Қоғам, заман, уақыт та өзгеруде
Қоғам, заман, уақыт та өзгеруде
430
оқылды
Алға қойылған мақсат көп. Оны «AMANAT» партиясы жүзеге асырады. Осы және басқа мәселелер туралы «AMANAT» партиясы Қарағанды об­лысы Балқаш қалалық филиалының атқарушы хатшысы Бибігүл Секер­бековамен аз-кем сұхбаттасқан едік. – Бибігүл Мажитқызы, съезге делегат болған екенсіз, қандай ой түйдіңіз? – Мемлекетіміз қоғам дамуының келесі кезеңіне қадам басқан шақта, елі­міздегі басты саяси ұйымның өткізілген ке­зектен тыс XXII съезінің қайта жаңғыру бағытына серпін берері сөзсіз. Уақыт бір орында тұрмайды, бүгінде әлемдегі ахуал күрт өзгеруде, осыған сәйкес еліміздегі сая­­си және әлеуметтік жағдай жаңа ше­шімдер мен жаңғыртуды талап етеді. Иә, қоғам, заман, уақыт та өзгеруде. Осыған байланысты мемлекетіміздің болашақ тағдырына қатысты жоспарды ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажеті айтылды. Осы бағытта жетекші саяси партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс екеніне назар аударылды. Ол үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы ба­са айтқандай, партия жұмысын трансфор­мациялап, қайта жаңғырту қажет. Партияның өзгеруі заңдылық, бірақ пар­тия басты позициясын берік ұстануы қа­жет. Сөйтіп, азаматтардың мүддесін қор­ғай отырып, қоғам мен билік ортасындағы көпір болып қалуға тиіс. – Жаңару өткенді ұмыту емес шығар? – Әрине, бұрынғы жұмысымызды жоққа шығаруға болмайды, қай мезгілде де халықтың қамы үшін, өтініш иелерінің өз сұрақтарына тыңғылықты жауап алуы жолында жұмыс істеп келдік. Енді, міне қоғам жаңғыруының тала­бына сәйкес, қағазбастылық пен таусыл­майтын есептілікті азайту, идеологиялық бағытты мықты ұстанып, халықпен тығыз жұмыс істеуге бет бұрмақпыз. XXII съезді жүргізген партияның Ат­қарушы хатшысы Асхат Оралов партияны модернизациялаудың жаңа 7 бағытын нақтылап айтып өтті. Атап айтқанда: 1. Халықпен кері байланыс жасау құ­рал­дарының тиімділігін арттыру; 2.Партияластар арасында ынты­мақ­тастықты арттыру; 3.Партияның жұмысында ашықтықты арттыру; 4.Партиялық бақылауды күшейту; 5.Партияның бағдарламалық құжатта­рын қайта қарау; 6.Халықтың әртүрлі топтарымен жұмыс істеу; 7.«Jas Otan» Жастар қанатының жұ­мысын жетілдіру. Осы басымдықтар негізінде қоғамдық кеңестердің құрылымын қайта жасақтап, олардың санын оңтайландыру, мәслихат­тардағы фракция отырыстарында әкім­дердің есептерін тыңдау, бастауыш партия ұйымдарымен жұмысты күшейту, «ТАЗАLIKE», «Әлеумет», «Жаңа Қазақстанға арналған 30 инновациялық идея» атты жаңа жобаларды іске қосу көзделіп отыр. – Қоғамдық қабылдау бөлімінің жұмысы туралы не айтасыз? – Қоғамдық қабылдау бөлімінің жұ­мысы басты маңызды сала болғандықтан, жаңа форматтағы жұмыстар ұсынылды. Бұл бағытта жұмысты проактивті форматқа ауыстыру, шалғай елді мекендерде қоғам­дық қабылдаулар өткізу арқылы халықпен кері байланыс жасау күшейтілуге тиіс. Жаңаны қабылдауға, жүзеге асыруға, әрине біз дайынбыз. Кезең-кезеңімен жаңалықтар өміріміз­ге еніп тұрмаса, бірсарындылық жалық­тырады. Шалғай ауылдарға көшпелі қабылдау­лар ұйымдастыруға пейілміз. Бұл бағытта барлық деңгейдегі депутаттардың халық­пен жұмысының белсенділігі мен нәти­желілігіне басты назар аударылмақ. Қоғамды толғандырған түйткілді мә­селелер мәслихат алаңдарында талқы­ланып, түйіні тарқаса құба-құп. Ең бас­тысы, депутаттық мандат айырым белгісі немесе ерекшелік емес, қоғамның ерекше сенімі екенін ұмытпаған абзал! – Жаңа атау – жаңа серпін бере ме? – Съезд өткеннен кейін партиямыз жаңа «AMANAT» атымен ресми тіркеуден өтті, енді алдағы уақытта құжаттарды қайта рәсімдеп, партия Жарғысына өзгерістер енгізілуін күтіп отырмыз. Саяси ұйымы­мыз­­дың жаңа атауы бізге үлкен жауапкер­шілік жүктейді. Қазір халықтың сұранысы артты. Әлеуметтік мәселелердің шешілуін халық бізден талап етіп отыр. Әр азаматтың өтінішін аманат деп қабылдаймыз. Біздің мақсат – қоғамдағы сын-пікірлерді ескере отырып, елдің өтініш-тілегі арқылы жи­нақталған халық аманатын орындау. Партия жұмысын саралай келе, уақыт талабы ел аманатын арқалай алатын саяси жүйеге айналуымызды қажет етеді. Ендігі уақытта біздің міндетіміз – партияны жаңғыртуға бағытталған мақсат-міндеттерді барша партияластар бірігіп, жұмыла жүзеге асыруымыз керек. – Бастауыш партия ұйымдарының жұмысына тоқталсақ... – Партияны трансформациялау – бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандырумен тікелей байланысты. Балқаш қаласы бойынша қалалық партия филиалында 2 500-ден астам пар­тия мүшесі, ал «Қазақмыс» корпорациясы филиалының қала бойынша өкілдігінде 8 500 мүше топтастырылған. Жалпы, қала бойынша барлығы 41 бастауыш партия ұйымында 11 мың партия мүшесі бар, олар үлкен күшті құрайды. Бастауыш ұйым мүшелері қалалық партия ұйымының ұйымдастырған іс- шараларына, партиялық жобаларға бел­сене қатысады. Партия өскелең жастардың патриоттық сезімін оята отырып, елі мен жері үшін еңбек ететін рухшыл жастардың әлеуетін іс жүзінде пайдалана отырып, жастар бастамаларын ілгерілетуде. – «Жаңа Қазақстан» жобасына қалай қарайсыз? – Менің ойымша, «Жаңа Қазақстан» ел игілігі жолында мақсаты мен мүддесін халықтың өмір сүру сапасын көтеруге ба­ғыттаған мемлекет болуы қажет. Қоғамның қазіргі сұранысы да осыған сай. Айта кетсек, партиялық жобалар бірінші кезекте аға ұрпақты, жастарды және көмекке мұқтаж адамдарды қамтиды. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде партия тарапынан «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Партия жиынында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндеттер тұрғанын мәлімдеді. Елді, өңірді дамыту үшін бүгінде аза­маттардың сұранысы мен талабын ескеріп, соның негізінде уақытылы шешімдер қа­былданғаны абзал, бұл – уақыт күттірмейтін міндет. Жоғарыда аталған өзгерту ісі тек ең соң­ғы қажеттілік туындағанда ғана ба­ра­тын қадам болмай, біздің барлығымызды жекелеген көзқарастарымызға қарамастан, Қазақстанның болашағына деген жауап­кершілік сезімі біріктіруге тиіс. Ол үшін ел Президенті, партия Төра­ғасының айналасына топтасып, күш-жігерімізді біріктіріп, маңызды жұмыс­тарды атқаруға бет бұруымыз қажет. «Біздің күшіміз – бірлікте!» деген ұстанымды ту етіп, ертеңгі ұрпақтың жар­қын болашағы жолында аянбай еңбек етсек қана жаңа өзгерген мемлекет бола­тынымыз сөзсіз. Алға қойылған мақсат – анық, мін­детіміз – айқын! – Әңгімеңізге рақмет!