Атырау қаласы маңындағы бау-бақша қауымдастығы тұрғындарының жанайқайы шешімін таппай отыр. Қанша әкім ауысса да, бұл мәселені шешу үшін тәуекелге барған емес. Ебін тауып, кезексіз жер алуға тырысқандар мұның күрделене түсуіне себеп болғаны сөзсіз. Атырау қаласында көлемі 875 гектар жер телімін құрайтын 45 бау-бақша қоғамы бар. Осы бау-бақша қоғамдарының дені суару жүйесімен қамтылған. Бұдан басқа, 4 426 жер телімі игерілген. Қазір 45 бау-бақша қоғамында тұрғын үй саны – 3 497, саяжай саны – 929. Игерілмей тұрған жер телімі – 348 гектар. Ресми деректе көрсетілгендей, бастапқыда тұрғындарға бау-бақша салуға берілген жер телімдерінде бүгінде тұрғын үйлер салынған және онда 80 пайыз халық инфрақұрылымы болмаса да тұрақты тұрып жатыр. Бау-бақша мәртебесінен жылыстап, ықшамауданға айналған өңір тұрғындарының инфрақұрылым мәселесін шешуді сұрап, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Тұрғындар жергілікті әкімдерге «елді мекен мәртебесін беру арқылы мәселені шешуге болады» деген талап қойып отыр. Бүгінге дейін тұрғылықты жерлері бау-бақша ретінде тіркелгендіктен, барлық инфрақұрылымды халық өз қаражатымен жүргізуге мәжбүр. «Химик», «Зарослый» және басқа да мәселесі шешілмеген бау-бақша қоғамдары тұрғындарын мазалаған ортақ мәселе. Тарқатып айтсақ, «Химик» бау-бақша қоғамына қатысты аумақтың тұрғыны Бауыржан Пазылов пен «Зарослый» бау-бақша қоғамы тұрғыны Өмірбек Матифовтың айтуынша, тұрғындар жарық алып тұрған жоғары кернеулі ток бағанасының иесі жоқ. Табиғаттың үп еткен желінде, қар мен жаңбырда жарық қайта-қайта сөніп қалады. Жол мәселесі тіптен өзекті. Мектепте оқитын балалардың аяғынан резеңке етік шешілмейді. Себебі жол төселмеген. Жедел жәрдем көлігі жете алмайды. Тіпті, өткен айда бау-бақша тұрғындарымен жүздесуге келген Парламент депутаттарының өздері тұрғындар белгілеген жерге батпақтап, жете алмаған. «Химик» бау-бақша қоғамы аумағында 630 жер телімі болса, соның 450-де тұрақты тұрғылықты тұрғындар тұрады. Ал өзге үйлерде жыл мезгіліне сай егін егіп, бау-бақша салатындар. – Жыл сайын Атырау қаласының әкіміне барып жағдайымызды айтамыз. «AMANAT» партиясы қалалық филиалына жағдайымызды айтып бардық. Бізді мазалайтын маңызды бірнеше мәселе бар. «Химик» бау-бақша аумағында орналасқан кернеуі жоғары электр бағанасы табиғаттың дауылы мен басқа да құбылыстарына шыдай алмай, жарық әлсін-әлсін сөнеді. «Атырау-Жарық» мекемесінің балансына беру қажет. Өрт шығып, тұрғын үйлеріміз өртенсе, кім жауап береді? Жол жоқ, көшелерде жарық жүйесі жүргізілмеген, жазғы су желісінің электр қозғалтқышын ауыстыру, суару құбырын пластик трубамен ауыстыру секілді проблема көп. Әкімдерге барсақ, «бау-бақшалы аумаққа жол салуға бюджетте ақша қаралмаған» деп айтады. Біздің проблемаларымызды еститін жергілікті әкімдер жоқ. Жалаң уәделерін беріп, шығарып салады. Біздің жер аумағымызды қала қарамағына тапсырып, мәселені заңды тұрғыда шешетін уақыт жетті деп білеміз, – дейді Бауыржан Пазылов. Өз қаражаттарына 12 шақырым су құбырын жүргізген, трансформаторлар сатып алып, электр желілерін де жаңартқан тұрғындардың ендігі талабы – қаланың бас жоспарында тұратын елді мекен болу. Қордаланған мәселелерге байланысты Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Омаров жауап берген еді. Әкімдік жағдайдан бұрыннан хабардар. Біріншіден, бау-бақша қоғамдары аумағында жол төсеу жұмыстары қиындық туындайды. Себебі үйлер тығыз салынғандықтан, көшелер тар. Әрі бұл су, газ және өзге де жүйелерді тартуда кедергі келтіреді. «Жол төсеу құжаттарын жасағанмен, оған мемлекеттік сараптама көшенің тарлығынан рұқсат бермейді. Себебі көшелер стандартқа сай емес. Иесіз электр жүйелері бары рас. Біз осы мәселеге байланысты жұмыс атқарып жатырмыз. Биыл мүмкіндігіне қарай демеушілікпен 15 бағбандық қоғамға бұрын пайдаланылған электр трансформаторларын, пайдаланылған насостарды ауыстыру, газ құбырындағы газ қысымын арттыру түрінде көмек көрсетілді. Басқа да бау-бақша қоғамдарына көмек көрсету жоспарланып отыр», – деген ол қордаланған мәселені тек заң аясында шешуден өзге амал жоғын айтты. Атырау қаласы әкімдігі соңғы жылдары Балықшы мен Геологтағы бау-бақша қоғамдарында тар көшеге тасжолды демеушілердің көмегімен салынғанын айтады. Қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында демеушілік жасауға ниеттілер азайғаны сөзсіз. Тұрғындардың елді мекеннің мәртебесін өзгерту мәселесін Үкімет деңгейінде ғана шешуге мүмкіндік бар. Алдымен республикалық бас жоспарға енгеннен соң жергілікті әкімдік тұрғындар талабын орындауға кірісе алады. Сонда ғана жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, айтылған мәселелер шешімін табатын болады. Оның өзіне бірнеше жыл керек болады. Оған дейін тұрғындардың жанайқайын ести беруден өзге амал жоқ секілді.
Атырау облысы