Белгілі режиссер Болат Қалымбетов түсірген «Мұқағали» көркем фильмі наурыздың 18-25 аралығында Үндістанда өтетін 26-шы Халықаралық Керала кинофестивалінің «Әлемдік кино» бағдарламасы шеңберінде көрсетілетін болды. Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін фильмнің алғашқы әлемдік тұсаукесері Таллиндегі «А» санатындағы 25-ші Халықаралық «Темные ночи» (PÖFF) кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Байқаудың негізгі бағдарламасына қатысқан отандық кинотуынды сол жолы қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Керала халықаралық кинофестивалі Үндістанда өтетін ең ірі әрі беделді байқаулардың бірі. Мәдени іс-шара Керала штатының мәдениет департаменті ұйымдастыруымен жыл сайын желтоқсан айында өткізіледі. 2021 жылғы фестиваль Covid-19 пандемиясына байланысты биылғы наурыз айына ауыстырылған еді. Фестиваль дәстүрлі форматта өткізілетін болады. Кинобайқауда әлемнің бірнеше елдерінен барлығы 180 фильм көрсетіледі. Бұл байқаудың бір ерекшелігі Берлин және Канн сынды басқа да әлемдегі беделді фестивальдерде жүлделерге ие болған фильмдер ғана ұсынылады. Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген аталған кинотуындыда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев өмірінің соңғы жылдары туралы баяндалады. Биографиялық драма елімізде өткен жылғы қараша айында прокатқа шығып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болған еді.