Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ерлан Қошанов сын сағаттарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шұғыл да жігерлі шешімдер қабылдап, елді ауыр соққыдан алып шыққанын айтты. – Жағдай қысқа мерзімде тұрақталды. Бүгінгі отырыста сөз сөйлеген азаматтардың барлығы да Президентіміздің табанды шешімдерінің арқасында мемлекеттігіміздің сақталып қалғанын атап өтті. Уақыт өте келе, бұл елдік пен тұтастықтықты сақтап қалу үшін жасалған бірден-бір дұрыс қадам екенін түсініп отырмыз. Заңдық тұрғыдан барлығы мінсіз болуы керек. Асығыстық танытуға болмайды. Себебі таразы басында адамдардың тағдыры тұр. Бұл жөнінде Президенттің – кінәсіз адам жазаға тартылмауы тиіс, ал қылмыскерлер қатаң жазасын алуы қажет деген тапсырмасы бар. Ол тапсырма мүлтіксіз орындалуы керек, – деді Мәжіліс төрағасы.