Агросектор сақтандырудан неге алшақ?
Агросектор сақтандырудан неге алшақ?
© коллаж: Елдар Қаба
Қазақстанда агросақтандыру қызметін пайдаланатын ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің саны 1 пайызға да жетпейді. Неге? Шаруа адамына сақтандыру қызметі тиімсіз болғаны ма, әлде оның басқа себептері бар ма? Сақтандырудың тартымдылығын арттыру үшін қандай шаралар керек? Бұл мәселе басқа елдерде қалай шешілген? Қазақстан – агроиндустриалды мем­лекет. Нақ сол себепті аграрлық сектордың даму деңгейі елдің экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығының ма­ңыз­ды тетігі болып саналады. Ауыл шаруа­шы­лығының табиғи-климаттық және басқа да сыртқы факторларға тәуелділігіне бай­ланысты Үкімет бұл салаға жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. Мұндай қол­даулар әлем елдерінің көпшілігінде бар. Соның ішінде сақтандырудың алар орны ерекше. Еуроодақ мемлекеттерінің мыса­лына қа­расақ, Кипрда компания­лар­дың барлығы 100 пайыз сақтандырумен қам­тыл­са, бұл көрсеткіш Аустрияда – 78 па­йыз, Испа­нияда – 53 пайыз, Германияда – 43 пайыз.

Тоқырау жылдарындағы сақтандыру

Республикада 90-жылдарға дейін мем­ле­кеттік сақтандыру жүрді. Нарыққа көш­кен кезеңнен бастап оның орнын коммер­ция­лық құрылымдар басты. Бұл ұйымдар көп жағдайда қызмет көрсетумен ғана шек­телді және тек төлем төлеуге қабілетті ірі компаниялардың ғана мүліктік шығын­дарын өтейтін. Сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының жарнасы да тым жоғары еді (өндіріс құнының 2-8 пайызы көлемінде), мұндай соманы екінің бірі көтере алмай­тын. Ауылшаруашылық өнімдерін сақтау­да төтесінен төнетін қауіптің орасандығын ескере отырып, сақтандыру ұйымдары оның шығындарын жабуға құлшынбады. Мұның бәрі агросақтандырудың барлық түрлерін күрт құлдыратып жіберді. Әйтсе де, халықты қажетті азық-түлік­пен қамтамасыз етудің кепілі ретінде агро­сақтандыруға ең бірінші мемлекеттің өзі мүдделі. Осы мақсатта «Қазагрополис» сақтандыру кәсіпорны құрылып (1996 жыл), әр жылдары Ауыл шаруашылығы өн­дірісін міндетті сақтандыру бағдар­ла­масы (1997 жыл), «Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңы (2004 жыл), «Өзара сақтандыру туралы» ҚР Заңы (2006 жыл) қабылданды. Бірақ мұның бәрі шаруашылық субъектілерінің жаппай қызығушылығын тудыра алған жоқ. Статистика агенттігінің дерегіне сү­йенсек, егер 2009 жылы 30 мың сақтандыру бекітілсе, 2010 жылы ол екі есеге құлды­раған (17 389), ал 2014 жылы сақтанды­рыл­ған құрылымдардың саны одан сайын төмендеген (14 525). Ал ауыл шаруашылығы өндірісін сақтандыруға лицензиясы бар ұйымдардың саны 1998 жылғы 13-тен 2022 жылы 3-ке дейін азайып кеткен. Бүгінде агросақтандыру жүйесінде «Жусан» ЖШС, «Аманат» ЖШС және «Лондон-Алматы» ЖШС жұмыс істейді. Мұндай жағдайда қан­дай бәсекелестік, қандай сапа болуы мүмкін?!

Ескі жүйенің кемшілігі көп

Біздің фермерлер кейінгі 15 жыл бойы (2004-2019 жылдары) ескі сақтандыру жү­йе­сімен жұмыс істеп келді. Ал оның кем­шілік-кетігі көп. Ең бастысы – қағазбас­тылық. Малы өлім-жітімге ұшырап, еккен егіні шықпай, шақшадай басы шарадай бо­лып күйзеліске түскен еңбек адамы енді табиғи фактордан келген шығынның өтемін алу үшін құшақ-құшақ құжат жи­науға мәжбүр болады. «Көктемнің бір күні жылды асырайтынын» ескерсек, шаруа үшін әр күн қымбат, алайда осы асыл уақытын ол құжат жинап, шенеуніктердің есігін сағалаумен сарп етеді. Сөйте тұра, сергелдеңге салған осы жүрістен нәтиже шықса жақсы. Барлық құжаттарын жинап, тапсырып, тиісінше рәсімдеткеннен кейін фермердің алдынан екінші кезекті кедергі күтіп тұ­рады. Енді билік өкілдерінен, сала маман­дарынан және басқа да құзырлы органдар­дан құралған комиссия жапа шеккен адам­ның өтемақы алуға қаншалықты құ­қылы екенін тексеру үшін ырғалып-жыр­ғалып тағы жүріп алады. Күні комиссияға қарап қалған фермер тексеруге келгендерді қол қусырып күтіп алып, шығарып салады. «Мәртебелі меймандар» келген соң, оларға қой соя ма, тай соя ма, жоқ қалтасына бір­деңе салып бере ме, мұны енді өзі бі­леді. Комиссиямен сөзі келіспесе, өтема­қы­дан қағылуы әбден ықтимал. Тіпті, комис­сия шаруаның шығынға батқанын растағанның өзінде, оның қолына сақтан­дыру ақшасы оңайшылықпен тие қоймай­ды. Төлемі ұзаққа созылып кетуі мүмкін.

Ойын ережесі өзгерді

«АгроИншуранс» ЖШС директоры Машур Зарлықтың айтуынша, 2020 жылы агросақтандыруға қатысты заңнамаға өзгертулер енгізілді. Енді диқандар ешқай­да сабылып әуреленбейді, ешқандай ко­миссия құрылмайды, құжаттар онлайн режимде рәсімделеді. Яғни, жемқорлық әрекетін тудырушы фактор жоқ. – Біз күн сайын жерсерік арқылы тү­сірілім жасап, далалық алқаптары мен бау-бақшалық егістіктердің ылғалдығы мен құнарын тексеріп отырамыз. Құрғақ­шылық, басқадай жайсыздықтар болып жатса, диқандарға бірінші болып өзіміз ескертеміз, хабарлама жібереміз. Табиғи-климаттық жағдайдан болған шығындар­дың өтемін диқан 20 күн ішінде толықтай алады,– деді Машур Арсенұлы. Сақтандырудың жаңа механизмі бо­йынша топырақтағы ылғалдың индексі тексеріледі. Мұнда өнімнің шығымдылығы есепке алынбайды. Өйткені өнімділік тек ауа райына ғана емес, фермердің агротех­нологияны қаншалықты сақтаған-сақта­мағандығына байланысты. Сондықтан егер топырақта ылғал жетіспесе, аграрға өн­ім­нің шығымдылығы қалай болғанына қарамастан төлем төленеді. Топырақ ылға­лы туралы ақпарат америкалық және еуро­палық жерсеріктерде орнатылған радар­лар­д­ың қысқа толқындары арқылы жи­нақ­талады. Деректерді «ВардерСат» гол­лан­диялық компаниясы өңдейді. Бүкіл Еуро­паның диқандары осы компанияның қызметін пайдаланады. Бұл деректерді ешбір шенеунік өзгерте алмайды. Яғни, оның мәліметіне сенбеуге еш негіз жоқ. Машур Зарлықтың айтуынша, агро­сақ­тандыруға жұрт ықыласының жаппай аумай тұруының екі себебі болса керек: шалғайдағы фермерлерге ақпараттың толық жетпеуі және азаматтардың әлі де болса онлайн рәсімдеуге үрке қарап, қағаз құжаттардан арыла алмай отырғаны. – Біз Ауыл шаруашылығы министр­лігіне агросақтандыруды 3-5 жыл мерзім­мен 80 пайызға дейін субсидиялау туралы ұсыныспен шыққанбыз, министрлік ұсы­нысымызды қолдап, бірден қызығушылық білдірді. Енді осы құжатты басқа мемле­кеттік органдармен келісу жүріп жатыр. Бұл агросақтандырудың тартымдылығын күрт өсіретіні айқын. Өйткені әлемдегі үздіктер рейтингісінің басында мемлекет сақтандыруды 65-90 пайыз субсидия­лайтын елдер тұр,– дейді М. Зарлық. Былтырдан бастап ірі қараны, жыл­қыны, қой-ешкі мен құсты да сақтандыру қызметі енгізілді. Ал биыл бақшалық өнімдерді сақтандыру басталды. 2020 жылы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер 198 млн теңгенің сақтандыру жарнасын төлеген, оның 50 пайызын Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялады. Сақтандыру ұйымдары өз кезегінде құр­ғақшылықтан жапа шеккен шаруашы­лықтарға 545 млн теңгенің өтемақысын қай­тарды. 2021 жылы агросақ­тандыру­шы­лар төлеген жарна екі есе көбейіп, 370 млн теңгеге жетті. Ал сақтандырушылар ди­қан­дардың 824 млн теңге шығынын жап­қан. Әлбетте, мұндай қаржыны төлеу сақ­тандыру компаниялары үшін ауыр түсетіні түсінікті, сондықтан олар өз кезе­гінде швейцариялық Swiss Re қайта сақ­тандыру компаниясының көмегіне жүгін­ген. Міне, жоғарыдағы соманың жартысын осы алпауыт өтеді. Бұл –халықаралық сақ­тандыру нарығындағы ең беделді ком­паниялардың бірі.

Әлем елдерінің мысалына үңілсек

Әлемде аграрлық секторды сақтанды­рудың тәсілдері көп. Мәселен, АҚШ-та агро­сақтандыру Федералдық ауыл шаруа­шылығы дақылдарын сақтандыру корпо­рациясы арқылы жүзеге асырылады. Оның қызметін Ауыл шаруашылығы министр­лігінің жанынан құрылған Тәуекелдерді бас­қару агенттігі бақылайды. Сақтанды­ру­дың барлық міндеттемелері мен төлем­дерін жеке ұйымдар көтереді, ал қызмет тарифін агенттік белгілейді. Өнімнің ерекшелігіне байланысты сақтандырудың 60-30 пайызы субсидияланады. Канадада аграрлық саланы сақтандыру жүйесі мемлекеттің еншісіне берілген және ол ауыл шаруашылығы тауарын өнді­рушілерге көрсетілетін қолдаудың бір түрі болып есептеледі. Үкімет сол арқылы аг­рар­лық сектордың тұрақты дамуын қамта­ма­сыз етіп отыр. Канадада аграрлық сақ­тан­дыруды субсидиялайтын компания­ларының қызметіне екі деңгейлік бақылау орнатылған. Мемлекет агросақтандырудың 60 пайызын субсидиялайды. Германияда аграрлық сақтандыруды субсидиялаудың белгілі бір бағдарлама­сы жоқ, тек оны реттеудің үш құралы бар, олар – ауа райының қолайсыздығына бай­ланысты мемлекеттік төлем төлеу, мал ба­сының ауруына байланысты тө­ленетін тө­лем (оны ішінара мемлекет тө­лейді), же­ке ұйымдардың бұршақтан са­қтандыруы. Испанияда өнімді сақтандыру ұлттық ауыл шаруашылығы саясатының бір бөл­шегі саналады. Үкімет тек ауылшаруа­шы­лық өнімдерін ғана емес, мал басын да сақ­тандырады. Онда орташа алғанда сақ­тандыру сыйақыларының 53 пайызы суб­сидияланады. Мұның 40-45 пайызын – мемлекет, 10-15 пайызын өңірлік өкіметтер өтейді, қалғаны – жекеменшік ұйымдар­дың еншісінде. Көптеген елде ауылшаруашылық өнім­дерін сақтандыру саласындағы саясатты мемлекеттің өзі жүргізіп, өзі қадағалайды. Бұл тәсіл біздің ел үшін де қолайлы. Өкі­н­ішке қарай, бұл – дамымай отырған сала. Әйтпесе, халықаралық сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның агросақтандыру нарығының әлеуеті орасан зор, шамамен 90 млн еуродан асады. Ал ол көрсеткішке қол жеткізу үшін агросақтандыру жүйесін басқаруды мемлекеттің құзырына то­лықтай көшіріп, оны ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі экономикалық тетігіне айналдырған абзал.