Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының кезектен тыс съезінде қоғамдық қабылдаулардың маңызды екеніне тоқталып, азаматтармен кездесудің тиімділігін арттыруды тапсырған еді. Аталған тапсырманы орындау мақсатында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істеудің жаңа тәсіліне көшті. Енді ел ішіне мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелері шығып тұрады. Кеше мұндай қабылдау бөлмелері екі облысқа аттанды. «Өтініш арқалап келген азаматтардың өзекті мәселесі оң шешімін таппаса, қоғаммен өзара тиімді қарым-қатынас орнату да мүмкін емес. Сол үшін партияның ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың мүдделерін ілгерілету – ең маңызды міндет». Биліктегі партияның кезектен тыс өткен жиынында Мемлекет басшысы осылай деді. Партия билік пен қоғам арасындағы нақты байланыстырушы буын болуы үшін өз сайлаушыларының мүддесін қорғауы керек. Біріншіден, сайлау кезеңінде айтылған уәделерді орындау. Бұл үшін қоғамдық қабылдаулардың барлық әлеуетін іске қосу керек. Яғни, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс. Сондықтан азаматтармен көшпелі қабылдауды жиі өткізіп, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесудің тиімділігін арттыру тапсырылды.
Алғашқы қабылдау Атбасарға аттанды
Президенттің пәрменінен соң партия қабылдау бөлімдерінің жұмысын қайта қарап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау мақсатында мобильді қабылдауды қолға алды. Кеше басталған көшпелі республикалық қоғамдық қабылдау Қарағанды мен Ақмола облыстарына ат басын тіреді. Оның ішінде аманаттықтар Ақмола облысына қарасты Новосельское, Чапаевское, Ақсай, Үлгі, Сабынды, ал Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Шешенқара, Дубовка, Бидайық, Орынбай ауылдарында болды. «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жетекшісі Әлия Садырбаеваның айтуынша, бірінші күні 100-ге жуық адам қабылданған. Алдағы үш айда мобильді қоғамдық қабылдаулар барлық өңірді аралап, шалғай ауылдарға да ат басын тірейді. Мобильді қабылдау бөлмелерінің жұмысына мәслихат депутаттары – партия фракциясының мүшелері, өңірлік филиалдардан бюро мен Саяси кеңес мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады. «Күні бүгін партия мүшелері Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындарымен кездесуге келді. «Ауыл тұрғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына әрдайым келе бермейді және оларға мәселені облыстық мәслихаттағы партия фракциясының депутаттарына жеткізу оңай емес. Біз тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күтіп отырмай, оларға өзіміз барамыз. Бұл бірреттік акция емес, енді тұрақты түрде болады. Бұл тіпті шалғай ауылдардың проблемаларын назарға алып, сол бойынша жүйелі шешімдер қабылдау үшін ақпаратты талдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Әлия Садырбаева.Шалғай аудандарда шешімін таппаған мәселе көп
«AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржановтың айтуынша, мобильді қоғамдық қабылдаудың тиімділігі – өтініш арқалағандарды орталыққа сабылтпау. Тұрғындардың талап-арызын тыңдауға енді қоғамдық қабылдаудың өкілдері өздері барады. «Бірінші күннің өзінде Қарағанды мен Ақмола облыстарындағы он ауылға бардық. Қоғамдық қабылдау аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарға да барады. Тұрғындардың өтініші мен шағымын орталыққа жеткізіп, шешімін табуды қолға алып жатырмыз», – деді Азамат Дулатұлы. Оның сөзінше, ауыл халқы үшін жер мәселесі әлі де өзекті. Соның ішінде жайылымды, шабынды жерлерге қатысты өтінішін жеткізгендер көп. Алайда тұрғындарды толғандырып отырған жер мәселесіне қатысты түйткілді шешу жергілікті органдардың қолында емес. Сол үшін халықтың талабы ескеріліп, партия өкілдері жер мәселесіне қатысты сауалдарды заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы шешуге атсалысатын болды. Шешенқара тұрғындары ұялы байланыс пен ауыл ішіндегі жолдардың сапасына қатысты мәселелерді көтерді. Дубовкада инженерлік желілерді жөндеу және газдандыру мәселесі өзекті екен. Ал Бидайық ауылында тұрғындар фельдшерлік-акушерлік пункт салуды және электр қуатының сапасын жақсарту үшін қосымша трансформатор орнатуды сұрап отыр. Орынбай ауылында арыз-шағымдардың басым бөлігі тозығы жеткен электр желілеріне қатысты болса, жергілікті шаруалар ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің несие қаражатына қолжетімділігін арттыру керек екенін алға тартыпты.Аманаттықтарға алғысын білдірді
Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов өңірлерге барған сайын қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштеріне құлақ түретінін айтады. Шымкент қаласындағы соңғы іссапарында депутат партияның қоғамдық қабылдауында 18 адамның арызын тыңдапты. «Кездесуде шұғыл шешілген мәселе көп болды. Мәселен, бір кісі денсаулығына байланысты көмек сұрап келді. Сол жерде қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ол кісіге жәрдем көрсетті. Әлеуметтік көмек туралы мәселесі бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мәселесі шешілді», – дейді депутат.