Солтүстіктегі көршіміз экспортқа тыйым салды, онысы әуелі ішкі нарығын қамтамасыз еткісі келгені. Ал біздегі импорт қоржынының 40 пайызы ресейлік екенін ескерсек, жыртығымызды қалай жамаймыз? Азық-түлік бағасы шарықтап, тапшылыққа тап болмаймыз ба? Екіншіден, біздің жүктердің 90 пайызы тағы да сол Ресей арқылы өтеді. Ал ресейлік ірі кеме компаниялары жүктерді қабылдаудан бас тартып отыр. Былтыр Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 24 млрд АҚШ долларын құрады. Оның 17 млрд-ы – импорт. Импорттық азық-түлік өнімдерінің негізгі жеткізушісі – Ресей. Ол жақтан шетелдік азық-түлік өнімдерінің жартысы импортталады. 2021 жылдың 9 айында негізгі импортталған азық-түлік өнімдері – сусындар (141 млн АҚШ доллары), ұннан жасалған кондитерлік өнімдер (134 млн АҚШ доллары), қант (119 млн доллар), шоколад (109 млн доллар), құс еті (104 млн АҚШ доллары) және шұжықтар болды. «Енді бұл өнімдер елге келмесе, жамауымызды қалай жамаймыз?» деген сұрақ туындайды. Сұраныс артады, сәйкесінше баға да өседі. Мәселен, Павлодар облысында ұн өндірумен айналысатын кәсіпорындар жақын күндері шикізатсыз қалуы әбден мүмкін. Диірмендердегі астықтың қазіргі қоры тек екі аптаға жетеді. Ал одан соң ұн шығару ісі тұралап, жұмыс орындарының қысқару қаупі бар. Жергілікті өңдеу орындары осындай қиындықпен бетпе-бет келіп, астықтан тапшылық көріп отырған тұста өңірімізде өсірілген бидайдың барлығы дерлік сыртқа экспортталуда. Сондықтан кәсіпкерлер астықты экспорттауға тыйым салуды сұрайды. «Үш жылдан бері Ресейден алып жатырмыз. Біздің бидай басқа елдің трейдерлерімен Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз еліне жіберіледі. Сондықтан бидайсыз отырмыз. Ешкімде бидай жоқ», – дейді кәсіпкер Жанар Серімова. Ал астық өсіретін диқандар кері пікірде. Павлодардағы ондаған диірмен иелері Ресейден арзан бидай сатып алып, тартылған ұнды экспортқа жібереді. Өздері егін салмайды. Дәл қазір шекаралас ел өнім бағасын қымбаттатқан. Ұн өндірушілердің байбалам салып жатқан себебі – сол. «Президенттің астық экспортын үш есеге ұлғайту керек деген тапсырмасы бар. Соны орындауымыз керек. Диірмен иелерінің талабы орынсыз. Павлодарда бидай бар. Тек олар бізге тиімді бағамен алғылары келмейді. Арзанға сұрайды. Ал бидайды шетелге шығаруға тосқауыл қою деген мүлдем қисынсыз. Бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін әлсіретіп жібереді», – деді диқан Ерлан Тоқтышақов. Сонымен, павлодарлық астық өсірушілер күзде жиналған өнімді қамбаға құюға емес, Өзбекстан, Ауғанстан секілді мемлекеттерге бірден сатуға құлықты. Салдарынан ішкі нарық шикізатсыз қалып отыр. Өңірдегі шаруалардан қайыр болмаған соң ұн өндірумен айналысатын кәсіпорындар астықты Ресейден сатып алып келген еді. Бірақ соңғы уақыттағы тұрақсыз жағдайға байланысты көршілес мемлекет бидай, майлы дақылдар мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін елден экспорттауға шектеу қойды. Оның салқыны павлодарлық өңдеушілерге тиді. Қазірдің өзінде 10 диірмен өз жұмысын тоқтатты. Сауда айналымына қатысты туындаған түйткілдің құс пен мал шаруашылығына да кері әсер тигізетін түрі бар. «Ұлан» фермерлік шаруашылығы тұтынушылар арасында «Снежинка» деген атаумен танымал ұнды сауда сөрелеріне жөнелтеді. Ал «Павлодар-Құс» жергілікті нарықты жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ жақын уақытта бұл екі өнімнің көлемі де күрт азаюы мүмкін. Себебі ұн жасайтын астық, тауықтарға беретін бидай жоқ. Соның салдарынан жұмыс орындары мен қуаттылықты да қысқартуға тура келеді. Алайда мұның екінші жағы да бар. Ресейдің бұл шектеуі Қазақстанға, керісінше тиімді болуы да мүмкін. Себебі Ресейден дәнді дақыл тасымалдай алмай қалған елдер енді бізге жүгініп, сұранысты арттырып жіберуі мүмкін. Ал астық өндіруде еліміздің экспорттық әлеуеті жоғары. Мәселен, былтыр 20 млн тоннадан астам бидай өндірілсе, соның тек 6-7 млн тоннасы шетелге сатылған. Қалғаны өз тұтынушыларымыздың сұранысын толық өтеп отыр. Бұл ойды белгілі экономист Атамұрат Шәменов те қуаттап отыр. «Тауар өндірушілер сыртқы сұраныстарға қызығып, бар тауарын сыртқа жіберіп, өзімізде тапшылық болып қалмас үшін Үкімет мемлекеттік реттеу механизмдері арқылы бидайдың әсіре экспортталып, өте қымбат бағада кетіп қалмауына мән беруі керек», – деді Атамұрат Шәменов. Қазақстанға бұл азық-түлік түрлерінің импортталу себебі – өндірістің жеткіліксіздігінде. Қант, шұжық, ірімшік, сүзбе, алма, магарин сияқты тауарлар отандық өндіріспен толық қамтылмай қалып отыр. Сонымен қатар импортты ынталандыратын басқа да факторлар бар. Бұлардың арасында шетелдегі неғұрлым қолайлы бағалар да, өнім түрлерінің алуан түрлілігі де, өнімнің жекелеген түрлерін өсіру мен өндірудің климаттық ерекшеліктері де кездеседі. Ал енді азық-түлікке жатпайтын тауарларды жеткізуге тоқталсақ, былтыр 9 айда 2020 жылмен салыстырғанда 25,9%-ға және дағдарысқа дейінгі 2019 жылға қарағанда 30,7%-ға өсіп, 6,3 млрд АҚШ долларын құрады. Ең көп өсімді Ресейден – автомобильдер (+501 млн АҚШ доллары, 1 млрд АҚШ долларына дейін), мониторлар мен проекторлар (+71 млн АҚШ доллары, 164 млн АҚШ долларына дейін) импорты көрсетті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар, әуелі Ресейден (30,1%), екінші Қытайдан (28,3%) импортталады. Барлық қажетті тауар мен қызмет көрсету түрлері бір ғана мемлекеттен табылуы екіталай ғой, сондықтан дүниежүзіндегі елдер өзінде жоқ затты өзгеден алуға мәжбүр. Қазақстан да импортқа тәуелді. Осылайша, өзімізде жоқ затты өзгеден алуға мәжбүрміз, ал енді өзге бермесе, жағдай ауыр деген сөз.
ТАУАРЫН ҚАЛАЙ ТАСИДЫ?
Осы тұста тағы бір мәселе шығады. Біз Ресейдің тауарынан бас тартсақ та, күніміз тағы Ресейге қарайды. Себебі елімізге тиесілі жүктердің 90 пайызы Ресей арқылы тасымалданады. Ал ірі кеме компаниялары Қазақстанның да жүктерін қабылдаудан бас тартып жатыр. Мұны Kusto Group компаниясының директоры Қанат Көпбаев та растап, Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан кәсіпкерлеріне де «кесірін» тигізіп жатқанын ашып айтты. «Мен 20 жыл бойы халықаралық бизнеспен айналысамын, бірақ өмірімде мұндайды көрген емеспін. Қырым жағдайында да, Сириядағы оқиғалар кезінде де біз мұның бәрінен аман қалдық. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Баршаңызға белгілі, біздің жүктердің 90 пайызы Ресей арқылы өтеді», – дейді ол. Көпбаевтың айтуынша, бір-екі сағаттың ішінде Антверпен, Гамбург, Пиреней, Роттердам, Мугга жүктерді қайта тиеу транзиттік порттары Ресей мен Қазақстаннан жүктерді қабылдаудан бас тартыпты. Бірде-бір кеме портқа кірмейді және жүкті қабылдамайды. Екіншіден, төлем жүйесіне де түгелдей шектеу қойылған. «Біздің еуропалық әріптестеріміз еуропалық банктер Ресей мен Қазақстандағы барлық төлемдерге тосқауыл қойып жатқанын мәлімдеді. Сорақысы, үнділік компаниялар АҚШ-тағы корреспонденттік шоттары арқылы Қазақстан мен Ресей Федерациясына төлем жасауға рұқсат етілмейтінін айтты. Қазір бүкіл әлем Ресейге қарсы, біз де бір қайықтамыз» деп жазды ол. Иә, Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс Қазақстанның экономикалық ахуалына салқынын тигізіп, күн тәртібіне күрделі мәселелерді қойып отыр. Логистиканың бұзылуына байланысты Еуропадан елімізге келетін тұқым мен тыңайтқышты және өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізу қиындап кеткен. Аталған тауарлардың көктемгі егістік жұмыстарына керекті 50 пайызы ғана жеткізілуі мүмкін. Ал импорттан келетін өсімдікті қорғау құралдары егістікке қажетті құралдардың 90 пайызын құрайды. Бүгінде көлік және логистика саласында туындаған мәселелер бойынша жедел штаб құрылған. Kametex ЖШС директоры Руслан Хасенов канадалық және америкалық ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектерді елге жеткізумен айналысады. Негізгі қоймасы Клайпедада (Литва) орналасқан. Қосалқы бөлшектерді жеткізу жағында қиындықтар туындауы мүмкін екенін айтып отыр. «Жүк тиелген көліктер келіп жатыр, яғни транзит әзірге ашық. Ауылшаруашылық техникасын жеткізу бойынша үлгеріп жатырмыз. Өйткені қосалқы бөлшектер бөлек келеді, бізде Канададан әлі жөнелтілмеген контейнерлеріміз бар. Біз көктемгі дала жұмыстарына дейін қосалқы бөлшектерді уақытында жеткіземіз деп үміттенеміз. Алайда жүкті Еуропадан Ақтау порты арқылы тасымалдаудың балама жолын тауып, транзитті Түркия, Грузия, Әзербайжан арқылы және қабылдау мен жөнелту бойынша қуаты үлкен Ақтау портын қолдану қажет деп санаймыз», – дейді KametexЖШС директоры Руслан Хасенов. Бұған дейін техникаға қосалқы бөлшектер Санкт-Петербург арқылы тасымалданып келген. Қазір бұл бағыттағы транзит жабық. Сондықтан жүк Беларусь арқылы келеді. Онда ЕАЭО кеден аумағы шеңберінде кедендік рәсімдеудің ұзақ процедуралары салдарынан жүкті жеткізу созылып кетуі мүмкін. Ал шектеулер Беларусьқа да салынатын болса, онда еуропалық техниканы жеткізудің жалғыз жолы Түркия ғана болады. Ал Петропавл электр техникалық зауытының трансформаторлық жабдықтары бар соңғы жүк Италияда қалып қойған. Литва өз аумағынан Ресей Федерациясына тауар тиеуден бас тартыпты. Демек, Қазақстанға жабдық әкелудің жалғыз жолы – Каспий теңізі, яғни Түркия арқылы ғана. Өйткені Беларусь шекарасында ұзын-сонар кезек. Бірақ тауарды Түркия арқылы жеткізу үшін логистикалық компанияға осы елдер арқылы тасымалдауға рұқсат алу қажет. Оған өтінімді қарау мерзімі 2 айдан 3 айға дейін созылады. «Процедураны тездету үшін Түркия, Армения, Грузия және Қазақстанның көлік министрліктері тиісті келісім жасауы тиіс. Логистикалық компаниялар үшін қысқа мерзімде рұқсат алу мәселесін республикалық деңгейде шешуді сұраймыз», – дейді зауыт директоры Мақсат Үсенбаев. Қорыта келгенде, Ресейдің қабылдаған шешімі біздегі бизнестің тұралауына себепші болып отыр. Өнім құнының өсуіне, шикізат, қосалқы бөлшектерді жеткізу көлемінің қысқаруына, қызметтер құнының артуына және отандық кәсіпкерлердің шетелдік контрагенттер алдындағы шарттар бойынша міндеттемелерді орындамаудың жоғары қатеріне алып келеді. Қолдауды қажет ететін отандық өндіріске көңіл бөлетін кез жеткен сияқты.