Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Берік Асылов Мәжілістің жалпы отырысында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының сауалына берген ауызша жауабында қаңтар оқиғасына қатысушылардың жалпы саны екі күнде 50 мыңнан асқанын айтты. – Митингілердің бастапқыда бейбіт болғаны өздеріңізге белгілі. Бірінші қаңтардан бастап, батыс өңірлердің тұрғындары газ бағасын төмендетуді талап етті. Яғни, ешқандай саясат болған жоқ, таза әлеуметтік-экономикалық талаптар қойылды. Өңірге жедел түрде жолданған Үкіметтік комиссия, газ бағасына қатысты талаптарды қанағаттандырды, – деді Берік Асылов. Бас прокурор осыған қарамастан, Алматы, Шымкент және басқа өңірлерде адамдар көшеге шыққанын жеткізді. Қатысушылардың жалпы саны екі күнде 50 мыңнан асты. – Ең көбі Алматыда. Басында жиындар, бейбіт сипатта болды. Алайда, жағдайдың – бақылаудан тыс шығу қатері сағат сайын арта бастады. Сондықтан, әкімдер мен депутаттар, халықпен сан рет кездесіп, қоғамдық тәртіпті бұзбауды сұрады. Прокурорлар жер-жерде наразылық акцияларының заңсыздығын және оларға қатысу үшін жауаптылықты түсіндірді, – деді Бас прокурор Берік Асылов.