Бұрынғылардың «сақтансаң – сақтаймын» деп жаратушының атынан сөйлейді де, кез келген оқиғаға сақтықтың қажет екенін ескертіп кеткені бар. Өйткені түрлі деңгейдегі қауіп-қатер кез келген сәтте пайда болып, бұқараны әбігерге салуы мүмкін. Оның үстіне, әлемдегі оқиғалар да азаматтардың бас амандығын ойлаудың маңызды екенін көрсетті. Әрі наурыз айының 1-і күні Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні атап өтілетін дәстүр бар. Ал Қазақстан жаһандық қауымдастықтың бір бөлшегі. Жалпы, азаматтардың қауіпсіздігі мәселесіне келгенде, әлбетте сел, топан су, қар көшкіні тәрізді табиғи апаттармен қатар техногенді сипаты бар оқыс оқиғалардың еске түсетіні бар. Әсіресе, түрлі деңгейдегі жарылыс бола қалған жағдайда елді мекендердегі қорғаныс нысандарының маңызы арта түседі. Тек сондай нысандардың маңызды екенін Арыс қаласы мен Жамбыл облысындағы әскери қоймаларда өрт шығып, жарылыс болғанда алғаш рет сезінген тәріздіміз. Одан соң Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыс та азаматтық қорғаныс нысандарының маңыздылығы мен оларды түгендеп қойғанның артықтығы жоқ екенін көрсетті.
Ел ішінде «ескіге» тамсанатындар бар
Қазақстан билігі ішкі-сыртқы саясатында бейбітшілікті сақтауға айрықша көңіл бөлгенімен, бұқара арасында түрлі қауіп-қатер туындаса, соның ішінде жарылыстар бола қалса не істеу керек екенін ойлайтындар жоқ емес. Кейде кеңестік кезеңнен қалған бомбадан паналау орындарын жаңғыртуды алға тартатындар да бар. Тіпті, оларды іздейтіндер де кездеседі. Тауып та алып жатады. Ал кейбір аймақтарда КСРО-дан қалған азаматтық қорғаныс нысандарын күтіп ұстауға жауапты кәсіпкерлер кейіп жүр. Өйткені бомбадан паналау орындарын бабында ұстау шығыны көп іс. Мәселен, 2018 жылы ақтөбелік кәсіпкерлер қаладағы бомбадан паналау орындарын күтіп ұстаудың шығыны мол екенін айтып, тиісті мекемелерге шағымданған еді. Қаладағы «Ново-Альжанский мелькомбинат» ЖШС директоры Қанат Тапаев өзі басқаратын мекемедегі бомбадан паналау орны КСРО кезінде салынғанын, тіпті сол кездің өзінде құрылыс нормалары бұзылғанын, сөйтіп суға толып кеткенін айтқан-ды. Ал төтенше жағдайлардың алдын алу мен зардабын жоюға жауапты мекемедегілер компанияға бомбадан паналау орнын қайта жөндеуді немесе жаңасын салуды бұйырыпты. «Нысанды жөндеу немесе жаңасын салудың құны 400 млн теңге шамасында болады. Біз орта кәсіпкерлік санатына кіреміз. Мұндай нысанды салуға шамамыз келмейді», – деген еді сол кезде Қ.Тапаев. Ал азаматтық қорғаныс нысандарын күтіп ұстау ережесі Кеңес Одағынан бері бар. Сол себепті Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік пен оның жергілікті бөлімшелерінің талаптарын да заңсыз деу қиын. Бәлкім, содан да шығар, 2021 жылы Орал қаласындағы көпбейінді аурухананы жергілікті ТЖ мекемесі сотқа берген. Өйткені ауруханада азаматтық қорғанысқа арналған арнайы орындар жоқ болып шықса керек. Сол себепті аурухана басшыларына 2 ай ішінде бомбадан паналау орнын жасауды тапсырыпты. Алайда нысанның бертінде салынғанын ескерсек, Төтенше жағдайлар департаменті мамандары құрылысты қабылдап алу кезінде паналау орындарының бар-жоғын тексеруі тиіс еді. Бірақ олай жасамаса керек. Тек кейін айыппұл салуға көшкен сыңайлы. Негізі, бомбадан паналау орындары КСРО кезінде салынған көптеген ғимарат бар. Одан бөлек, көлемі үлкен азаматтық қорғаныс нысандары да қалаларда кездеседі. Тіпті, сондай ескі нысандар адам өмірін де жалмаған кездері болған. Мәселен, 2010 жылы сол кездегі Астана қаласында орналасқан бомбадан паналау орнында шыққан өртті сөндіру кезінде үш өрт сөндіруші қаза тапқан. Кейін жалпы көлемі 3 мың шаршы метрден асатын, 2 400 адам сыятын азаматтық қорғаныс нысан «Тұран» университетінің иелігіне өтіпті. Оқу орны оны бұзып, орнын көгалдандырмақ екен. Қысқасы, ескі бомбадан паналау орындарына қатысты көзқарас әртүрлі деген сөз.Қанша «бункер» бар?
Әрине, азаматтық қорғаныс нысандарының барлығын бірден «бункер» деп бағалауға болмайды. Әрі елімізде мұндай паналау орындарының қаншасы бар екені белгісіз. Дегенмен КСРО әскерінен қалған бункерлермен паналау орындары табылып қалатыны бар. Халық та әдетте сондай орындарды шынайы бункер немесе бомбадан паналау нысаны деп ұғады. Сондықтан біз Төтенше жағдайлар министрлігіне хат жазып, азаматтық қорғаныс нысандары қандай қалаларда бар екенін сұрағанымызда ресми жауапта «барлық қалада» деп көрсетіліпті. «Азаматтық қорғаныс нысандары еліміздің барлық ірі қаласында бар және олардың орналасу мекенжайы туралы ақпарат таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатады. Сонымен қатар қазіргі заманғы зақымдану факторларының әсерінен халықты қорғаудың бірнеше әдісі бар екенін атап өткен жөн» дей келе, төтенше жағдайда азаматтарды паналатудың жолдарын көрсетіпті. Жарылыс немесе адам өміріне қатер төндіретін өзге де жағдайлар қалыптаса қалса, азаматтарды қарапайым паналарда, яғни жертөле, ғимараттың жертөле үй-жайы, жерасты паркингтері, жеке тұрған тереңдетілген құрылыстар, метрополитендер, жерасты өткелдерінде паналатады екен. Одан бөлек, бұқараны эвакуациялауға көңіл бөлінетін болса керек. Шамасы, Арыс пен Жамбылдағы жарылыс кезінде азаматтарды эвакуациялау себебі содан болса керек. Бірақ әскери қоймалардағы жарылыс кезінде халықты эвакуациялау тәсіліне жүгіну арқылы шенділер бомбадан паналау орындарының қайда тұрғанын халыққа білдіргісі келмегенге ұқсайды. Әлде елордадағы, Ақтөбедегі бункерлер мен паналау орындары сияқты жарылыс болған елді мекендердегі мұндай нысандар жарамсыз болып қалды ма, кім білсін? Әйтеуір, екі үлкен төтенше оқиғада да эвакуация тәсілін таңдадық. Айтпақшы, ТЖМ бомбадан паналау орындары барлық қалада бар екені жайлы ақпарат бергенімен, кеңестік кезеңнен қалғаны қанша екені жайлы тіс жарған жоқ. Бірақ ашық дерек көздері ондай орындардың көптеген қалада бар екенін көрсетіп тұр. Ал көлемді және сол кездегі барлық талапқа сай жасалғандары қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары бар қалаларда орналасқан тәрізді. Мәселен, Петропавл қаласында КСРО кезінен қалған 15 бомбадан паналау орны болыпты. Одан бөлек, КСРО-ның стратегиялық мақсаттағы зымыран әскері, әскери полигондары орналасқан аймақтарда да ірі бункерлер мен паналау орындары бар екені жиі айтылады. Айталық, 2020 жылдың қаңтарында журналистер Алматы облысындағы бомбадан паналауға арналған әскери нысанды аралап, фотоға түсіргені бар. КСРО-ның Әуеқорғанысы және байланыс әскерінің 35104 бөліміне тиесілі болған нысан әлі бар. Алматы қаласынан 30 шақырым жерде. Бірақ оны қазір ешкім пайдаланбайды.Паналау орындары бас сауғалауға жарай ма?
Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің мәліметіне сенсек, түрлі апат немесе ұрыс жағдайында паналау орындарының өмір сүруге ыңғайлы болуы белгілі бір нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылатын көрінеді. «Азаматтық қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес паналайтын жерлердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйелері екі тәулік ішінде паналаушыларды үздіксіз қамтамасыз етуді есепке ала отырып құрылады. Паналайтын жерлерді тіршілік көздерімен, соның ішінде сумен, желдету тетіктерімен, желдету, инженерлік жүйелермен және өзге қажеттіліктермен қамтамасыз ету паналайтын жерді жобалау барысында Қазақстанның құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Паналайтын жерлердің дайындық жағдайына тексеріс мерзімді түрде азаматтық қорғаныс объектілеріне түгендеу жүргізу барысында жергілікті атқарушы органдардың және мүдделі ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп және азаматтық қорғаныс шараларының орындалуына мемлекеттік бақылау жүргізу щеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерімен жүзеге асырылады», – дейді министрлік мамандары. Ресми жауаптың тілі жұтаң, көп адам ұға қоймайтындай жазылғаны рас. Дегенмен одан ұққанымыз, ел басына күн туа қалса, азаматтық қорғаныс нысандарын тиісті керек-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі жедел шешілетін болса керек. Ал жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарында жарылыстан, радиациядан паналау орындарын салу талаптары да заңмен реттелетін көрінеді. «Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын жобалау Қазақстанның құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Бүгінгі күні паналайтын жерлердің құрылыс нормалары мен қағидаларының талаптарына сәйкес болуы жобаның тапсырыс берушісіне, техникалық және авторлық қадағалауларға және мердігерге жүктелген. Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғаныс шараларының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады, оның аясында паналайтын жерлердің дайындық жағдайы тексеріледі», – делінген министрлік жауабында. Бірақ жаңа нысандарда мұндай орындардың бар-жоқтығы құрылысты жобалау кезінде ТЖМ мамандары қаншалықты тексереді, компаниялар нормаларды қалай орындап жүр, оған жауап айтылған жоқ. Бірақ медиада мұндай талаптарды орындамағаны үшін ТЖ органдары айыппұл салған мекемелер жайлы мәліметтер жиі кездеседі. Соған қарап-ақ азаматтық қорғанысқа қажет нысандардың маңыздылығын құрылысқа тапсырыс берушілер де, нысанды салушылар да ескере бермейді-ау деген ой түйдік.