Алматыда такси жүргізушісін пышақтап, көлігін ұрлап кеткен
Алматыда такси жүргізушісін пышақтап, көлігін ұрлап кеткен
Toyota Camry көлігімен такси қызметін ұсынған алматылыққа клиент шабуыл жасап, пышақтап кеткен. Оқиға биыл 12 наурызға қараған түні Түрксіб ауданында болған. Жүргізушінің таныстары әлеуметтік желілерде осы оқиға туралы айтып берген.
 «Тапсырыс түскен. Клиенттерді әуежайға апару керек болған. Жүргізуші шақырған орынға келген, шабадандар мен сөмкелері бар адамдарды көлікке отырғызған. Бәрі тыныш отырған, көлік Шығыс айналма жолымен жүрген. Содан кейін жүргізуші Бұқтырма көшесіне бұрылған. Экобекет маңында клиенттер «Нұршашқан» шағынауданы арқылы жүруін сұраған. Олар жолда көлікті тоқтатуын өтініп, сол кезде клиенттердің бірі жүргізушіге 6-7 рет пышақ сұғып алған. Ары қарай жоспар бойынша жүргізушіні сол жерде қалдырып, көлікті айдап әкеткен», - деп жазды автор.
Жүргізуші ауруханада жатыр, оның жағдайы бірқалыпты. Көлік пен қылмыскерлер әлі табылмаған. Бұл бірінші жағдай болмауы мүмкін деген болжам бар. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек Қылмыстық кодекстің 192-бабы 4-бөлігі бойынша тіркелді.
«Түрксіб аудандық полиция бөлімі осы қылмыстық істі тергеп жатыр. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, оның құрамына қаланың криминалдық полиция қызметкерлері кірді. Олар күдіктілерді ұстап, қылмыстық жауапкершілікке тартуға байланысты тексеріс жүргізеді. Алматы ПД басшылығы тергеу барысын бақылауға алды», - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілі.