Мәжілістің жалпы отырысында депутаттарды, халық пен қоғамды толғандырған аса маңызды проблема – қайғылы қаңтар оқиғасының салдары мен тергеу процесіндегі істердің қарастырылуы, зардап шеккен азаматтар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету бойынша тыңдау өткені мәлім. Жиын қаңтардағы қасіретті оқиғалардың астарына үңілуге мүмкіндік берді деген ойдамыз. Депутаттар алдында есеп берген Бас прокурор, Ішкі істер министрі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы, бірінші вице премьер-министр, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, белгілі құқық қорғаушылар мен адвокаттар қаңтардағы оқиғалардың астарына үңіліп, бұқара білмейтін бірқатар деректі, тергеу барысында белгілі болған мәліметтерді айтты. Қаңтар басындағы ауқымды террористік актілер еліміздің конституциялық құрылымын бұзып, мемлекетті басып алуға бағытталған болатын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл шешімдері мен батыл қадамдарының арқасында ауқымды шабуылға тойтарыс беріліп, мемлекетіміздің тұтастығы мен халқымыздың бейбіт өмірі сақталып қалды. Құқық қорғау органдары жариялауға болатын ақпаратты жан-жақты айтып өтті. Әрине, тергеу амалдарының ерекшеліктеріне байланысты кейбір мәліметтер тергеу толық аяқталғанда жарияланатынын білеміз. Бізге белгілі болғаны, дүрбелең кезінде 3,5 мыңнан астам құқық қорғау қызметкері мен әскерилер зардап шеккен, бұл жалпы жарақаттанған адамдардың 80 пайызын құрапты. 1,7 мың нысан мен шағын және орта бизнес субъектілеріне нұқсан келтіріліп, 765 автокөлік өртенген. Келтірілген залал көлемі 100 млрд теңгеден асқан. Президент тергеудің барынша әділ және тиянақты жүргізілуін, жеңіл құқықбұзушылық жасаған азаматтарды босатуды тапсырған болатын. Қазір 3 770 қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Абақтыда азаматтарды азаптау бойынша 301 арыз түсті, олар бойынша 234 қылмыстық іс қозғалды. Бұл істер бойынша арнайы прокурорлар тексеріс жүргізіп жатыр. Жеңіл құқықбұзушылық жасаған азаматтар босатылды. Кәмелет жасына толмаған жастар түрмеге жабылмай, тергеу өзге тәсілмен өтіп жатыр. Бүгінде қалған қылмыскерлерді анықтау бойынша, қолда кеткен 1 215 қару мен 22 мың оқ-дәріні қайтару бойынша кешенді шаралар жалғасуда. Ішкі істер министрі қаруды өз еркімен тапсырған азаматтарға қатысты қылмыстық және әкімшілік шара қолданбайтынын айтып, халыққа үндеу жасады. Тергеудің әділетті жүргізілуін Президент тапсырмасы аясында құрылған ведомствоаралық шұғыл топ қамтамасыз етеді. Мәжіліс депутаттары өткір және маңызды сұрақтарды көтерді. Олардың қатарында қайтыс болған азаматтардың тізімін ресми жариялау, заңсыз азаптауға жол бермеу үшін нақты шаралар қолдану, кәмелетке толмағандарға қатысты тергеуді орынды жүргізу, шетел азаматтарының терроризм мен тәртіпсіздікке қатысуы бойынша тергеу істерінің барысы, заңсыз қолда кеткен қаруды тәркілеудің тиімділігін арттыру, қаза тапқан құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлердің отбасыларына жан-жақты көмек көрсету, алдағы уақытта осындай қайғылы оқиғаларды болдырмау бойынша кешенді шешімдер қабылдау айтылды. Сонымен бірге құқық қорғау органдарын кешенді және шұғыл реформалау, халықпен тығызырақ жұмыс істеуді күшейту, ақпараттық вакуумге орын бермеу, қазақтілді әлеуметтік желілердегі мониторингті кеңейту, құқық қорғау органдарының өзара теңдігі мен бірін-бірі теңгеру бойынша принципті күшейту жөнінде орынды пікірлер ортаға тасталды. Алдағы уақытта құқық қорғау органдары қылмыстық істерді тергеу барысы, бостандықтағы қылмыскерлерді ұстау, қабылданып жатқан шаралар бойынша тағы да келіп есеп беретін болады. Ел қауіпсіздігі, мемлекет ішіндегі тұрақтылық, құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері үшін аса маңызды.
Бекқали ТОРҒАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты