Еңбек нарығын дамытуға барлық жағдай жасалынып жатыр
Еңбек нарығын дамытуға барлық жағдай жасалынып жатыр
271
оқылды
Экономиканың өсуіне әсер ететін негізгі факторлар ол еңбек ресурстары және капитал. Осы орайда еңбек ресурстарының сапасын көтеруіміз қажет. Оның бірден-бір жолы – халықты еңбекке ынталандырып, соған жағдай жасау. Жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың құзыретін және машығын арттыру арқылы еңбек өнімділігін көтеру. Бағдарламаның іс-шараларын анықтап қарасақ, барлық мәселені жүйелі әрі кешенді түрде шешуге тырысқанын байқауға болады. Халықтың табысын арттыру Үкіметтің бүкіл экономикалық саясатының ортақ мақсаты екенін және ол ұлттық жобалармен өзара байланысты екенін атап кеткен жөн. Бағдарлама мақсаты – орта және ұзақмерзімді кезеңде халық табысының тұрақты өсуін қамтамасыз ету. Мәселен, соңғы 2 жылда халықтың нақты табысының өсу қарқыны 2019 жылмен салыстырғанда, екі еседен астам көлемде тұрақты төмендеп келген. Халық табысының құрылымында еңбек қызметінен түсетін табысы 9,8%, яки 2015 жылғы 80,1%-дан 2021 жылы 70,3%-ға дейін төмендеген. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілерінің экономикалық белсенділігінің және жұмыспен қамту жағдайларының нашарлауы болып отыр. Теңсіздіктің өсуі және орташа жалақы мен медиана арасындағы алшақтықтың ұлғаюы байқалады – ол 1,5 есені құрайды. Ал ЭЫДҰ елдерінде бұл алшақтық 1,13 есе болып отыр. Бүкіл бағдарламаны шартты түрде тікелей және жанама шараларға бөлуге болады. Тікелей шаралар бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге бағытталған. Ал жанама шаралар халықты жұмысқа орналастыру, кәсіптік даярлау (қайта даярлау), өзін-өзі жұмыспен қамту, өңдеу өнеркәсібі және кәсіпкерлік кәсіпорындарының өнімділігін арттыру кезінде жәрдемдесу есебінен кірістердің өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге, яғни еңбек және кәсіпкерлік кірістерді арттыруға бағытталған. Бағдарламаның негізгі идеологиясы «Лайықты еңбек және масылдықты қабылдамау!» екенін ескерсек, халықты жастайынан, тіпті мектеп бітіруші сыныптардан бастап болашақ мамандықты таңдауға, студенттерді жұмысқа орналасуына көмектесуге дейін бағытталған іс-шаралар қарастырылған. Үкімет тарапынан еңбек нарығын дамытуға барлық жағдай жасалып жатыр, енді халық тарапынан сол жұмысты қолға алып, білек сыбанып бірлесе атқарғаны елімізді одан әрі дамыта түсер еді. Менің ойымша, бұл – өте қажетті және уақытылы қабылданған бағ­дар­лама.

Ерділда ТАУТЕНОВ, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау  орталығының директоры