Мемлекет басшысы, «AMANAT» партиясының Төрағасы, Қ.К. Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгілі әлеуметтік топқа кіретін отбасылардың басым бөлігі пәтер жалдап тұратынын және табысының басым бөлігін пәтер ақысына жұмсайтынын атап өтіп, осы мәселені шешу үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, пәтер ақысының 50 пайызын субсидиялауды тапсырған болатын. Ағымдағы жылдың сәуір айында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтер жалдау төлемдерін субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылады.
-Партия қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы азаматтардың өтініштерін қанағаттандырумен қатар, Партия Төрағасы алға қойған негізгі міндеттерді сонымен қатар, ел игілігіне бағытталған жобалардың маңыздылығын түсіндіру, насихаттау болып табылады, Осы орайда партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түсетін өтінштерді талдап қарар болсақ, баспана мәселесі алғашқы орындарда. Осы орайда аталмыш бағдарламаның тетіктерін, мүмкіндіктерін сұрастырып, партия алаңына келушілер саны да артып отыр. Осыған орай бағдарлама шарттарын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында «Отбасы банк» және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» секілді тиісті сала өкілдерімен бірлесіп ашық есік күні ұйымдастырып отырмыз,- дейді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов.Қалалық партия филиалының ғимаратында өткен ашық есік күніне 50 жуық азаматтар келіп, тақырыпқа қатысты өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Солардың бірі Мөлдір Салықова. Мөлдір көп балалы ана. Бес баламен пәтер жалдап тұрады. Тұрғын үй кезегіне тіркелген. Ол бағдарлама шарттарының тиімді де тиімсіз де тұстарын тілге тиек етті.
"Бағдарлама әрине біздер үшін тиімді. Алайда жалға берушілер үшін тиімсіз жақтары көп секілді. Біріншіден олар түскен қаржыдан салық төлейді. Онан бөлек көптеген құжаттар жинақтайды. Кейбіреулер үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі де міндеттеледі екен. Сондықтан жалға беруші жалға алушымен келісуі екі талай. Осы мәселелер бағдарлама қолданысқа енбес бұрын ескерілсе",- дейді Мөлдір.
- Жеке куәлік, неке немесе некені бұзу туралы куәліктер, балалардың туу туралы куәліктері, тұрғын үйдің бар-жоғы туралы анықтамалар, тіркеу және кіріс туралы мәліметтерді Отбасы банк мемлекеттік органдардың деректер базасымен бірігуі арқылы дербес тексереді. Субсидия алуға өтініш беруші туралы барлық деректерді тексергеннен кейін біз шот ашуға көмектесеміз. Өтініш беруші оған жалдау құнының жартысын аударуы керек. Содан кейін Отбасы банк қалған 50 пайызын қосып, жалпы соманың 100 пайызын жалға берушінің шотына аударамыз. Ескерте кететін жәйт бұл жерде жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес, жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салады, - дейді «Отбасы банк» Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Дастан Тасыбаев.