29 қаңтар күні Еуропарламент Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу туралы келісімін қолдап дауыс берді. Парламенттегі 621 депутат құжатқа келісімін берсе, 49-ы қарсы болды. 2016 жылдан бері жалғасып келе жатқан Брексит процесі енді соңына жететін сыңайлы. Бірақ одақтан шыққан Британия ешқайда кетпейді, тек жаңа сауда, кеден келісімін жасауы қажет болады. Бірақ шарттары қандай? Жалпы, Британияның Еуроодақтан шығу шарттары мен талаптары былтыр қараша айында жасалған еді. Алайда Британ парламентіндегі оппозиция тағы да қарсы шықты. Премьер Борис Джонсон оның жалғыз жолы қайта сайлау өткізіп, өз партиясы басымдыққа ие болған соң көп дауыспен құжатты бекіту керек деп түсінді. Ол осы ойын жүзеге асырды және 2019 жылдың желтоқсанында өткен парламент сайлауында премьер бастаған консерваторлар партиясы ірі жеңіске жетті. Мұндай басымдыққа Консерваторлар партиясы Маргарет Тэтчер заманынан бері қол жеткізбеген екен. Б.Джонсон осылайша өз жоспарын іске асырды. Өткен аптада Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен мен Еурокеңестің басшысы Шарль Мишель Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу туралы келісіміне қол қойды. Яғни, парламент осы сәрсенбіде сол шешімді ратификациялады десек те болады. Енді тұманды арал елі «еуроотбасын» ақпан айына дейін тастап шығуы мүмкін. Бұл қуаныш па, өкініш пе, белгісіз. Себебі аталған мақсатқа Дж. Камэрон, Тереза Мэй секілді Ұлыбританияның премьерлері жете алмай кетті. Ал шаш үлгісі ерекшелеу, түрік босқындарының ұрпағы, Лондонның экс-мэрі Борис Джонсон ағылшын тарихында Брекситке нүкте қойған премьер-министр ретінде қалатын секілді. Себебі бұл процесс бақандай 3,5 жыл жалғасты және екі тарапты да шаршатып жіберді десек те болады. Ендігі негізгі мәселе – Еуроодақ пен Ұлыбританияның арасындағы қатынастарды реттейтін жаңа келісім жасау. Жоспар бойынша келіссөздер биыл наурыз айында басталуы керек. Бірақ ол қалай дегенмен де Брексит бойынша жасалған қазіргі құжатқа негізделері анық. Ал ол құжатта не жазылған? Лондон одақтан шыққаны үшін 33 млрд фунт төлейтін болды. Қос тарап азаматтарының құқықтары барлық жерде қамтамасыз етіледі. Алайда Ұлыбритания құрамындағы Солтүстік Ирландия осы елдің кеден кеңістігінде қала отырып, Еуроодақтың ортақ нарығына қосылады. Сондай-ақ ортақ комиссия ортақ нарыққа қандай тауарлар келуі мүмкін екенін шешеді. Бұл тұманды Альбионның одақтан шығу шарттары. Ол жаңа шарт жасалғанға дейін кәсіпкерлік қатынастарды реттеуі қажет. Ал 2020 жылғы келіссөз барысында жаңа шарттар қосылуы мүмкін. Осылайша, 2016 жылы британ халқы референдумда дауыс берген (51%) Брексит өзінің соңына жететін сыңайлы. Нұрмұхамед БАЙҒАРА