Елімізде 29 млн гектар жайылым жетіспейді
Елімізде 29 млн гектар жайылым жетіспейді
241
оқылды
Сенатта жайылым жерлердің тапшылығына байланысты туындаған мәселелерді шешуге арналған заң жобалары көпшілікке таныстырылды. Бұл заң жобаларына Сенат депутаттары бас­тамашы болды. Жайылымдарды басқару тәсілдері мен пайдалану тетіктерін одан әрі жетілдіруді көздейтін нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайы­лымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобаларында жазылған. Қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізу мәселесін шаруалардың өздері көтерді. Олар депутаттардың халықпен кездесулерінде осы түйткілге назар аударып, өз пікірлерін білдірді. Сондықтан сенаторлардың бұл бастамасы жайы­лым жерлердің жетіспеушілігінен зардап шегіп отырған ауыл тұрғындарының талап-тілектерін тікелей орындау екені сөзсіз. «Соңғы жылдарда жайылым жерлердің тапшылығы ауыл тұрғындары үшін үлкен проблемаға айналып отыр. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында осы мәселеге арнайы тоқталғаны белгілі. Ауылдық жерлерді дамыту – біздің палата жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан сенаторлар халықпен кездесулердің нәтижесінде жайылым жерлерге қатысты мәселені тиімді шешуге арналған заң жобаларын әзірлеуге бастамашы болды»,– деді отырысты ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев. Депутаттардың айтуынша, қазір барлық облыс бойынша ауылдық жерлерде жайылым жетіспейді. Малдың 80 пайызы ауылдардың маңындағы әбден тозған, құнарынан айырылған жайылымдарда жайылады. Мұндай жердің көлемі шамамен 21 млн гектарды құрайды. Бүгінде азаматтардың қолындағы жеке малдарды жаю үшін 50 млн гектар жайылым қажет. Бұл қазір 29 млн гектар жайылым жетіспейді деген сөз. Сенат депутаттарының пайымдауынша, қолданыстағы заңнамалар осындай жағдайларды ескере отырып, жетілдіруді қажет етеді. Осыған орай сенатор Сұлтан Дүйсембинов палата депутаттары ұсынып отырған бірқатар нормаға тоқталып өтті. Нақты айтқанда, жайылымдарды пайдаланбау критерийлерін қайта қарау ұсынылды. Яғни, егер ауыл шаруа­шылығы жануарларын жайылымдармен нормативтік қамтамасыз ету 2 еселенген көрсеткіштен асатын болса, артылған аумақты заңмен қайтарып алуға мүмкіндік болады. Ал қазір қолданыстағы норма 5 еселік көрсеткіш екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар жайылымдарға мал жаймай, оны тек шөп шабу үшін ұстау мақсатсыз пайдалану ретінде бағаланады. Жеке ауладағы малды жаюға арналған жайылым жерлер мен басқа ауыл шаруашылығы алқаптарының шекараларын айқындау және оларды аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерінің қарамағына беру мәселесі де қарастырылды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске де өзгертулер енгізу ұсынылды. Яғни, ауыл шаруашылығы жануар­ларын жаю, оларды ұстау ережелерін бұзғаны, ауыл шаруа­шылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру тәртібін сақтамағаны және тағы басқа бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту мәселесі сөз болды. Жалпы, заң жобалары мен қолданыстағы заңнамалық актілерге 25 түзету мен толықтыру енгізу көзделген. Көпшілікке таныстырылған құжаттар алдағы уақытта қорытынды алу және жұмыс үшін Үкіметке жолданады.