Мемлекет басшысы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 наурызда өткен партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде маңызды бірқатар міндетті жүктеді. Осыған орай Ақтөбе қаласының әкімі, қалалық партия филиалының төрағасы Асхат Шахаровтың төрағалығымен партия активінің отырысы өтті. Оған «AMANAT» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы төрағасы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Байқоңыр Ержанов, депутаттық фракция жетекшісі Абай Сақтағанов, қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанова, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, Саяси кеңес және фракция мүшелері қатысты. Күн тәртібінде «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінің шешімдерін орындаудағы Ақтөбе қалалық филиалының міндеттері туралы» мәселе қаралды. Жиын барысында филиал төрағасы А.Шахаров: «Төрағаның партияны модернизациялау бойынша берген тапсырмасы аясында саяси ұйымның жұмысына кешенді талдау жүргізілді. Республика бойынша ұсыныстар жиналды. Нәтижесінде, маңызды ұсыныстар топтастырылып, 7 бағыттан тұратын жаңғырудың бағдарламасы қабылданды. Партияның өзгеріске ұмтылуы қоғамның негізгі сұраныстарына – адалдық пен әділдікке, тиімділік пен жауапкершілікке, жеделдік пен ашықтыққа негізделген» деп партияластарды ұсынылған бағдарламаны қолдауға және бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Төрағаның айтуынша, халықты толғандыратын ең маңызды және өзекті мәселелер бойынша Talqylau пікірталас алаңы құрылады. Осы арқылы «Ашық партия» тұжырымдамасы жүзеге асырылады. А.Шахаров съезде аталған тапсырмалар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп, мемлекетті дамытуға, халық тұрмысын жақсартуға күш салу керегін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ аталған міндеттер өз бақылауында екенін ескертіп, тұрғындармен жиі кездесіп, ашық саясат жүргізіп, елдің өтініштері мен ұсыныстары бойынша жедел әрі нақты әрекет етуді тапсырды. Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Мира Балтымова жиында партияның жұмысында ашықтықты арттыру және халықтың әртүрлі тобымен жұмыс істеуге арналған бағыттар туралы өз пікірін білдірді. Осы уақытқа дейін «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра», «Жастар – Отанға», «Халыққа көмек» сияқты 6 партиялық жоба жүзеге асырылып келсе, алдағы уақытта ТАЗАLIKE, «Әлеумет», «Жаңа Қазақстанға арналған 30 инновациялық идея» атты жаңа жобалар іске қосылатын болады. Аталмыш жобалар қоғамдық көңіл күйді саралау мен әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтауға, сарапшылар мен белсенді азаматтардың ұсыныстарын жинақтауға бағытталады.