеқайда үлкен жігіттің жары атанады. Мектепті енді бітірген қыз алдағы отбасылық сынаққа дайынмын деп ойлағанымен, іс жүзінде байыбына бара бермеуі мүмкін. Соның кесірінен алғашқы түсініспеушіліктен кейін-ақ қолды бір сілтеп, ажырасуға бел буады. 2020 жылдың жартыжылдығында 15-18 жас аралығындағы 3 398 қыз баланың жүктілігі тіркеліп, оның 552-сінің түсік жасатқаны анықталған. – 14-15 жаста жыныстық қатынасқа түсу қыз баланың толық қалыптаспаған организміне зиян. Ол 10-15 жылдан кейін біліне бастайды. Сол сияқты жатыры жетілмеген тұста бала көтеру және туу тым қауіпті. Олар әйелдік организмнен бөлек, қыз баланың аурушаң болуы мен ерте қартаюына да әкеліп соғады. Отау құруға ең тиімді биологиялық жас – 22-23 жас, –дейді гинеколог Гүлназ Сәбитқызы.
Өзі бала, ісі шала
«Он үште отау иесі» деген сөз қыз баласына арналмаса керек-ті. Себебі отбасының ұйытқысы, адал жар атанып, ана бақытын сезінуге ойын баласының қауқары жетпейді. Жалпы, ерте жастан некеге тұру әртүрлі жағдайда болады екен. Бірі білместіктен сезім жетегімен алып ұшса, енді бірі күштеп құрылған неке. Соңғы кездері желі қолданушылары отбасын құру мәселесі бойынша жиі пікірталасқа түсіп жүр. Бұған 15 жастағы ақтаулық жасөспірімдер мен 16 жастағы әнші Мұхамедәлі Жүгінісовтің шаңырақ көтеруі де себеп болды. Заңгер Әлімжан Жұбатқанов ерте жастағы неке шын мәнінде заңға қарама-қайшы екенін тілге тиек етті. – Неке жасы еркектер мен әйелдер үшін де 18 болып белгіленген. Десе де, заң екі жағдайда бұл жасты төмендетуге мүмкіндік береді. Біріншісі – қыз жүкті болғанда, екіншісі – ортақ бала туған кезде. Неке қиюмен және оны тіркеумен айналысатын арнайы орган шаңырақ құруға болатын жасты екі жылға, яғни 16 жасқа дейін шегере алады, – дейді Әлімжан Жұбатқанов. Маманның айтуынша, жасөспірімдердің өзін емес, ата-ана міндетін жалпы дұрыс атқармады деп әкесі мен шешесін әкімшілік жазаға тартуға болады. Неке жасын төмендету үшін ерлі-зайыпты болуға тілек білдіріп отырғандар және олардың ата-аналары не қамқоршылары белгіленген неке жасын төмендету қажеттігі туындайтын себептерді көрсете отырып, өтініш жазуы керек. Бұған тек болашақ ерлі-зайыптының келісімімен жол беріледі. Ал кәмелет жасына толмағандар арасындағы немесе неке жасына толған адам мен толмаған адамға тұрмыс құруға рұқсат кәмелетке толмаған адамның ата-анасы не қамқоршысының жазбаша келісімімен ғана беріледі. Айта кету керек, 16 жастағы бала кәмелет жасына толмай отбасын құрып жатса, оған бірқатар міндеттеме жүктеледі.Келетін кесапат қандай?
Жалпы, ерте жастағы некелердің себебін зерттеген сарапшылар көп жағдайда жастық максимализмнің әсерінен жастардың отбасын құруға асығатынын айтады. Бұдан бөлек, ерте есейіп, отбасылық өмірдің дәмін татуға асығу да жастардың ерте шаңырақ көтеруіне себеп болады екен. Ал қыздар үшін отбасылық жағдайға байланысты әке-шешесінің үйінен кетуге асығуы да ерте тұрмыс құруға итермелейтінін жоққа шығармайды. Дегенмен ерте жастағы некенің зияны да бар. Солардың қатарына жыныстық жолмен келетін аурулар, бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөле алмау мен әйелдердің әрі қарай білімін жетілдірмеуі жатады. Ойнап жүріп от басып, балалы болып, соңынан неке қиғандардың ажырасуына себеп те жеткілікті. Біріншіден, материалдық және тұрмыстық қиындықтар. Екіншіден, жас ерекшеліктері. Үшіншіден, адами құндылықтардың қарама-қайшылығы. Төртіншіден, өмірлік тәжірибенің жетіспеуі. – Кәмелет жасқа толмай үйленгендер уақыт өте келе барлығын балалықпен істегенін түсініп, өкінеді. Өйткені осындай некелердің соңы ажырасумен аяқталады. Психологиялық жағынан әлі жетілмеген бала отбасылық өмірге дайын болмайды, – дейді қазақстандық Қоғамдық даму институтының басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова. Әлі оқу бітірмеген, қолдарына диплом алмаған, толыққанды қалыптаспаған жас үйленуге не үшін асығады? Мүмкін мектеп кезінен жыныстық сауаттылық пәнін оқыту керек шығар. Әсем Қайдарованың айтуынша, өкінішке қарай отбасылық өмірге дайындау, жыныстық қарым-қатынас тәрбиесі бізде кеш қалыптасады. Бала үйленудің не екенін білмегендіктен, қателеседі. Мектепте арнайы пән қосқанмен, мәселе шешілмейді. Сондықтан ата-ана баламен осы тақырыпта жиі ашық сөйлесіп, отбасылық өмірге дайындықты күшейтуі керек. Шетелде неге ажырасу аз? Өйткені адам ақылы толысқанда саналы түрде некеге тұрады. Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, өтпелі шақта отбасын құру дұрыс емес. Жастар отбасылық өмірдің тек сезімнен құралатын дүние емес екенін білмейді. Аштық пен ақшасыздық есіктен кіргенде махаббат пен сүйіспеншілік терезеден шығып кетеді. Отбасы екі тараптан құрылғандықтан, жауапкершілік бірдей түседі. Бұл жерде ұлға да, қызға да дұрыс бағыт-бағдар берілмеген. Сондықтан қыздардың білім деңгейін арттырып, ерте жастағы некеден келетін кесапаттар жөнінде, кәмелеттік жасқа жетпей жыныстық қатынасқа түсудің зияны жайында жан-жақты үгіт-насихатты күшейту қажет. – Бастапқыда отбасылы болу жайлы ой болмаған жастар амал жоқтан үйленеді. Бұл мәселеге заңды түрде шектеу қою керек. Ерте үйленген күннің өзінде отбасылық өмір өте көп энергия мен көңіл бөлуді талап етеді. Сол үшін адам өміріндегі базалық қажеттіліктерді шешіп алмай үйленсе, отбасына тиісті көңіл бөле алмайды, – дейді психолог Ержан Мырзабаев. Ерте қиылған некенің қызығы аяқталған соң шыжығы басталады. Дипломсыз қыздар жұмысқа тұра алмайды, жолдасына немесе туысына қаржылай тәуелді болады. Сөйтіп, әлеуметтік осал топ санатына енеді де, гендерлік дискриминацияға ұшырайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады. Республика бойынша ерте неке, 15-18 жас аралығындағы қыздардың аяғы ауыр болу оқиғасы Түркістан, Алматы, Қарағанды облыстарында ең көп тіркеледі. Түсік жасату бойынша да осы өңірлер алда. Соңғы 5 жылдағы деректерге көз жүгіртсек, Қазақстанда жылына шамамен 1 200-ге жуық қыз ерте жаста тұрмысқа шығады екен. Бұған қатысты статистика нақты емесін де ескеру керек. Өйткені көп жағдайда жасырын ұсталады. Одан қалса, некені рәсімдеу тек 18 жастан кейін ғана рұқсат етіледі. Сондықтан бұл шама әлдеқайда көп болуы мүмкін. Ресми дерек бойынша, әлемде 12 млн адам ерте неке құрады екен. Оның 4,4 млн-ы 15 жасқа жетпей отау құратын көрінеді. Кәмелетке толмаған қыздарды тұрмысқа беру деректері көбіне Африкада тіркеледі. Одан кейінгі орында Оңтүстік Азия, Латын Америкасы елдері тұр. Дегенмен кейбір дамыған елдер ерте некенің зиянын бағамдап, күрес жүргізуді де бастап кеткен. Айталық, көршілес Ресей Федерациясында неке құру жасын 21-ге ұзарту туралы мәселе талқыланған. Ал Швеция елінде кәмелеттік жасқа толмағандардың некелесуіне қандай жағдай болмасын мүлдем рұқсат берілмейтін көрінеді. Елімізде жасөспірімдердің шаңырақ көтеруіне заң бойынша тыйым салынғанымен, оның жеңілдіктері де қоса қарастырылған. Ендеше ойнап жүріп от басып, өмірін өкінішпен өткізгенше алдымен білім алып, одан кейін мансап құрып, өмірлік тәжірибе алған соң ғана көтерген шаңырақ баянды.