«Қазақтелекомның» қызметкерлері шу шығарды
«Қазақтелекомның» қызметкерлері шу шығарды
265
оқылды
Биыл 1 қаңтардан бастап еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері 60 000 теңгеге көтерілгені белгілі. Президент Жолдауында жүктелген тапсырма талайлардың қуанышын еселегені анық. Алайда биылғы өзгеріс былай тұрсын, былтырғы жылы ең төменгі жалақы саналған 42 500 теңгенің жарты құнына жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің барына не дерсің? Міне, осындай өзгерістерден көш ілгері қалып кеткен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының жұмысшылары кеңсе алдында шу шығарды.

Арзанқол жұмысшы, мардымсыз жалақы

Жалпы, өңірлік филиалда 40 еден жуушы жұмыс істесе, олардың айлық жалақысы бар-жоғы 22 мың теңгеге теңелген. Он жылдан бері жалақысы бір тиынға өспеген қызметкерлерді қымбатшылық қос бүйірден қысып, айлығы шайлығына жетпей жатқанын ашына жеткізді. – 22 мың теңге қай жыртығымызды жамауға жетеді? Ештеңеге жетпейді. Қазір азық-түлік бағасы аспандап кетті. Өспей жатқаны – тек біздің айлығымыз. Біреулер жалақымыздың мөлшерін сұрағанда айтуға ұяламыз. Ал басшылар осындай ақша төлеп отырғанына ұялмайды, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Галина Ережепова. «Қазақтелеком»-ның тағы бір қызметкері жалақысы коммуналдық төлемнен артылмайтындықтан, жұмыстан шығып кеткен әріптестерінің аумағын қосымша тазалап, күнелтіп жүргенін айтты. – Қосымша табыс табу үшін жұмыстан кеткен қызметкерге тиесілі аумақты да жуып жүрміз. Екі жерді тазалау, әрине қиынға соғады. Басқа мекемелердегі еден жуушыларға қарасаң, бізден аз жұмыс істегенімен, айлық жалақылары – 60-70 мың теңге. Бұрын денсаулыққа зиянды қондырғылар тұратын бөлмені жуғанымыз үшін сүт пен айран беріп тұратын. Қазір ол да жоқ, – дейді Светлана Сайганова.

Тендер болмаса, айлығың төленбейді

Осы орайда «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының өңірдегі өкіліне байланысқа шығып, мән-жайды сұрағанымызда ол еден жуушыларға айлық жалақыны тендер жеңімпазы атанған серіктестік төлейтінін айтты. Бір сөзбен айтқанда, тазалыққа жауапты қызметкер қанша айлық алатынын мердігер компания белгілейді екен. – Олар бізге қарамайды. Өздері жұмысшымен келісімшарт жасайды. Біз тек сол мердігерлерге ақшасын төлейміз, – дейді «Қазақтелеком» АҚ Жамбыл облыстық филиалының маманы Ерлан Атабеков. Ал жұмысшылардың жалақысын «жұмса жұдырығында, ашса алақанында» ұстап отырған мердігер Алматы қаласынан екен. Жұмысшылардың жүзін көрмеген кәсіпкер ай сайын бөлінетін қаржы жетпегендіктен, қарызға өзі де белшесінен батып отырғанын айтып, зар жылады. – Акционерлік қоғамнан алып отырған ақшамыз жетпеуде. Себебі келісімшарт үш жыл бұрын жасалғандықтан, қазір жұмысқа қажетті дүниелердің бәрі қымбаттап кеткен. Жалақыны көтеру үшін қызметкерлерді қысқартып, артылған ақшаны қалғандарының айлығына қосып берсек деп ойлағанбыз. Бірақ бір еден жуушыға бірнеше аумақты тазалау қиынға соғады. Бұйыртса, 1 сәуірден бастап жаңа келісімшартқа отырамыз. Сол кезде жалақыны 20 пайызға өсіру жоспарда бар. Алайда біз бұл қадамға «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы тендер ақшасын көбейтіп береді деген үмітпен барып отырғанымыз жоқ. Бұл жұмысшыларымыздың жағдайын ойлаған жеке біздің шешіміміз. Негізі, клинингтік қызметтер көрсететін компаниямыз ел аумағында 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жамбыл облысында 7 нысанымыз бар. Өзге мекемелер бойынша бүгінге түскен шағым жоқ. Алдағы уақытта «Қазақтелеком» мекемесі қызметкерлерінің де мәселесін шешетін боламыз, – дейді «Клинингтік қызметтер» компаниясының директоры Александр Налажанов. Александрдың айтуынша, компания тазалыққа жауапты қызметкерлерді жарнама арқылы жұмысқа алады екен. Оларға күніне 2 сағат ғана жұмыс істеу міндеттелген. Сондықтан директор қызметкерлері басқа да қосымша жұмыс істеп, табыс табуына қарсы емес екенін алға тартты.

Еңбек инспекциясы не дейді?

Естеріңізде болса, өткен жылы «15 мың теңге жалақы алатындар бар» атты Қазпошта қызметкерлеріне қатысты мақала жазған болатынбыз. Сол кезде жамбылдық пошташылардың 0,3 штаттық бірлікпен жұмыс істейтінін өзекті етіп көтеріп, кейіннен «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы бұл мәселені қолға алатынын айтқан. Енді, міне «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына қатысты да дау туып отыр. Білдей бір ұлттық байланыс операторының кеңселерін тендер арқылы тазалатқаны қаншалықты заңға сай? Бұл сауалмен облыс әкімдігі Еңбек инспекциясы басқармасына жүгіндік. – Негізі, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы өңірлік филиалында жұмыс істейтін қызметкерлер өткен жылы да жанайқайын білдірген болатын. Төрт ауданда бас көтерген жұмысшыларға басу айту үшін Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан орталық кеңсесінен мамандар ша- қырғанбыз. Солар айлық жалақыны көтеруге уәде еткен. Алайда уәде толықтай орындалмады. Сондықтан біз қазір зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бұл мәселемен республикаға шықсақ деп отырмыз. Егер ашып айтсақ, еден жуушы сияқты жұмыскерлер адам денсаулығына зиянды түрлі химиялық заттармен жұмыс істейтіндіктен, оларға үстемеақы да төленуі керек. Бірақ бұл талапты көп мекеме орындамайды. Сондықтан егер жұмысшылар өздерінің құқықтары тапталып жатқанын басқармаға жазбаша түрде жолдаса, біз міндетті түрде шара қолданамыз, – дейді басқарма басшысы Ернар Есіркепов.

P.S. 

Жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғауға жауапты басқарма, осылайша бұл мәселеге өздері де алаңдап отырғанын аңғартты. Әрине, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы тендер арқылы кеңселерін тазартқаны теңге үнемдеу екені айтпаса да түсінікті. Арзанқол жұмысшыларды мердігер компанияға жалдатып, өздері «білмедім», «көрмедім» атты болып отыру. Алайда еліміздегі ең үлкен байланыс операторы саналатын «Қазақтелеком» мекемесі үшін бұл – абырой емес. Сол еден жуушыларды шырылдатпай, акционерлік қоғам қазынасынан айлық жалақысын төлесе, бұдан бюджеттері ортайып қалмасы анық. Сондықтан ұлттық байланыс операторы тендермен кеңсесін тазалатып күлкіге қалғанша, бұл түйткілдің түйінін тыныш тарқатқаны абзал-ау...

Жамбыл облысы