Қазақстанда соңғы 4 жылда ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ақталғандар саны 7 есе көбейген
Президент Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановты қабылдады, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Мемлекет басшысына сот жүйесінің қазіргі жағдайы мен сот төрелігіне қатысты өзекті мәселелер туралы ақпарат берілді.
Жақып Асановтың айтуынша, былтыр аудандық соттар шығарған 1,2 миллион сот шешімінің 1,4 пайызын немесе 17 мың істі жоғарғы сатыдағы соттар кері қайтарған немесе өзгерткен.Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істей бастаған әкімшілік соттардың қызметі туралы мәлімет берілді. Жарты жылда соттарға 14 мың талап арыз түскен. Мемлекеттік органдар әрбір екінші істе ұтылған. Бұрын қаралған істердің 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешілетін.
Президентке дауларды шешудің баламалы тәсілдері туралы баяндалды. Әкімдіктермен бірлесе отырып, жергілікті жерлерде соттан тыс медиация орталықтары құрылған. Соттар дау-дамайлардың мәмілеге келу арқылы шешілуіне көмектеседі. Бұрын тараптардың тек 3 пайызы ғана татуласса, қазір бұл көрсеткіш 34 пайызға жеткен.
Жоғарғы Сот төрағасы қылмыстық сот төрелігі саласында да ахуалдың өзгеріп жатқанын баяндады. Оның айтуынша, соттарда кінәлауға бейім тұру ісі тыйылып келеді. Соңғы 4 жылда ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ақталғандар саны 7 есе (жылына 20-30-дан 200-ге дейін) көбейген.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы сот органдарын жаңғырту аясында жүзеге асырылатын бірқатар міндетті айқындап берді.