«AMANAT» партиясының 1 наурыздағы кезектен тыс ХХІІ съезінен кейін саяси ұйымның орталық аппараты еліміздің барлық аймақтары мен аумақтарынан жұмысты жаңғырту бойынша ұсынысты жинады. Партия жұмысын жандандыруға аймақтық және аудандық партияның филиалдары, партияластар, сарапшылар, қоғам белсенділері, ұйымның ардагерлері, жастар және тағы басқа қоғам өкілдері өз ұсыныстарымен атсалысты. Осы ұсыныстардың бәріне талдау жасалып, сараланды. Съезде айтылған партияны модернизациялаудың 7 басымдығы Қазақстанның әр аймақтарынан қызу қолдау тапты. Саяси ұйымның жұмысын одан әрі қарай жандандыру мақсатында «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Әбілқайыр Сқақовтың қатысуымен өңірлік партия активінің жиыны өтті. Әбілқайыр Сқақов партактивтің отырысында өңірдегі партия жұмысына сараптама жасап, съезде қабылданған шешімдер бойынша жергілікті құрылымдарға нақты тапсырма берді. Сондай-ақ облыстық партия филиалының төрағасы партиялық активтердің жұмыстарын қалалық және аудандық деңгейде өткізуді тапсырды. Осыған орай өңіріміздің барлық аудандары мен қалаларында партия активтерінің жұмыстары өтті. Оларға облыстық «AMANAT» филиалы партиясының қызметкерлері де онлайн форматта қатысты. Соның бірі – партияның Успенка аудандық филиалы активінің отырысы аудандық филиал төрағасы Иван Дычконың жетекшілігімен өтіп, оған «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Илья Теренченко онлайн форматта қатысты. Иван Дычко республикалық съезде ұсынылған басымдықтар бойынша партияластарына тиісті тапсырма берді. Жиын барысында аудандағы партия ардагері Александр Ви саяси ұйымды жаңғырту бойынша өз пікірімен бөлісіп, оған өңірдегі әріптестері өз көзқарастарын білдірді.