ҚазТАГ агенттігі белгілі кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының ұсталу сәтіндегі фотоны зерттей келе, ұстау операциясын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі жүргізбеген деген қорытындыға келді. Бірқатар сарапшының айтуынша, фотода кәсіпкерді ұстаған адамдар ҰҚК "Арыстан" арнайы құрылымдық бөлімінің қызметкерлері. Агенттіктің мәліметінше, ұстау операциясына баратын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері қара түсті форма киеді және қолдарында Макаров тапаншасы болады. Сатыбалдыны ұстаған сарбаздар батыс өндірісінің нысанды киімін киген, қолдарында Glock жүйесінің тапаншасы болған. Бұдан басқа «Арыстан» сарбаздары ғана белінде қосымша тапанша алып жүретіні белгілі. Қайрат Сатыбалды отырған көліктің алдында тұрған сарбаздың белінде осындай тапанша көрініп тұр. Мамандар сарбаздардың қолында автомат жоғын байқаған, ендеше сарбаздар ұстау сәтінде Сатыбалды мен оның күзеті қарсылық көрсетпейді деп ойлаған. Бұған дейін Қайрат Сатыбалды қайда ұсталғаны туралы жазған болатынбыз.