Брекситке нүкте қойылады
Брекситке нүкте қойылады
409
оқылды
29 қаңтар күні Еуропарламент Ұлыбританияның Еуро­одақ­тан шығу туралы келісімін қолдап дауыс берді. Парла­мент­тегі 621 депутат құжатқа келісімін берсе, 49-ы қарсы болды. 2016 жылдан бері жалғасып келе жатқан Брексит про­цесі енді соңына жететін сыңайлы. Бірақ одақтан шық­қан Британия ешқайда кетпейді, тек жаңа сауда, кеден ке­лі­­сімін жасауы қажет болады. Бірақ шарттары қандай? Жалпы, Британияның Еуро­одақ­тан шығу шарттары мен та­лап­­тары былтыр қараша айында жа­салған еді. Алайда Британ пар­ла­­­ментіндегі оппозиция тағы да қар­сы шықты. Премьер Борис Джонсон оның жалғыз жолы қай­та сайлау өткізіп, өз партиясы ба­сым­дыққа ие болған соң көп дауыс­пен құжатты бекіту керек деп түсінді. Ол осы ойын жүзеге асыр­ды және 2019 жылдың жел­тоқ­­санында өткен парламент сай­­лауында премьер бастаған кон­­серваторлар партиясы ірі же­ңіс­ке жетті. Мұндай басым­дық­қа Кон­сер­ваторлар партиясы Марга­рет Тэтчер заманынан бері қол жет­­кіз­беген екен. Б.Джонсон осы­­­лай­ша өз жоспарын іске асыр­ды. Өткен аптада Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен мен Еурокеңестің басшысы Шарль Мишель Ұлыбританияның Еуро­одақтан шығу туралы келісі­мі­не қол қойды. Яғни, парламент осы сәрсенбіде сол шешімді рати­фи­кациялады десек те бола­ды. Енді тұманды арал елі «еуроотба­сын» ақпан айына дейін тастап шығуы мүмкін. Бұл қуаныш па, өкініш пе, белгісіз. Себебі аталған мақсатқа Дж. Камэрон, Тереза Мэй секілді Ұлыбританияның пре­мьерлері жете алмай кетті. Ал шаш үлгісі ерекшелеу, түрік бос­қын­дарының ұрпағы, Лондонның экс-мэрі Борис Джонсон ағыл­шын тарихында Брекситке нүкте қойған премьер-министр ретінде қалатын секілді. Себебі бұл про­цесс бақандай 3,5 жыл жалғасты және екі тарапты да шаршатып жіберді десек те болады. Ендігі негізгі мәселе – Еуро­одақ пен Ұлыбританияның ара­сын­дағы қатынастарды реттейтін жаңа келісім жасау. Жоспар бо­йын­­ша келіссөздер биыл наурыз айында басталуы керек. Бірақ ол қалай дегенмен де Брексит бо­йын­­ша жасалған қазіргі құжат­қа негіз­делері анық. Ал ол құжатта не жа­зылған? Лондон одақтан шыққаны үшін 33 млрд фунт төлейтін бол­ды. Қос тарап азаматтарының құ­қық­тары барлық жерде қамта­ма­сыз етіледі. Алайда Ұлыбри­та­ния құрамындағы Солтүстік Ир­лан­дия осы елдің кеден кеңіс­ті­гін­де қала отырып, Еуроодақтың ортақ нарығына қосылады. Сон­дай-ақ ортақ комиссия ортақ на­рық­қа қандай тауарлар келуі мүмкін екенін шешеді. Бұл тұман­ды Альбионның одақтан шығу шарттары. Ол жаңа шарт жасал­ға­нға дейін кәсіпкерлік қаты­нас­тар­ды реттеуі қажет. Ал 2020 жыл­­ғы келіссөз барысында жаңа шарт­тар қосылуы мүмкін. Осы­лай­ша, 2016 жылы британ халқы ре­ферендумда дауыс берген (51%) Брексит өзінің соңына жететін сыңайлы.   Нұрмұхамед БАЙҒАРА