Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Берік Асылов Мәжілістің жалпы отырысында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының сауалына жауап берді. Ол қаңтар оқиғасынан соң сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 істі жүргізгенін хабарлады. «Өздеріңізге мәлім Мемлекет басшысы құқық қорғау және арнаулы органдарға қаңтар оқиғасының себептерін егжей-тегжейлі тергеп-тексеруді тапсырды. Аталған фактілер бойынша, барлығы 3 770 қылмыстық іс қозғалды. Басым бөлігі Ішкі істер министрлігінің өндірісінде, олар – адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару ұрлау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 істі жүргізуде» – деп хабарлады ҚР Бас прокуроры Берік Асылов.